04 Қараша, 2011

Асқақтаған ауыл, абырой арқалаған азамат

483 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Айналасын жасыл желекті, тал-терек ораған үлкен жол облыс орталығын Успен ауда­нымен жалғастырады. Ауданда өзге ұлт өкілдері, әсіресе, неміс халқы  көп тұрды. Заман өзгерісіне сай кеткені кетті, ал, осы жерді Отаным, өскен жерім дегендері қалды. Қазақ ауылдары бар аудандардағы халық үй айналасына шөп үйгеннен аса алмай келеді. Ал, неміс халқы тұратын ауылдардың қора-қопсысы, үй-жайлары, көшелері тап-тұйнақ­тай. Бау-бақшасы толы көкөніс. Қаладағыдай тұрмыс кешіп, өмір сүрді. Шаруашылығы дамыған, әлеуметтік жағдайлары алға озған, республика көлеміндегі озық аудан ретінде аты шықты. Еңбек Ері Яков Геринг деген колхоз басшысының есімі Мәскеуге дейін жетті. Мәдени, ойын-сауық демалыс орындары, бассейн, кафе, клуб, спорттық ойындар алаң­дары, жылыжайға дейін болды. Қолдарын жылы суға малғызған жақсы өмірдің шетін көрді. Ол  кезде  қазақ ауылдары үшін мұндай өмір ертегідей еді. Шаңыраққа қарай білген Яков Геринг тағдыр тәлкегімен арып-ашып келгенде құшақ жая қарсы алған қазақ жеріне бас иіп, ауылындағы құрдасына арнап “Добрая земля Нургали” деген кітап жазып кетті. Білгендей-ақ, Нұрғали атаның жеріне егемендік келді. Неміс халқы елдеріне қайтып жатты. Ал, Нұрғали атаның  ұрпақтары елдік мақсат, ұлт болып ұю жолында осы жерге қағылған қазықтай мәңгілік тірек екені сөзсіз. Егемендікпен бірге бұл ауданда өмірі болма­ған қазақ мектептері, мешіттер ашылды. Біз жолсапарға келе жатқан кешегі Герингтердің орнын басқан, өркениет үрдістеріне қол жеткізген Галицкое ауылының иесі облыстық мәслихаттың депутаты Александр Касицин­ның  жұртты аузына қаратқан, таңдандырған шаруашылығы. Ол да осы жерді Отаным, елім деген ауылда өскен неміс, орыс, украин ұлты өкілдерінің бірі ретінде осы түпқазықты бірге бекем ұстауға, елдік мақсат жолын жалғастыру үшін қалғандай. Галицкое жаққа шығар жолдың екі жақ қапталын жағалай дәндерінен бастарын көтере алмай тұрған қалың күнбағыс, сарғай­ған бидай алқаптары алып жатыр. Күзгі күннің шуағымен жайқалған  кең алқап сары түске боялғандай, айналаның көрінісі ғажап. Дос-жарандары, туыс-туғандары Герма­ния­ға кетіп жатқанда, ол өзі туып-өскен, кішкентайынан көзі үйреніп қалған осынау кең даланы қимаған да болар. Ол жаққа қонаққа барып-қайтуға болмаса, әрине, мына далаға  жетпес. Еліміз  өркендейді, жақсы уа­қыт келеді деген сенім бізді жаңа заман ауылын өз қолымыз­бен жасауы­мызға кө­мектесті, дейді Алек­сандрдың өзі. Кіш­кен­тайынан жермен жұ­мыс жасаудың қалай екенін, мал бағудың қыр-сырын көріп-бі­ліп өсті. Бала­лық, жас­тық шағы осы Га­лицкоеның қа­сын­да­ғы Ковалев деген ауылда өтті Сол жердегі совхоз-техни­кум­ды бітірді. Зоотехник мамандығын алып шықты. Жер жетеді. Тек оны игере біл. Осы сөздер әрбір ауыл баласының сана­сында жаңғырып тұ­руы керек. Мына даланы шамаданға салып Герма­нияға әкете алмайсың, ал, менің өз елім, өз жерім, өз ауылым осы жерде, нартәуекел!