04 Қараша, 2011

Мерекенің әлемі

438 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әдебиет әлемінде ең әуелі көркем әңгі­ме, хикаят, роман жанры пайда болды ма, әлде сол көргенді көргендей ғып айнытпай баяндап беретін журналистика пайда болды ма дегенге келсек, есте жоқ ескі заманда-ақ осы екі жанр бір-бірімен біте қайнасып, будандасып өсіп жетілген сыңайлы. Бұлай дейтініміз, бергі замандағы әйгілі қалам­герлер Николай Лесков, Стефан Цвейг, Эмиль Золя, Томас Вульфтің ескен желдей, төкпе жырдай, аурасы магнит өрісіне пара-пар мөлдіреген шығармалары көбіне очерк сипатында жазылған. Орыстың он тоғы­зыншы ғасырдағы біраз жазушыларының хикаяты очерк айдарымен басылғаны мә­лім. Өзіміздің Шоқан Уәлихановтың «Жеті шаһар жазбасы» да осынау очерк пен хикаяттың ара жігінен жол тауып шыққан жылы ағыс секілді. Кісінің мінез құбы­лысын, сезім, ой шырғалаңын сөйлеткен кезде – оның өскен ортасын, қоғамдық, әлеуметтік көзқарасын, азаматтық пайы­мын түгел қамту – сол баяғы очерк, көсемсөз сипатынан ауысқан құбылыс. Жанр жанрды туғызып, өз-өзінен балалап байып отырған. Бәзбірде бір-бірінің орнын басқан, аз десеңіз жетілдіріп, кемелдендіре түскен. Енді мұны неге тілге тиек етіп отырмыз дегенге келетін болсақ, Мереке Құлкенов ең әуелі қазақ әдебиетіне өзінің мөлдіреген әуезді, мәйін тілді очерктерімен келді. Жазушылардың қолынан түспейтін «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүргенде, кейіннен «Жалын» журналын басқарған кезінде оттай ыстық лебі бет шарпыған «Қарапайым халық», «Әкім және оның командасы», «Шындық және өтірік», «Министр және басқа атқамінерлер», «Тым орыстанып кеткен халықпыз» атты күйіп тұрған тақырыптарды тереңнен қозғаған шұ­райлы көсемсөзін оқып тамсандық, таны­мымыз кеңейді. Тынысымыз ашыла түсті. Өз сөзі, өз ойы бар, қаламы қуатты автор­дың әдебиет әлеміне ентелей енгенін «әу» дегеннен құп ала қуандық. Қаламы төселген жазушы қай тақырып­ты алса-дағы кейіпкер жан сарайын еркінше аралап, оқиға-ситуация үстіндегі кісінің психологиялық сілкінісін ұрымтал тұстан ұстайды. Мұндайда ұбақ-шұбақ баяндау­дың қажеті жоқ. Кейіпкердің жан құбылы­сы, мінез иірімі айнадағыдай анық шалын­са жетеді. Мерекенің әңгімелерін оқыған кезде әдемі көркем фильм көріп отырған­дай боласыз. Көз алдыңызға тірі сурет келеді көлденеңдеп. Жалғыз мысал. «Жүрек» әңгімесі. Птоломей данышпандарының жазбасына жү­гін­сек: жер әлемді ғажайып тартылыста ұстап тұрған жүрек лүпілі дейді. Галактика тынысына, ұлы ырғақтың сыры мен сипатына адам ағзасындағы жүрек бүлкілі мен лүпілі тарта туған деседі. Әлемнің құдіретін келтірер ұлы ырғақтың көшірмесі жүрек көрінеді. Ана жатырында ең әуелі нәрестенің жүрек соғысы пайда болады екен. Мұны бүгінгі ғылым дәлелдеп берді. «Жүрек» әңгімесінде Сәрсен есімді кейіпкеріміз жер ортаға жеткенше бала тәр­биесіне, жеткіншекті адамгершілікті, иба­лы етіп өсіру туралы сұқ саусағын сүйел етіп көлдей-көлдей мақала жазған көсем кісі. Қызметінде үстел