04 Қараша, 2011

Қырғызстан: Ел жаңа кезеңге қадам жасады

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бұл елдің өмірінде үлкен оқиға болды: жексенбі күні президенттік сайлау өтіп, онда жұрт күткендей ел үкіметінің басшысы, Социал-демократиялық партияның көсемі Алмазбек Атамбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сайлау нә­ти­жесі жайында га­зетімізде бұ­рын хабарланса да, бұл оқи­ға­ның мәніне біршама тереңірек тоқтағанды жөн санадық. Сай­лау­дың үлкен қақ­тығыссыз өткені, онда ал­дағы уақытта байсалды саясат жүргіземіз деген қайраткер Алмазбек Атамбаевтың жеңіске жеткені республика жұртшы­лығы үшін ғана емес, бұл елдегі жағдайға құлақ түріп, қадағалап отыратын сырттағылар үшін де қанағаттанарлық жай дер едік. Біраз сарапшылар сайлау науқаны барысындағы күресте елдің солтүстік және оңтүстік болып екі аймаққа бөлінуіне байланысты тартыс ұзаққа со­зы­лар, жеңімпазды анықтау үшін екінші тур қажет болар деген, бірақ парасаттылық жеңді – саяси айтыс-тартыстан шарша­ған халық өзінің дұрыс шешімін жасады. Сайлауға қатысқан ха­лықтың 63 пайыздан астамы Атамбаевқа дауыс берді. Оның бас қарсыластары «Бүтін Қыр­ғыз­стан» партиясының жетекшісі, бұрынғы парламент спикері Адахан Мадумаров – 14,76, ал «Атажұрт» партиясының жетекшісі Қамшыбек Тәшиев 14,33 пайыз дауыс алды. Елдің оңтүстік және сол­түстік болып бөлінуіне қарай болжам жасалғанда оңтүстік өкілдері Мадумаров пен Тә­шиев­тің жинаған дауыстары Атам­баевтың жиған дауысынан кем болмаса ке­ректей еді. Сол оң­түстіктегі біраз жұрт өз дауыс­тарын солтүстіктің өкіліне бергенге ұқсайды, елді біріктіруді мақсат тұтқан қай­раткерге қолдау көрсеткен. Сайлаудан кейін бұл да сөз болмай қал­ма­ды. Мадумаров пен Тәшиевтің өздері және олар­дың жақ­­тас­­тары сайлау адал өтпеді, да­уыс дұрыс берілмеді, дұрыс са­налмады деген сөздер айтып, әр жерде жиындар өткізді. Кей жерде ол қазір де жалғасып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндай даудан Атамбаевтың қарсыластары еш­нәрсе ұтпайды, қайта халық алдында өздерінің беделін түсіреді. Сөйтіп, Алмазбек Атамбаев жеңіске жетті, жаңа жылдың алғашқы күні президенттік қыз­метіне кіріседі. Ол – ел бас­шысы қызметіне сайланған төр­тінші тұлға. Оның бағдарламасы да жұрттың көңілінен шығып отыр. Бірінші кезекте экономи­каны қолға алып, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсарт­пақ. «Мен кеткеннен кейін жұрт мен туралы жаман сөз айтпаса екен деймін», деді ол бір сұх­батында. Ондай мақсаттағы адам жақсы, таза жолмен жүрсе керек. Қырғызстандағы сайлау қорытындысы туралы сырт жақ та оң пікір білдіріп жатыр. Біздің еліміз де оң бағасын беріп, ресми мәлімдеме жасады. Қашанда өз мүддесін жасыр­майтын Ресей де өз адамымыз келді деп қуанды. Әсіресе, олар­ға жаңа президенттің АҚШ әске­ри-әуе базасын елден шы­ғарамыз дегені қатты ұнады. АҚШ президенті Барак Обама көсіліңкіреп мәлімдеме жасап, сайлауға оң баға берумен қатар, АҚШ-тың бұл елге әріптес болуға әзірлігін білдірді. Мұн­дай құттықтау, қолдаулардың көпшілігі ресми сипатта болса да, Қырғызстанның алдында жаңа жолдар ашылатыны анық.   