– деді Александр. Бұрынғы Панфилов атын­дағы колхоздың бүкіл шаруашылығын, дүние-мүлкін  шетін де бұзбай сақтап қалды. Сөйтіп, осы колхоздың негізінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және қайта өндеу, мал өсіру сияқты ауқымды  бағдарламаны қолға алды. Қазір елге аты танылған «Галицкое» деп аталатын  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылы құрылды. – Айтуға оңай. Бірі көшіп, бір келіп жатқан сондай уақытта шаруашылықты сақтап қалу, одан нарықтық үрдіске сай құрылым жасауда көп еңбек еттік. Алдымызда бір ғана мақсат тұрды, ол – ауылды өркендету, ел қатарына қосылып, біздің де қолымыздан іс келетінін көрсету еді,– дейді Александр. Сол кездері Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ауыл жылдары» бағдарламасы өмірге енді. Ел ішіне қайтадан тіршілік нәрі жүгіргендей болды.  2004 жылдары серіктестікте 5 мыңға жуық ірі қара мал, 200 шошқа, 300 жылқы, 4 мыңдай құс болды. Инкубатор жұмыс жасады. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық аталған соң, сүтті мол беретін ірі қараның симменталь тұқымы және қазақтың ақ бас сиырларын өсіре бастады. Сөйтіп, шаруашылықтағы ірі қара мал тұқым ерекшеліктеріне орай, элита-ректордты, бірінші элиталық класс бағаларын да алып үлгірді. Бұлай болуына бірден-бір себеп, біздің се­ріктестіктің мал шаруашылығын өркендетуде озық технологияларды енгізу арқылы қолға алған ісімізді дұрыс ұйымдастырып алып кетуіміз себеп болды, дейді шаруашылық басшысы. Әрбір жаңа туған төл ерекше күтімге алынды. Содан кейін тұқым ерекшеліктеріне сай күтіп-бағылып, жем-шөптің арнайы құрамы бойынша азықтандырылды.Үш адамға 300 бас сиыр бөлінді. Мал қоралары кең де жарық, таза. Жұмыстың бәрі техника күшімен атқарылды. Ал, бұл 20 адамға 300 сиырды бақтырғаннан әлдеқайда артық. Малға су жылытып берілді. Соңында осындай күтімде бағылған малдың тірідей салмағы 400 кило беретін болды, деді Александр мұндай табысты күндерге оңай жетпегендерін еске алып. Бүгіндері серіктестікте  3489 сауындық ірі қара мал,  643 жылқы, 400 шошқа, 5 мыңдай қаз өсіріледі. Ет пен сүт жетеді. Жылына 2412 тонна сүт, 519 тонн ет өндіріледі. Жылына 1087 бұзау, 158 құлын алынса, инкубатордан 20 мыңдай қаз балапандары өсіп шығады. Тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін «Клевер» атты қондырғы сүттің құрамын тексеріп, бес минөт ішінде оның тазалығын, майлылығын анықтап береді. Мал қоралары, бордақы­лау алаңдары, жем-шөп цех­тары, малдәрігерлік бөлімше, инкубатор, автогараж,  қырман, қоймалары, электр цехтары, ағаш шеберханасы  қаз-қатар тізіліп үлкен аумақты алып жатыр. Шашылып жатқан бір бұрау жоқ, тап-таза. Серіктестік 22,6 мың гектр жерге жүгері, күнбағыс, тары, қарақұмық, бидай, басқа да астық дақылдарын сеуіп, жаз бойы баптап өсіреді. Шетел- дік  техниканың егін егетін, жүгері жинайтын түр-түрі, 132 тракторы,  110 мәшинесі,  66 жүгері  жи­найтын комбайндары, канадалық егін салу кешендері бар. Жерге  аса  ұқып­тылықпен қарайды. Уақтылы тыңайтқыш­тармен тыңайтылып, қар тоқтатылып тұра­ды. Бүкіл ауыл тұрғындары осы шаруа­шылықта еңбек етеді. Біз Александрдың шаруашылығын ара­лау­ға шықтық. Алдымыздан көкшіл түске боялған малға арналған алып кешендер тізбелері көрінді. Қаланың ішінде жүргендейсің. Айнала дегеніңіз тап-таза. Жарқырған жолдар. Мұндағы барлық тірлік автоматтан­дырылған. Өткен