Тарих • 10 Қараша, 2017

Жезқазғанда Кетбұқа абызға ескерткіш орнатылды

1641 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы алға қойған Рухани жаңғыру аясында тарихи тұлғаларымызды танып-біліп, есімдерін жаңғыртудың маңызы айрықша екені белгілі. 

Жезқазғанда Кетбұқа абызға ескерткіш орнатылды

Осы орайда, Шыңғыс хан заманының ықпалды тұлғасы, атақты жырау, кемеңгер би, ержүрек қолбасшы Кетбұқа абыздың ел тарихында алар орны ерекше. Жезқазған жұртшылығы батыр бабаға ескерткіш орнатуды көптен қаузап жүрген болатын. Осы бастама сәтімен жүзеге асып, сәр­сенбінің сәтінде Кетбұқа абызға арналып орна­тылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. 

Жезқазғанда 2014 жылы құрылған «Қазақтың Кет­бұқасы» қоғамдық бірлестігі Кетбұқатану және оны насихаттау жолында аса зор жұмыстар атқарғанын атап айтуға болады. Жалпы түркі заманына ортақ ірі тұлға Кетбұқа туралы тарихи зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрын Жошы қазасының хабарын Шыңғыс ханға «Ақсақ құлан» күйімен жеткізуші күйші, жыршы, одан қалды Кетбұқадан бірнеше жүз жыл кейін өмір сүрген Доспамбет жыраудың: «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!», деп жырлайтын толғауы тұрғысында ғана білетін жырауды тану аясы мүлдем кеңейді. Кетбұқаның күйшілік, жыраулық бейнесі бұрын Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны», Ақселеу Сейдімбектің «Күй-шежіре» кітаптарын­да терең талданған болатын. Біз­дің өңірімізде кемеңгер баба туралы зерттеу еңбекті ең ал­ғаш марқұм Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабында жазып бастаған еді. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғам­дық бірлестігінің және оның жетекшісі техника ғылым­дарының кандидаты, ұлт мүд­десінің жанашыры Төлеген Бүкіровтің тікелей қолға алып, ұйымдастыруымен тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың, жазушы Тұрсын Жұртбайдың, әдебиетші ғалым Кенжебай Ахметовтің және басқа да көптеген қаламгерлердің зерттеу еңбектері жарық көрді. Үш жылдың ішінде Кетбұқа жайлы 4 кітап шығарылды. Астанада, Түрікстанда, Қызылордада кең көлемді ғылыми конференция­лар өткізілді. Онда ғалымдар мен тарихшылар, қаламгер журналистер, өнертанушылар Кетбұқаның қолбасшылық, аталық, жыраулық, күйші­лік қасиеттерін жан-жақты қам­тып зерделеді. Аңыздағы жырау бейнесін халық батыры, данагөйі ретінде танытты. Әлем­­дік деңгейде Кетбұқа бүкіл Иран мен Кіші Азияға үстемдік жүргізген, Иерусалимге жорық­қа аттан­ған Хулағу ханзаданың саяси кеңесшісі және әскербасы бол­ған. Араб тарихшыларының ең­бек­терінен Кетбұқа ноянның ер­ліктері туралы біршама тың деректер табылыпты.

Енді міне, ел болып ат­қар­ған елеулі істің арқасында қала­ның көрікті бақжолының бас жағынан тарихи тұлға­ның ат үстіндегі қоладан құ­йыл­ған еңселі ескерткіші бой түзеді. Гранитпен қапталған тұғырымен қоса есептеген­де ескерткіштің биіктігі – 10,5 метр. Ат үстіндегі жырау­дың ескерткіші Октябрь Секе­мановтың жетекшілігі­мен Астанада жасалды. Мүсін­ші ма­мандар – Асқар Нартов пен Серік Рүстембеков. Ескерт­кіші, тұғыры және барлық жұмыстары 81 млн теңгеге жа­сал­ған бұл игі істің қаржылай салмағын «Қазақмыс» корпорациясы мен ондағы ұлт мүддесіне жанашыр азаматтардың көтеріп отырғанын ризашылықпен айтуға болады. Қала әкім­дігі­нің қолдау танытуымен өткен ескерткіштің ашылу сал­танатына Астанадан, Алматы­дан ғалымдар, тарихшылар, белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері келіп қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөй­леген Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қошанов, Халық қаhарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Алтынбаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқару кеңе­сінің бас директоры Бах­тияр Қырықпышев сегіз ғасыр бойы дұрыс бағасын ала ал­май, елеусіз қалып келе жатқан ұлы тұлғаны дәріптей білген жез­қазғандықтардың ізгі қада­мына сүйсініс білдірді. Сөйтіп, Кетбұқа абыз атқа қонып, қола­дан құйылған еңселі ескерт­кішке айналып мысты шаhар төрінен орын алды.

Амандық РАХҰЛЫ,
журналист

Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы