03 Ақпан, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1196 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Талас ауданының әкімі Оңдасын Жиенқұлов жақында мәслихат депутаттары мен тұрғындар алдында аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы міндеттер туралы есеп берді. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген қатысты. АСҚАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА АСУ ДА КЕДЕРГІ ЕМЕС Аудан әкімі есебін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты Қазақстан хал­қы­на дәстүрлі Жолдауынан туын­дайтын келелі міндеттер біздерді жаңа белестерге бастайды, деген сөзбен бастады. Елдің экономикалық және әлеуметтік саласы қашанда мем­лекеттің басты назарында болып келеді. Ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуының қазіргі жағ­дайына назар аударар болсақ, бір­қа­тар ілгерілеушіліктердің бар екені байқалады. Өткен жылы ішкі өнім көлемі 9 865,3 миллион тең­геге жеткен. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 1 636,7 миллион теңгеге артық. Ауылшаруашылық саласында 4 048,4 миллион тең­генің өнімі өндіріліпті. Мал басы да қауырт өсіп келеді. Шөл және шөлейтті аймаққа орналасқан ауданда егіншілікті дамыту үшін атқарылар іс-шара, әрине, аз емес. Алайда су тапшы­лы­ғын жою мақсатында алдағы уа­қытта да ауқымды жұмыстар ат­қа­рылатынға ұқсайды. Биылғы жылы “Жол картасының” инвес­ти­циялық бағыттары бойынша Жұ­мабек каналының – 10; Қа­зақ­­бай каналының – 7,5; Жиен­бет-Ұзын каналының 13,5 шақыры­мын жөндеуе қаражат қа­рас­ты­рылыпты. Егістік жер­лерді толық игеру үшін ауылдық аумақтардан тұтынушылар ко­опе­ративтерін ашып, ұсақ шаруа қожалық­тары­ның басын біріктіру жұмыстарын қолға алу да құп­тарлық іс. “Жол картасы” аясында да көңіл толарлық істер жүзеге асы­рылған. Соның нәтижесінде аудан­да еңбек рыногын тұрақ­тан­дыру, аймақтық еңбекпен қамтуды және кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз ету мақсатында пәр­менді іс-шаралар  шешімін тапқан. Әлеуметтік нысандар мен ин­фра­құрылымдар қалпына келтірілген. Мысалы, білім саласында көп­теген мектептер мен гимназиялар күрделі жөндеуден өткізілген. Мә­дениет саласында Үшарал, Ақкөл, Бостандық ауылдарындағы мәде­ниет үйлері, Қожағаппар, Көшек ауылдарындағы кітапхана ғима­рат­тары жаңғыртылған. Денсаулық сақтау бойынша Қасқабұлақ, Май­төбе ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға берілген. Ауданның индустриялық-ин­но­вациялық даму стратегиясын жү­зеге асыру оң нәтижелер беруде. Бір жыл ішінде ауданға 1 635,2 мил­лион теңге инвестиция тар­тыл­ған. Цемент зауыты қайта қал­пына келтіріліпті. “Senur-Oіl” ЖШС мұнай өңдейтін шағын зауы­тты қайта жаңғырту жұмыс­тарын қолға алыпты. “Сарытас-Удобрение” ЖШС  кен орын­да­рын беру жөніндегі тендердің нәтижесін күтіп отыр. Әлбетте, толайым табыстардың бәрі еліміздің дағдарыстан шығып, экономикалық дамудың даңғыл жолына түскендігінің кепілі болып табылады. Мұндай жемісті еңбекте ауданның бірлігі жарасқан жұрт­шылығының қомақты үлесі бар. Оларды биыл да ауқымды, мақ­сат­ты істер күтіп тұр. Ауыз су мәселесін шешу де аудан басшысынан үлкен жауап­кер­шілікті талап етеді. Бүгінгі күн­ге дейін аудандағы 25 елді мекен­нің 9-ы ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Биылғы жылғы “Жол картасының” инвестициялық бағыттары бойын­ша Бөлтірік ауылындағы су жүйесін қайта жаңғыртуды жалғастыруға 163 859 мың теңге бөлініп отыр екен. Ал Көктал және Ақкөл ауылдарын ауыз сумен қамту жүйелерін 2011 жылы қаржыландыру жоспар­ланып­ты. Газ мәселесі бойынша Аман­гелді газ кенішінен тартылған газ құбырына жақын орналасқан елді мекендерді газдандыру мәселесі об­лыс әкімінің ауданға іссапары кезіндегі іс-шара жоспарына ен­гізілген. Сондай-ақ, жол құры­лы­сы, электрлендіру, халықты әлеу­меттік қорғау, т.б. мәселелер де қолға алынбақшы. Сонымен бірге, биыл Қаратау қаласындағы Дін­мұ­хамед Қонаев атындағы орта мек­тепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 20 млн. теңге, Аққұм ауы­лын­дағы Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепке 35 млн. 454 мың тең­ге, ҰОС-қа қатысқандар мен оларға теңестірілгендер сый-сыя­паты үшін 1 млн. 320 мың теңге бөлініп отыр. Аудан әкімінің есебінен кейін сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Ә.Әбдіразақова аудан әкімінің есебіне оң баға берді. “Шолақтау” ЖШС-нің директоры М. Сәрсенов те әкім есебіне қа­на­ғаттанғандығын білдіре отырып, ұсақтау-ұнтақтау цехында цемент өндіруді қолға алғандарын, “Мо­ло­дежный” шахтасынан қалаға су жүргізілгенін, сондай-ақ, ауданға күл-қоқыс тасуға арналған ав­то­кө­лік алу үшін 5 миллион теңге бөл­гендерін және арнайы жас ма­ман­дарды оқытып, олар үшін қаржы бөлінгенін жеткізді. Аудандық мәс­­лихаттың депутаты Д.Төлеп­бер­ге­нов өткен жылдың ішінде депу­тат­тардың көмегімен 19 үйдің шаты­ры жабылып, су құбырлары жөн­дел­гендігін айтты. Аудан басшы­сының есебін ол қанағаттанарлық деп есептеді. Әлбетте, ұсыныс, тілектер де айтылды. Мысалы, облыстық мәс­лихаттың депутаты Ж. Тәукебаев “Талас таза су” мекемесінің стра­тегиялық жағдайына тоқталып, осы мекеме үшін арнайы бір экс­ка­ватордың керектігін айтса, зейнеткер Ө.Бейсенова ауыз су тап­шылығын  сөз етіп, қала іші мен сыртындағы су құбырларын ауыстыруға өтініш жасады. Аудан­дық газ шаруашылығы мекемесі­нің директоры, аудандық мәсли­хат­тың депутаты Ә.Жұмаділов 1993 жылдан бері қала тұрғындарын та­биғи газбен қамтамасыз етіп келе жатқандықтарын, соның нәтиже­сін­де бүгінде қаланың 80 пайызы газдандырылғандығын жеткізіп, Жартас ауылы мен Мақұлбек ауы­лына әзірге газ жүргізудің мүм­кін­шілігі болмай отырғандығын, ол үшін қаражат қарастырылуы керек­тігін айтты. Сонымен бірге, Қаратау қаласының тұрғыны Е. Спандияров қазіргі кезде жастар арасында есірткі пайдаланудың ұлғайып бара жатқандығына алаң­даушылық білдіріп, оның жолын кесу жөнінде аудан әкімі мен тиіс­ті органдарға өтініш білдірді. Ақ­көл ауылының тұрғыны, зейнеткер Ә.Құйқабайұлы Ақкөл көлінің тағдырына назар аудару керектігі және қойдың жүнін дұрыс баға­лап, қабылдап алу мәселесі, сон­дай-ақ егіншілікпен түпкілікті ай­на­лысу жөнінде ұсыныстар айтты. Аудан әкімі О.Жиенқұлов жа­рыссөзде қойылған сұрақтарға, айтылған ұсыныстарға нақты әрі түсінікті жауап қайтарды. Аудан әкімінің есебін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген: – Қазіргі қол жеткізген табыс­та­рымыздың бәрі – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың сарабдал сая­сатының жемісі. Біз алдағы уа­қыт­та да ойға алған барлық ша­руа­ны бірлесіп жүзеге асыратын бо­лайық. Игілік атаулының бәрі елде,  – деді. Жиналған жұртшылық аудан әкімі Оңдасын Елубайұлының есебіне оң баға беріп, алдағы міндеттердің жүзеге асатындығына сенім білдірді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. ЖҰБАН ЕЛІНДЕ ЖАҚСЫЛЫҚТАР ЕСЕЛЕНЕДІ Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиевтің халыққа қорытынды есебі Елбасымыздың қазақстандықтарға жаңа Жолдауын жариялаған күнмен тұстас келді. Бұл осы үлкен дидарласуға айрықша рең үстеді. Қорытынды кездесуге көтеріңкі көңіл-қошпен жиналған көпшілік алдындағы есебін әкім “Бүгін ерекше күн. Мемлекетіміздің басшысы өз халқына жөні бөлек, жосығы ерек Жолдауын арнады. Осы айтулы құжатты насихаттап, онда межеленген мақсат-мұратты орындауға жұмылу бәріміздің міндетіміз”, – деген сөздермен бастады. 18 ауылдық округі бар Ақ­жай­ық­та әлеуметтің өтініш, ұсыныс­тарына сай, талай тірлік тия­нақ­талып келеді. Есімі елінің жүре­гіндегі әйгілі сөз зергері Жұбан туған топыраққа мәдени-рухани түлеу тән болуға тиісті десек, бұл орайдағы шоқтығы биік шаруа бір шоғыр. Болашақтың бесігі – мек­теп­тен де жан жадыратар жақсы­лық­тар лебі еседі. Өткен жылы 4 орта мектеп үйіне күрделі жөндеу жүр­гізіліп, екі ауылда  – Жайықтың оң жағалауындағы Мерген мен сол жағалауындағы Базартөбеде халық сақтап қалған қос қабатты ғи­ма­рат­тар жасандырылып, интернат­тар ашылды. Ауданда, сөйтіп, оқушылар интернатының саны төрт­ке жетіп, ұл-қызды осындай мекемелермен қамту жөніндегі бұрынғы түйіндер шешімін таба бастады. Аудан бюджетінен бас­тауыш­тар оқушылары мен аз қам­тылған отбасылар балаларын мектептегі сабақ кезінде ыстық ауқатпен қамтуға 40,3 млн.теңге, мектеп асханаларына жабдықтар алуға 8,2 млн.теңге бөлінді. Елбасының жаңа Жолдауында белгіленген “Балапан” бағдарла­ма­сы халықтың әлеуметтік жағдайы­на, жас ұрпақтың тәрбиесі мен бі­ліміне байланысты талай мәселені орнына қояры сөзсіз. Қорытынды есепте Абай Сәтиұлы бұл тақы­рып­ты да жан-жақты қаузады. Был­тыр ауданда 2 балабақша, 19 шағын орталық ашылды. Таяуда үлкен Тайпақ ауылында сәби­лер­дің екінші үйлеріне арналған қос қабатты ғимараттың жөндеуі аяқ­тал­ғалы отыр. Сонда аудан бой­ын­ша балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 80,6 пайызды құрайды. Әкім ертеңгі ізбасарлардың жарқын өміріне қа­тысты істермен қатар, олқылық­тардың орнын толтыру жайын, осыған байланысты білім бөліміне жүктелген тапсырмаларды нақты­ла­ды. Салаға мамандарды іріктеуде кемшіліктер ұшырасады, демек, конкурстарды өткізудің жай-жап­сарына салмақты талдау жүргізу қажет. Кейбір шағын орталықтар жұмысында сапасыздық бар. Бала тағдыры қалыптасатын жерде еш­бір ұсақ-түйекке орын жоқ. Өйткені, елдің ертеңі мектептен басталады. Туризм саласын дамыту да күн тәртібінде тұр. “Еуразия ғылым­да­ры одағы” қоғамдық қоры арқылы Коловертное ауылындағы шіркеу жөндеуден өтті, мұнда аспанасты мұражай жасақталады. Басқа да тарихи орындардың өлкетанудағы мүмкіндіктерін толық пайдаланып, туризм стансаларын ашу ойлас­тырылуда. Былтыр денсаулық сақтау са­ла­сында жүзеге асқан оң өзге­рістерге де халық ризашылығын арнап отыр. Екі ауылда дәріхана ашылып, 3 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілсе, 9 медицина мекемесі ғимараттары газбен жылытылуға көшірілді. Яғни, тұрғындардың