жылы желтоқсан айында осы  біз аралап көріп жүрген  «Галицкое» серіктестігінде  «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы инвестициялық жоба шеңберінде 500 сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы  ашылды. Яғни, бұл фер­маның жобалық қуаты заманауи стандарт­тарға сай жылына 2000 тоннаға дейін   сүт  өн­діруге мүмкіндік береді. Тауарлы сүт фер­ма­сы­ның «Агрализ» ата­латын  мал тұратын орны, «Елочка» атты сауылатын алаңша,  «Брац­лав»  атты құрал-жабдықтар  германия­лық, украиналық ең жаңа технологияларға негізделген. Осы жо­баның іске асырылуы арқасында қосымша 13 тұрақты жұмыс орны ашылып, сүт өндірі­сінің көлемі ұлғайды,  ха­лықты экологиялық таза, сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге,  рыноктағы қазақ­стандық өнімнің бәсе­келестікке қабілеттілігін арттыруға мол мүмкіндік туды.  Бұл жобы­ның құны – 415,8. млн. теңге. Сауылған сүт облыс орталы­ғын­дағы  «Павлодармолоко» АҚ-қа күнделікті жеткізіледі. Қазіргі таңда фермада алғаш бұзаулайтын 300 құнажын бар, алдағы уа­қытта  оларды 500 басқа дейін  жеткізу жоспарлануда. Олар жыл бойы байлаусыз, жайы­лымсыз-ақ, қысы-жазы кешен ішінде таза жерде бағылады.  Малға қыз­мет көрсету­шілер  ферма меңгерушісі,  4 сауыншы, 4 малшы, 1 техник-ұрықтанды­рушы, 1 жиыс­тырушы, зоотехник, мал дәрі­ге­рі­нен тұрады. Сонда 500 малға бар-жоғы оншақты адам қарайды. Алдағы уақытта заманауи бұл тауарлы сүт фермасы өнім өнді­рісін ұлғая­тады, шығындарды азайтады, еңбек өнім­ділігін арттырады деп жобаланып отыр. Малды да техника, компьютер басқар­ған заман деген міне, осы. Мұнда барлық жұмыс автоматты түрде, компьютер тетігі ар­қылы жүреді. Бір сәтте  автоматты қолдану арқылы 500 сиырдан  4 сауыншы басқару тетігінде отырып-ақ сиыр сауа  алады. Александр Касицин басқаратын «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты ауыл бүгінгі күннің өркениетті ауы­лына айналған. Мұнда бәрі де қаладағыдай. Ауыл шетіндегі тауарлы сүт фермасының қаз-қатар тізілген кешендері де әдемі көрініс беріп тұр. Шетелде жүргендей немесе үйде теледидар алдында өзге елдердің өркениетті даму жолына түскен ауылын көріп отырғандай әсер аласыз. Амал не, бізде мұндай ауылдар саусақпен санарлық қана. Кезінде ауылды сақтап қалудың орнына біздің кейбір қазақ басшылар өздері талан-таражға салып, сатып, бұзып құртып тынды. Ауыл тұрмақ аудан орталықтарын қалалық үлгіге лайықтап жөндеп, қолда барды ұқсата алмай отырған да әкімдер бар. – Осындай жаңа заман ауылын жасау, суы көкке шапшитын фонтандар орнату менің бала кезгі арманым еді, көріп тұрған­да­рыңыздай сол арман жүзеге асқандай, – дейді Александр. Ауылда мәдениет үйі, орталық мұражай, емхана, зәулім мектеп, маңайы бау-бақшаға толып тұрған ақ шаңқан сәнді үйлер,  шаштараз, монша, спорттық орталық жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулаторияда күндіз келіп жатып  емделетін бөлмелер бар. Учаскелік полиция және үш қоғамдық сақшы ауылдықтар тыныштығын қорғайды. «Галицкоеда» бәрі  өзінде. Анау-мынау іздеп қалаға барудың қажеті де жоқ.  