04 Қараша, 2011

Бюджет жобасы қабылданды

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен палатаның кешегі кезекті пленарлық отырысының күн тәртібінде алты мәселе депутаттар талқысына ұсынылды. Соның ішінде 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы ерекше қызығушылық туғызды. Үш жылға арналған бюджет жобасына қатысты «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қо­ры­нан 2012-2014 жылдарға арнал­ған кепілдендірілген трансферт ту­ра­лы» заң жобасы үш жыл бойы жыл сайын 1 200 миллиард теңге мөлшерінде айқындалған. 2012 жылы тиісті қаржы жыл соңына ІЖӨ-нің болжамды мәні­нен 20 пайыз мөлшерінде төмен­детіл­мей­тін қалдық қағидаты бойынша 30,1 пайызды құрайды. Ұлттық қор қаражаты, 2011 жыл­дың 1 қазанындағы ақпарат бой­ынша, 7 триллион 197 миллиард теңгеге жетіпті. Сенаторлар атал­ған заң жобасын бірауыздан қа­былдады. Ал Мәжіліс мақұлдаған «2012-2014 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы» заң жо­ба­сы бойынша Эконо­микалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов, Қаржы министрі Б.Жәмі­шев және Ұлттық банк төраға­сы­ның орынбасары Д.Ақышев баяндама жасады. Қай­рат Келімбетов мұнай бағасы 2012 жылы 80 долларға, ал 2013-2016 жылдары 70 доллар дең­гейінде болжан­ға­нын мәлім етті. Осы уақыт аралығындағы эконо­микалық өсім 7 пайыз дең­гейінде сақталады деп күтілуде. Министр осы ретте инфля­ция­ның 6-8 пай­ыз аралы­ғын­да жос­парлан­ған­ды­ғын алға тартты. Сонымен, бюджет шы­ғыс­тары­ның көлемін 2012 жылы 6,3 трил­лион теңгеге, ал 2014 жылы 6,9 триллион теңгеге дейін ұл­ғайту көзделуде. Болат Жәмішев өзінің баян­да­масында қаржылардың қайда бөлінгендігін таратып айтып берді. Сенат қабырғасындағы талқы­лау­лар кезінде білім беруге, ден­сау­лық сақтауға, ауыл шаруа­шы­лығына, қоғамдық қауіпсіздік пен халықаралық қызметке байла­ныс­ты бюджет жобасының шы­ғыс­тарын 2012 жылы 25,5 миллиард теңгеге, 2013 жылы 9 миллиард теңгеге ұлғайту және 2014 жылы да осыншама қаржы бөлу көз­дел­ген. Жалпы, сенаторлар жобаға 160-қа жуық өзгерістер енгізгені белгілі болды. Үш­жыл­дық бюджет жобасында әлеумет­тік қам­сыз­дандыру мен әлеу­мет­тік кө­мекке 4 триллион 38 миллиард теңге шығындалады деп күтілуде. Білім беру мен ғылымға жұм­са­латын шығыстар үш жылға 1 триллион 155 миллиард теңгені құрайтын болса, денсаулық сақтау саласына 1 триллион 315 миллиард теңге деп белгіленіпті. Мәде­ниетке қарастырылған қаржы үш жылға 61 миллиард теңге болып белгіленсе, мемлекеттік және өзге де тілдерді дамытуға 13 миллиард теңге көзделген. Туризм және спорт саласына үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы 95 миллиард теңгені қамтыған. Бай­ла­ныс саласына 74 миллиард тең­ге көзделсе, соның басым бөлігі – 57 миллиард теңге телеха­бар­ла­рын сандық эфирде таратуды да­мытуға бағытталған қаржы. Осы ретте жаңалықтар 24 телеарнасы үшін жабдықтар сатып алуға 2012 жылға қосымша 1 миллиард 400 миллион теңге беріліп отыр. Сондай-ақ үш жылға арналған ауылдағы кәсіпкерлікке 9,5 миллиард теңге, тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 401, ауыл ша­руашылығына – 965, ғарышты игеру саласына – 43 және автомобиль жолдарын дамытуға жыл сайын 235 миллиард теңгеден бөлу қарастырылған. Ақша-несие саясаты бойынша баяндама жа­са­ған Данияр Ақышев баға тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылдың 9 айын­дағы инфляция 6,5 пайыз болып­ты. Жылдық инфляция деңгейі 8 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Өткен тоғыз айда ақша массасы 15,8 пайызға өссе, ақша базасы 12,1 пайызға кеміген. Қазіргі таңда еліміздің алтын-валютадағы халықаралық резервтері 75 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жыл басынан бері аталған қор 26,6 пайызға өскен. Бұдан кейін депутаттар Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке және Үкімет мүшелеріне көптеген сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Осылайша жан-жақты талқы­лауға түскен 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қабылданды. Соңынан Үкімет басшысы сенаторларға өз ризашылығын білдіріп, халықара­лық жағдайларға қысқаша шолу жасады. Депутаттар күн тәртібін­дегі өзге де мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.