мен қағазға шарт жү­гініп жазу жазып отырған Дүйсенге зайыбы үйінен телефон шалады. «Тез жетпесең, мынау мені шаршатты!» – деген әйелінің дауысы тым шарасыз естіледі. Әлгі сөзден Сәрсеннің көңілі құлазып сала береді. Әсіресе, жалғыз ұлын ойлағанда жанын қоярға жер таппайды. Тағы ішіп келіпті. Тағы отбасында шу шығарып жатыр. Жұ­мыс­қа қолы бармай, қағаз-қаламын жинап, есеңгіреген кісідей сүйретіліп сыртқа шы­ға­ды. Не істейтінін өзі де білмейді. Ав­то­бусқа отырып, біраз жер жүріп, үйіне тақа­ғанда көліктен түсіп қалады. Ойы он тарау. «Көңіл түкпіріндегі бір түйткілі жиі-жиі мазалай береді... Сәби психологиясы, бала қабілеті, болашағы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы деген толып жатқан мәсе­ле­ден бірнеше сағатқа мүдірмей соғатын пәл­сапасының бір басына жетпей жүргеніне іштей күйзеледі. Бәлкім, бойын­дағысының бәрін жұртқа сыйлаймын деп, жалғыз ұлы үлгі аларлық ештеңе қалдыр­маған шығар. Бәлкім, мұның күн сайын жағы сембей басқаларға үйретіп жүрген ақылы түкке тұрмайтын, алдамшы, далбаса шығар. Қалай дегенмен де, мына өмір жалғыз ұлдың ал­дында рухани да, тікелей де дәрменсіз екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған». Білікті педагог, қаламы қуатты журналист Сәрсеннің жерге қарап осынша торығуында не гәп бар? Қай жерден қателік жіберді? Құдыққа құлағандай құлдырап бара жатқан жерінен жалғыз ұлды құтқаруға болады ма?.. Осы ойдан шаршап, шалдығып келе жатып Сәрсеннің жүрек талмасы ұстап құлайды. Ендігі кезекте әңгіме желісі күрт өзгеріп, шиыршық атқан фабулаға дес береді. Тартыс – кейіпкердің жан арпалысына ауысады. Көше бұрышында тірі өлік болып, аяғы аспаннан келіп құлаған кісі. Жұрт жанынан сабылып өтіп жатады. Ымырт үйіріліп қалған. Көшеге кешкі самалмен тыныстауға шыққан екі кейуана әңгіме қызығына түсіп, кенет арық жиегінде, ағаш түбінде жайрап жатқан кісіні көріп: «Тапқанын араққа жұмсап, басының қайда қалғанын білмей жатқан бейбақ қой», – деп беттерін шымшып өте шығады. Енді көшенің басынан ерлі-зайыпты жас жұбайлардың қарасы көрінеді. Олар-дағы серейіп жатқан кісінің тұсынан жылжып өте береді. Жігіт сөйлейді: «Өзіне де сол керек, өле ішкені несі», – деп. Келіншек сөйлейді: «Байғұстың басын сүйеп жіберейік, халін білейік», – деп. «Аяғышсың, жүрегің жұмсақ», – деп жігіт кеийді. «Қатал болып барасың!» – деп қалыңдығы өкпелейді. Дау ушығып, жас жұбайлар бір-бірімен өкпелесіп тынады. Ақы­­рында ерлі-зайыпты тірі өлік кісінің тұсынан сырғып өте шығады. Біраздасын көше бойынан ойқастап, жіті басқан жас жігіт көрінеді. Жатқан кісіні ол да көреді. Жол жиегіндегі орындыққа апарып отырғызуға уақыт тығыз, әрі көрінген біреуге көмектесемін деп үсті-басын бүлдіріп жүре ме. Кім біледі. Көп ойланып тұрмайды, сұлап жатқан адамның үстінен қарғып өтіп, сүрініп кеткеніне де қарамай, такси ұстауға ұмтылады. Кездейсоқ доп қуалап ойнап жүрген балаң қыз ғана жалт бұрылып, тіксіне кідіріп, шошына шыңғырып, шешесіне айтып, жедел