үлкен бір өтініштері орындалды. Соңғы үш жылда 17 дәрігерге тұрғын үй берілді. Дәрігерлердің жетіспеуі алаңдататын болса, зор үміт меди­циналық оқу орындарында білім алып жатқан аудан түлектеріне артылады. Соңғы үш жылда осындай студенттер саны 40-тан 138-ге жетті. Бұл қуанышты-ақ. Ендігі міндет, – олармен тығыз байланыс жасап, ауылға тарту. Жалпы, 2009 жылғы есепті кездесулерде тұрғындардан ауыл-елдің көкейкесті мәселелеріне байланысты 262 ұсыныс-өтініш түсіп, бүгінге мұның 70 пайыздан астамы орындалса, биылғы ұсы­ныс саны 30 пайызға азайған. Бұл, әрине, тұрмыс-тірліктің бұрынғы кезеңге қарағанда әлдеқайда оңға ойысқанын көрсетеді. Сондықтан жұрттан қазір тұтынушылық-сұ­рамсақтық психология шегініп, ат­қарылған алымды істерге ризашылық жиі естіледі. – Бүгінгі есеп Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауымен қатар кел­генін жақсы ырымға жоримыз,– деді “Нұртілек” шаруа қожалы­ғы­ның жетекшісі Нәсіпқали Қайыр­қомов. – Мемлекетіміздің әлемдік қаржы дағдарысынан дағ­дара қой­ма­ғанына көзіміз айқын жетіп отыр. Бұл – ауызбірліктің, ұйы­су­дың арқасы. “Біріккен – бітіреді” деген, осының мысалы жетіп жатыр. Күре жолдан шалғайлау жатқан біздің Алғабас ауылына көгілдір отынның, таза судың, тіпті екі бөлімшемізге ауыз су құ­бы­рының тартылуының өзі неге тұрады. Енді басқа шағын елді ме­кендер жұрты да газ жеткізілуін сұ­райды. Үлкен ауданымызда не­бір үлкен қам-қарекет атқарылуда, келер уақытта да кесек істер орындалары шүбәсіз. Қорытынды есепке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнен де халайық шалым­ды шаруаларға қанығып, “бәре­кел­ді!” десті. Асыл тұқымды түлігі, мал бордақылау алаңдары, қыстақ-күтірлері көбейе түскен Ақжайық ауданы үшін жайылма суланды­ры­латын алқаптардың орны айрық­ша. Осы алқаптардың “жілігіне қан жүгірту” үшін басталған ша­ра­лар бар. Облыс әкімінің тап­сырмасы бойынша 49-шы көл­та­банды суландыру мақсатында 16,6 млн. теңгеге жобалау-сметалық құ­жаттама жасақталды. Алдағы ке­зеңде Тайпақ және Бударин ка­налдары тазартылады. Осының бәрі шаруа қауымның мұқтажын өтемек. Сондай-ақ Жайықтың сол жағалауы елді мекендері “Қара­шы­ғанақ-Орал” газ құбырының ал­ғашқы желісінің құрылысы сәтті мәре­ленуі­мен зор үміттерін ұштап отыр. Ақжайықтықтардың көптен бергі бір тілегі “Қазақстан-Орал” телеарнасына қатысты. Яғни, ай­мақтың біраз жердегідей, аудан тұрғындары оның 14 сағат бағ­дар­ламасының тек бір-ақ сағатын көріп жүр. Жиынға қатысу­шы­лар­ға Серік Кенжебекұлы жағымды жаңалықты жеткізді. Хабар тарату қондырғыларын алу үшін қаржы бөлінді, бұл аталған арнамен об­лыстың 75 пайызын қамтуға мүм­кіндік береді. Демек, жамағаттың жаназығына байланысты тағы бір түйін шешілмек. Алда – Ұлы Жеңістің 65 жыл­дығы. Осы орайда да Елбасы өзі­нің тапсырмасын нақтылады. Бұ­ған қатысты Ақжайық әкімінің де толымды жоспар, шаралары бар. Аудан үшін тағы бір ерекше дата – Жұбан ақынның күздегі 90 жылдығы. “Бұл мерейтойлар ел­дігімізге сын. Яғни, жас толқынды аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегі рухында тәрбиелеуде, ортақ шаңы­рағымыз – Қазақстанның игілігін еселеуде, рухани баюда бірлесіп серпіліс танытуымыз керек”,– деді өзінің түйінді сөзінде Абай Иманғалиев. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.