04 Қараша, 2011

Википедия: Қазақша мақала 100 000-асты

583 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Осыдан біраз бұрын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры «Википедия» әмбебап интернет энциклопедиясының қазақ тілді тармағын дамыту жөніндегі маңызды жобаны өз қамқорлығына алуды мәлімдеген еді. «Аталмыш жобаның осы тамыз айында Хайфа қаласында өткен (Израйль) «Викиманиа-2011» ға­лам­дық конференциясында халық­аралық вики-қауымдастықтың жо­ғары баға­сына ие болып үлгергені барша­мызға мақтаныш» деп хат жолдайды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Бас­қарма төрағасы Тимур Құлыбаев (хаттың мәтінімен www.wikibilim.kz сайтында таны­суға болады) википе­диядағы қазақ­ша мақала саны 100 мыңнан асқанына орай ұйымдас­тырылған баспасөз мәслихатына қатысушыларға. Өйткені, бұл жобаның бастама­шысы да әрі бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» болып табылады. Осы жобаны іске асырып отырған «WikiBilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы «Қа­­зақ­ша википедия» жобасы мұнан бы­лай Үкіметтің наза­рын­да бола­тынын, ҚР Премьер-Министрі Кә­рім Мәсімовтің өзінен тікелей хат алып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ұлттық маңызға ие бұл жобаны алға жылжытуға жоо студенттері мен мектеп оқушылары да тартылып отыр. Осы арада оқыр­манға түсінікті болу үшін аталмыш жоба жайлы айта кетелік. «Википедия» – әлемдегі ең та­нымал он интернет брендтің қата­рында тұрған жалғыз қоғамдық үлгідегі веб-сайт. Бұл – ғаламтор­дың әлеуметтік қуатын айғақтаған алғашқы интеллектуалдық және коммерциялық емес жоба. BBC телекомпаниясы Википедияны «YouTube» және «Facebook»-пен қатар XXI ғасырдың ең танымал брендтерінің қатарына қосқан. Би­ылғы жылы «Википедия» энци­кло­педиясын ЮНЕСКО-ның қор­ға­уын­дағы мәдени мұра қатарына қосу туралы бастама көтерілді. Бұл ұсыныс ғаламторда қызу талқы­лануда. Ұсыныс қолдау тапса, «Википедия» адамзат тарихындағы ал­ғашқы сандық үлгідегі мәдени мұра болмақшы. Әлемнің 281 тілінде жұмыс істейтін «Википедия» энциклопедия­сында 20 миллионға жуық мақала бар. Оның 3,7 миллионы ағылшын тілінде жазылған. Мақала саны миллиондық межеден асқан тағы екі тарау – неміс және француз тілдерінің үлесінде. Орыс тіліндегі мақалалардың саны 780 мыңнан асқан. Алайда, энциклопедияның қазақ тілді бөлімінің дамуы бертінге дейін кенже қалып келді. «Қазақша Википедия» жобасы туралы келсек, қазақ Википедия­сын дамыту қажеттігі көптен бері айтылып келген еді. 2011 жылдың басында байланыс және ақпарат министрлігі осы шаруаны қолға алу бастамасын көтерді, алайда, «WikiBilim» қоғамдық қорының ұсы­нысы бойынша жобаны қоғам­дық негізде іске асыру қажет деп ұйғарылды. Осындай үлгіде жоба 2011 жылдың маусымында бастал­ды. Содан бергі аралықта Википедия энциклопедиясының қазақ тілді тарауындағы мақалалар саны 10 есеге өсіп, 100 мыңнан асты. Қа­зақша мақалалар жазатын және өңдейтін ерікті редакторлар саны 4 адамнан 230 адамға дейін көбейді. Осының арқасында қазақ тілі Вики­педиядағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 38-орынға дейін көте­ріліп, мақала саны 100 мыңнан асатын «жетік» деп танылған 40 тілдің қатарына кірді. Бұл жетістіктер жоғарыда атап өткендей, халықаралық вики-қа­уым­дастық тарапынан жоғары баға алған. Тамыздың 4-і мен 7-сі ара­лығында Израильдің Хайфа қала­сында өткен «Wikimania-2011» кон­фе­ренциясының қорытындысы бо­йынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық ви­кипедияшысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедияның негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды. Мақалалардың тез көбеюіне «Қазақ энциклопедиясы» редакция­сының көмегі зор болыпты. 100 мыңнан астам қазақ тілді мақала­лардың жартысына жуығы «Қазақ­стан» ұлттық энциклопедиясынан алынған. Сондай-ақ, бұл жобаға Байланыс және ақпарат министрлігі де атсалысып, соның ішінде жоо студенттері «Қазақша Википедия» жобасының жұмысын жүргізуге ерекше ықылас танытқан. Бұл күндері ерекше көзге түс­кен ерікті редакторлар қатарынан «Википедия елшілері» іріктеліп, солардың күшімен түрлі аудиторияларда Википедия туралы насихат-семинарлар өткізілуде. «Википедия елшілеріне» бас демеуші атынан тұрақты стипендия тағайындалды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың аты­нан жарияланған вики-бәйгеге 200-ден аса адам қатысуда. Оның шартына сай, Википедияға қазақ тілінде 100 мақала салған алғашқы 100 адам ноутбук компьютерін иеленеді. Сонымен қатар, ашық дауыс беру арқылы үздік деп танылған 10 мақаланың авторы мен ең белсенді 40 ерікті редактор «Nokia» компа­ниясы тарту еткен телефондарға ие болады. Сондай-ақ, алдағы қарашаның 18-19 күндері Алматыда түркі тілдес елдердегі Википедиялардың кон­ференциясы өтпек. Оған Түр­кия, Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстан, Саха-Якутия ел­дерінің өкілдері қатысуға ниет білдірген. «Wikimedia Foundation» қо­ры­ның қолдауымен өтетін бұл бас­қосудың бір мақсаты – қазақ Ви­кипедиясының даму үлгісін басқа түркі тілдер арасында насихаттау. Бастапқыда жоба жетекшілері 2011 жылдың 16 желтоқсанына дейін қазақ тілді мақалалар санын 200 мыңға жеткізуге ниеттенгені мәлім. Техникалық тұрғыдан бұл міндетке қол жеткізу оңай болғанымен, ұйым­дастырушылар бұдан былай сандық межелерді екінші кезекке шегіндіріп, сапаға ден қоюды ұйғарып отыр. – Энциклопедияға мақала жазу мен оны өңдеу тілге жанашыр және білімге құштар адамдардың қолы қалт еткенде айналысатын интел­лектуалдық хоббиіне айналса дейміз, – дейді жоба жетекшілері. – Бастапқыда аталмыш интер­нет-ресурстың келешегіне ешкім сене қоймаған еді. Ол кезде сайт­тағы мақалалар саны бар болғаны 7,5 мың ғана болатын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов. – Ендігі мақсат – қазақша википедиядағы материалдар санын миллионға жеткізу! Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.