Мәдениет үйі мен балалар орталығының алдында  мөлдір сулы субұрқақ атқылап тұр. Айнала тап-таза. Асфальтті түзу көшелер. Барлығына  қаладағыдай  жарық шамдар тартылған. Ал, кешкілік ауыл кішігірім жарқыраған қала­шық­ты көзге елестетеді екен. Наубайханасы, макарон цехы,  тоқаштар, тәттілер пісіретін кондитер цехы ауылдықтар қажетін өтеуде. Алқап- алқап егін, жейтін наны өзінікі, бидай дегенің жетеді, артылғанын сатады, жүгері, қарақұмық, күнбағыстан мол өнім алады. Өткен  жылдары  үш-төрт пәтерлі бірнеше тұрғын үй салып алды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады. От жақпайды. Орта­лықтандырылған жылу жүйесі бар, су үйге келіп тұрады. Қаладағыдай  коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Жылына 7 мың тонна көмір жағады. Ауыл әкімі  Кеңес Жандо­совтың айтуынша,  «Галицкоеда»  2 мыңдай адам, оның ішінде 105 қазақ, 615 орыс, 402 украин, 212 неміс,  басқа да түрлі ұлт өкілдері тұрады. Тату тірлікті, бірлігі жарасқан ауыл деп осыны айт. Ресей елімен шекаралас жерде еліміздің бір бұрышын сақтап тыныштықта өмір сүруде. Барлығының әке-шешелері кезінде құрдас-тамыр болып бір ауылда өсті, бір-бірімен туыс сияқты, енді олардың бала­лары біздер, ал, кейін біздің ұл-қыздарымыз осы жолды жалғастырып өсетін болады. Александр екеуіміз  Ковалев ауылында бірге ойнап, бірге ержеттік. Қазір ауылымыз үшін бірге еңбек етіп жүрміз, дейді  Кеңес. Бассейні, музыка, спорт залдары бар «Ақбота» балабақшасына 50 бала барады. Жуынатын бөлмелері, тренажер және спорт залдары бар жарқыраған «Жастар» атты спорт кешені ауылдың сәнін келтіріп тұр. Кешенде баскетбол, футбол, волейбол және жеңіл атлетика, үстел теннисі секциялары жұмыс істейді. Ал, балалардың бос уақыт өткізу орта­лығы жаз, күз, көктем айларында ауыл ішін және орталыққа іргелес аумақтарды көріктен­діретін оқушылардан құралған «Еңбек» экологиялық отряды жұмыс істейді. Шаруа­шы­лық басшысы  әр балаға күніне 100 теңге төлейді. Мәселе ақша төлеуде емес, мақсат олардың кішкентайларынан туған ауылда­рына деген қамқорлық, елге деген патриот­тық сезімдерін ояту, дейді  Александр. Облыс орталығынан ауданға жеткенше сайрап жатқан жолдың ауылдар арасына барғанда шұңқыр-шұңқырлы күйі тағы да алдымыздан шықты. Өркениетті ауылдың сәні мен мәнін  тозығы жеткен жөнделмеген жолы ғана бұзып тұр. Өркендеген жақсы ауылды көруге келгендердің әрине, тоз-тозы шыққан жолын көріп, көңілдері түсіп қалары сөзсіз. Ал, біз ылғи да ауылды өркендетеміз деп ұрандаймыз.  Шалғайда жатқан қазақ ауыл­дарының кейбірінің кескін-келбеті, тұр­мыс-жағдайлары, шаруашылығы шалқыған, бай-қуатты тұрмыста тұрып жатқан «Галицкоемен» салыстыруға  келмес. Басқа ауылдар да осындай өркениетті өмір жолына түсетін  күнді армандайсың. – Мұның бәрі де қажымай-талмай тыным­сыз атқарған еңбектің жемісі. Біздің «Галицкоеда»  тұратын адамдардың барлығы да ең­бекқор, сырттан  ешқандай да көмек күтіп отырмайды, өз еңбектерінің арқасында осын­дай табысты, іргелі, жайнаған шаруашылықта тұруға өздері қол жеткізді, – дейді ауыл иесі. Қайда, біздің  Александр сияқты жігіттер?.. Өз ауылдарын сақтап, күте алмаған соң барып, ел көшіп кетеді  де, ол ауыл бола­шағы жоқ болып қала береді. Ал «Галицкое» ауы­лындағы жағдай өзгеше. Фарида БЫҚАЙ, Успен ауданы, Павлодар облысы.