Қашанда парасаттылыққа жүгінген жөн Дүйсенбі күні Парижде ЮНЕСКО-ның 36-шы Бас кон­ференциясында Палестина мемлекеті осынау ұйымға толық құқықты мүше-мемлекет ретінде қабылданды. Бұл үлкен шу тудырды. Біреулер бұл шешімді құптаса, қарсы болғандар да жетерлік. Талай жұрт көптеген ел­дер­дің атын естімесе де, білмесе де, Палестина ұлт­тық авто­но­мия­сын, оның азат­тық жо­лын­дағы күресін жақ­­сы біледі. Сі­рә, әлем­­де дәл осы елдің тағдырындай көп сөз болған ел жоқ та шығар. Бұл елдің жолы неге сонша  қатты дер­місің, әйтеуір, бұларға келгенде, біреу жақтаса, біреу қарсы болып шыға келеді. Және қарсы болғандардың бұлардың жолын кесуге құдіреті жетерлік бола­ды. Әйтпесе, бір ел тә­уелсіздігін ала салысымен, өті­ніш жасаса, Біріккен Ұлттар Ұйымына мү­ше­лікке өтеді. Бұ­ған мысал көп. Басқаларды былай қой­ғанда, кешегі КСРО күйрегенде, тәуел­сіз­дігін жа­рия­ла­ған елдердің бәрі де БҰҰ-ға мүше. Ең соңғы мүше – Оңтүстік Суданды алы­ңыз. Етек-жеңін жинай алмай, үкі­ме­тін жөндеп құра алмай жатып, мүшелікке қабылданды. Ал Палестинаға келгенде, мұндай жеңілдік жоқ. Биылғы қыркүйек айында Палестина ұлт­тық автономиясының президенті Махмұд Аббастың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзі, халықаралық бас ұйымға жасаған өтініші жұрттың есінде. Талай жылғы келіссөздерден нәтиже шықпағанын еске са­лып, автономия басшысы өзде­рін БҰҰ-ға тікелей мүшелікке қабылдап, мемлекеттігін тану­ды өтінді. Бұл ұсы­нысты біраз ел қолдады, біздің еліміз де қол­дады. Бірақ мә­селе оң шешімін тапқан жоқ. Оны алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінде зерттеп, тал­қылау ұсынылды. Ал онда тұрақты мү­ше­нің біреуі қар­сы шықса, бұл өтініш орындал­майды. Қарсы болатын ел бар, ол – Израильдің қамқоршысы АҚШ. Жоғарыда ай­­тылған Палес­тинаның ЮНЕСКО-ға қабыл­дануына қарсы болғандар әлі мемлекеттік мәртебесі жоқ елді ЮНЕСКО-ға қабылдауға бол­майды деген уәжді алға тартты. Бұл шешімнің айтарлықтай салмағы болып тұр. АҚШ қарсы болып қана қоймай, ЮНЕСКО-ны қаржыланды­ру­ын тоқтата­тынын мәлімдеді. Ол жыл сайын 80 миллион доллар беретін, бұл – ұйым бюджетінің 22 пайызы. Канада да сондай шешімге келіп, 10 миллион дол­лар жарнасын бермейтін бол­ды. Оқи­ғаның осындай өрбу ық­ти­малын ескерген Сауд Ара­биясы бастаған елдер бұған дейін ауызша сол қаржының ор­нын толтырмаққа уәде берген екен. Сөйтсе де, тіпті қаржының орны толғанымен, мәселені былайша шиыршықтату қажет пе еді деген ой келеді. ЮНЕСКО-ға мүшелік Палестина мемлекетін тану емес. Бұл мәселе осы айдың 11-і күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қарал­мақ болатын. ЮНЕСКО-ның шешімі оған оң ықпал емес, керісінше, теріс ықпал жасайтыны даусыз. Қашанда біздің көңілімізде көп азап көрген палестина халқының азаттығы тұрады. Оған жетудің жолы – әзірге тек келісім ғана. Оны аттап кете алмайсың. Әрқашан мұның есте болғаны жөн. Әйтпесе, азат­тық ауылы жақындамайды. Мамадияр ЖАҚЫП.