Қазақстан • 13 Қараша, 2017

ЭКСПО есігін қайта ашты

542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесінің екінші тынысы ашылды. Үш ай жазда инновациялық техника мен жаңалықтың алаңына айналған халықаралық мамандандырылған шара енді туристік аумаққа айналады.  

 

ЭКСПО есігін қайта ашты

Осы оқиғаға орай өткен салтанатты рәсімде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, алдағы уақытта қолға алынатын шаруалардың мән-жайын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта көрмеге қатысқан шет мемлекеттер өз экспозицияларында демонтаждау жұмыстарын аяқтау үстінде.
«Көптеген көрмелердің нысандары шара аяқталған соң коммерциялық алаңға айналады немесе таратылады. Мәселен, Миланда өткен соңғы көрмеде  солай болды. Біздің де павильонымыз ол көрмеге қойылды, кейін жинап алынды. Оған дейін болған ЭКСПО көрмелерінің нысандары коммерциялық орталықтарға берілді.  Президенттің идеясы – көрме перспективаға бағыт­талуы керек. Бұл – болашаққа са­лынған инвестиция, капиталды дамы­ту жолы. Президенттің салиқалы тұжы­рымдамасының тиімділігін нысандарды қолдану шешімі көрсетіп отыр», деді А.Есімов.

Жаңа жылдан бастап ЭКСПО-2017 қалашығындағы павильондарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады екен. «С-3», «С-4» павильондарында «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналаспақ. «C-1» павильонында білім беру орталығы құрылады. Ұлттық компания басшысы атап өткендей, бұл орталықтың негізгі идеясы ерте жастан бастап болашақ мамандардың мүмкіндіктері мен әлеуетін анықтау және дамыту болмақ. «Мұндай қызмет көрсету нысандары қазірдің өзінде дамыған елдерде жұмыс істейді. Баланың ерте жасынан қандай кәсіпке икемді екені анықталады, бұл қадам болашақта табысты болуы мүмкін. Орталық білім берудегі жаһандық үрдісті қолдануға, өмірді қанағаттандыруға бағытталған. Бұл біздің өңірдегі осындай алғашқы орталық болады. Қазіргі уақытта оның тұжырымдамасы Назарбаев  Университетімен бірлесіп әзірленуде», деді А.Есімов.
Жиында белгілі болғандай, 
«C-2» павильонында көрме кешені ор­на­ласады. Ол түрлі көрмелерге, халық­аралық және отандық экспози­цияларға арналған алаң болады. «Өңірлер мен мемлекеттер өз­дерінің жетістіктерін көрсетіп, тәжі­ри­белерімен үнемі бөлісе алмақ. Қазір дизайнерлік тапсырманы әзір­леу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасы тартылып отыр», деді ұлттық компанияның басқарма төр­ағасы. Оның айтуынша, корпора­тивтік павильонның негізінде IT-стартаптардың халықаралық технопаркі құрылады. Ол бағыттағы жұмыс Ақпарат және коммуникация­лар министрлігімен бірлесіп жүргі­зіл­мек. «Коммуникация орталығы жетекші БАҚ-тың локациясы болады. Ол алаң ЭКСПО көрмесі кезінде өте ыңғайлы инфрақұрылымдық алаң ретінде өзін көрсете білді», дейді Ахметжан Есімов.
Көрменің туристік аумағының ашылу салтанатында Астана қала­сы­ның әкімі Әсет Исекешев халық­аралық шарадан кейін елорданың қалай өзгергенін әңгімеледі. «ЭКСПО-2017 көрмесінің страте­гиялық жобасының арқасында Аста­на қаласы өте көркем келбетке ие болды. Халықаралық көрме еліміздің «жасыл» технологияларға деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Қазақ­стан еуразиялық аумақта қауіпсіз әрі жылдам дамып келе жатқан мемлекет ретінде имиджін жақсарта түсті. Ал Астана еліміздің ең іскер әрі қаржылық орталығына айналды. Көрме нысандарының алдағы уақытта да ел игілігіне жарайтыны, атап айтқанда Халықаралық қаржы орталығы, ІТ-стартаптар технопаркі, «жасыл» технологияларды дамыту бойынша халықаралық орталықтың ашылатыны қуантады», деген қала басшысы IT-технопарктің ашылуы біздің ғалымдарға, бизнесмендер мен жас мамандарға өздерінің инновациялық жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
«Нұр Әлем» Астананың жа­ңа көрікті орнына айналып, ЭКСПО-2017 көрмесінің басты турис­тік мұрасы болып қалды. Еліміз­дің бас шыршасы және ең ірі мұз қалашығы «Нұр Әлемнің» маңын­да салынатыны туралы шешім қабылданды», деді әкім. Ол сонымен қатар ЭКСПО-2017 ашылғалы бері оған 4 млн адам келгенін, бұл Астана үшін маңызды көрсеткіш екенін айрықша жеткізді. 
«ШЫҰ және ТМД елдері арасын­дағы іс-шаралардың рейтингінде Астана осы бірлестіктердің ТОП-5 қалаларының қатарына енді. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, жаңа әуежай мен темір жол вокзалы ірге қалады. 11 көше ашылды. 50 шақырымнан астам жылу желісі мен 25 шақырым электр желісі салынды. Қалада қонақүйлердің саны артты. Егер 2016 жылы олардың саны 165 болса, биыл қонақүйлердің саны 200-ден асты. Елордада жүздеген жаңа мейрамханалар мен дәмханалар ашылды. ЭКСПО-ның басталуына дейін 2 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылып, бұл жұмыс қалада қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2017 жылдың 8 айы ішінде тіркелген қылмыстардың саны шамамен 20 пайызға төмендеген. Жыл соңына дейін қалада 13 мың камера орнатылатын болады», деді Астана әкімі. 
Салтанатты рәсім көркем­өнер­паздар қатысқан мерекелік концертпен жалғасты.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»