жәрдем шақыртады. Осымен оқиға тәмәм. Осы көрініске, адамдардың көрер көзге бір-біріне қатал, қатыгез, мейірімсіз болып бара жатқанына куә болған оқырман күн­делікті бала тәрбиесіне, келешегімізге оң көзбен, адамгершілік биіктен қарасақ қайтеді деген сауалға маңдай тірейді. Кінәлі адам ба, әлде заман ба дейді! Кінәлі заман болса – тау толқыны ығысқан дария мінез уақыт ағы­сына қақпақыл болмайтын нендей амал жа­сай­мыз? Кінәлі адам болса, күнделікті күй­бең тіршілікте суішкілік қиқым қаракетке мәз болып осылай жүре бермей, өз ішімізге, өз жүрегімізге неге үңілмейміз деген зілдей ауыр сауалдан қай-қайсымыз болса да аттап өте алмай, кідіріп қаларымыз кәміл. Әңгіме осылайша күйкі тіршілікті қаузай отырып биік философиялық толғанысқа жүгіндіреді. Мереке Құлкеновтің моншақ тізгендей жауһар әңгімелерін оқыған кісі әлдебір айтуы жоқ аураға арбалып, тірі сөздің магнит өрі­сіне тап болған кісідей – шым-шытырық кейіпкер шырғалаңына, сезімнің, қиялдың кестесіне шырмалады. Жалықпайсыз. Шар­ша­майсыз. Жеңіл әзіл, астарлы пәлсапа, кейіп­кердің бірде шоқ, бірде мұз болып құбылған метамарфозасы үйіре тартып, шеңберінен шығармайды. Жазушының қала­мына іліккен жай ғана жербауырлаған тіршілік, күнделікті көріп-біліп жүрген қарапайым пенде – әрі сұлу, әрі нұрлы, бет ажары бөлекше болып шыға келетіні – әлгі айтқан кәсіби шебер­ліктің арқасы. Проза­шының көзіне көрінетін я жаман, я жақсы адам жоқ, көп болғанда – өмірде жолы болмай жүрген кісілер, ең құрығанда – енді бір ышқынса биік белеске ырғып шыға келетін бейнетіне сенген төзімділер көрініс табады. Құлкенов – кейіпкер сомдаудың хас шебері! Сөзіміз дәлелді шығуы үшін «Ғашық», «Үрей», «Қылкөпір», «Мазасыз түн» әңгі­мелерінің астарына үңіліп, осы қалай деген күнделікті көп түйткілді, қиындықты жү­рек жылуымен, көңіл шуағымен жады­ратып жүрген кейіпкер жан сарайына именбей енсеңіз болғаны. Құлкенов көсемсөзі – бүгінгі қаны жерге тамбай күйіп тұрған мәселелерді қоз­ғауымен қымбат. Оқырманды күтпеген оқыс ойға жетелейді, көптен көкейде қы­жыл болып жүрген жәйтті түп тамырынан қозғайды. Осы қалай деген көлденең са­уалға жүгіндіреді. Мысалға, автордың «Пара» атты көсемсөзін алайық. Бұрындары көпшілік пара бергенше бара бер деуші еді, келе-келе бұл сөз мағы­насын мүлде өзгертіп, бара бергенше пара бер болып қолданысқа түсті дейді. Пара дегеніңіздің «құдіретін» айтайын. Баласы немесе күйеуі кісі қолынан мерт болып, қылмыс жасағандар кім екені тайға таңба басқандай анықталып тұрса-дағы – қылмысы дәлелденбегендіктен деген сыл­таумен жабылып қалған істерді өмірде жиі естиміз. Бәрі анық-қанық істің өзін пара­ның арқасында қылмыскерді – сүттен ақ, судан таза деп; кінәсізді – бар пәленің ұйытқысы осы деп қараңғы үйге қамаған­ша асығамыз. Жазушы елімізге дендей еніп, қиын кеселге айналған, жуық арада жойыла қой­майтын қатерлі дерттің астарын ашып, әді­бін сөгіп, көрегендік пайыммен көз алды­ңыздан жіпке тізгендей өткеріп шығады. Көсемсөз­шілік шеберлігіне риза боласыз, көңіліңіз толады. Мереке Құлкенов қаламдасымыздың біз оқыған әңгімелерінің астарын ашып қарасақ – ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттердің жоқшысы, іздеушісі болып шығады. Келешекте бар боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба деген сауалды әлсін-әлсін алдымызға тартады... Қазақы таным-түсінікті, қазақы мінезді алтын сандықтай асылдап ұсталық, әптиектей сақтап келер ұрпаққа жеткізелік! Олай етпеген жағдайда – ішкі рух серіппемізден айырылып қаламыз деген ойды әлсін-әлі есімізге салушы дегім келеді. Осыдан біраз жыл бұрын Мәскеудегі орыстың үлкен жазушысы Алексей Бакланов: «Дүниедегі адамдарды «Ағайынды Карамазовтарды оқы­ғандар» немесе «Аға­йын­ды Карамазов­тар­ды» оқымағандар деп екіге бөлуге болады» деп мақала жазғаны есімде қалыпты. Сол жазушыға ұқсап уәж айтайын. Мен де бүгінгі жас ұрпақты екі топқа бөліп сөйлейін. Бірі: ұлы мәртебелі әдебиеттен нәр алып, көркем, тірі сөздің қасиетін жүрегіне сіңіріп өскен ұрпақ; екіншісі: әлгіге қарама-қайшы – әдебиеттің иісі мұрнына бармайтын, тек қана күнделікті күнкөріс, суішкілік нәпақасын ойлап өскен ұрпақ дер едім. Күнделікті тіршілікте кө­ріп-біліп жүрміз: ұлы мәртебелі әдебиеттің уызына жарып өскен жасөспірім келе-келе қай маман­дық­тың тізгінін ұстаса-дағы – сол мамандықтың білгірі, сол кәсіптің бәйгеден озып келер жүйрігі болып шығады. Өйткені, әдебиет жүректің нәрі, жүректің ұяты, пайым-парасаттың сатысы, ар-ождан таразысы, төзім шеңберінің бұзылмас қамалы. Осыдан шығатын ой – тірі сөзден шер төгіп, сыр айтудың ұстасы, үлкен қаламгер Мереке Құлкеновтің қаламынан туған жан шуағы мол, уыз тілді, кемпірқосақ бояулы көркем әңгімесі мен көрікті көсемсөзі бүгінгі жас ұрпақтың тәлімгер тәрбиешісі, ұстазы. Қиялына қанат жалғап биікке жетелейтін, аяғына басқыш қоятын, жігеріне жігер қосатын қолдаушысы. Жарыл­қаушысы. Жан азығы. Баяғыдан бір терінің пұшпағын қосыла илесіп, қазақ қара сөзінің ыстық-суығын бастан бірге өткерісіп келе жатқан замандас, сырлас, мұңдас Мереке Құлкеновке айтар үлкен тілек – шеберлік мектебіңнің шәкірттері көбейе берсін! Жазарың мол болсын, тірі сөзің таусылмасын, замандасым! Дүкенбай ДОСЖАН. Өзіңе қашанда тәнтімін Қашан көрсем де Сымға тартқандай Тік жүріп, Тік тұрасың.   Соныңмен-ақ кім-кімге де Өзіңнің кім екеніңді Ұқтырасың.   Қайсар мінезің-ай: Айтпайсың, Ал айтсаң - Қайтпайсың.   Өзім дегенге Кеудеңді жыртып, Жүрегіңді жұлып Беруге барсың. Ал бірақ көкірек керіп, Намысқа тигеннің - Қолында! - Өлуге барсың.   Ондайда Қып-қызыл өрт болып Жанып тұрасың... Жабыққан жандарға қол ұшын беріп, Жолына сәуле түсіріп, Шам болып Жанып тұрасың.   Кескекті ой, Ескекті сөзіңді - Қашан да! - Жақтап өтемін. Мереке, біліп қой, Мына өмірде Сендей досымның Бар екенін Мақтан етемін!   Мереке, білемін, Тірлік пен үміттен Тұрады әр күнің... Ешкімнен қаймықпай Кім-кімнің де Көзіне қадалып Тік қарайтын, Өзіңе қашан да тәнтімін. Темірхан МЕДЕТБЕК.