Тәрбие • 20 Қараша, 2017

Ауыз өзіміздікі дегенмен...

3060 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде жазуымызды әбден шатыстырып біттік. Алдымызда сөздік жатпаса күнделікті баспасөзді түсініп оқу мүмкін болмай барады. Ал сөйлеу мәдениетіміздің төмендегені соншама – телеарналардағы хабарларды қайтып көруге мәжбүр боласыз. Соның барлығы сөз табиғатын білместіктен шығып жатады. Сондай біраз сөзді жіліктесек жоғарыдағыдай себебі бар.

Ауыз өзіміздікі дегенмен...

Аң балалайды

Теларнаның бірінен көрсетілім беріп жатты. Жануарлар дүниесінен. Оның өзі аударма екен. Әңгіме аңдардың көбеюі жөнінде. Бір кезде қойып қалсын. Буаз аңдар көктемде туады деп.

Ал кеп ойланайын. Аң туушы ма еді деп. Аң буаз болушы ма еді деп.

Бұрынғы шалдар аң туады деп сөйлемейтін. Аң балалайды деп айтатын. Мұнымыз жалпылама атау. Жалқылағанда жіліктеп алып кететін.

Жыртқыштар жөнінде айтқанда тек қана күшіктейді деп айтады. Қасқыр туды немесе бөлтіріктеді деп айтпайды, айтса күшіктеді деп айтады.

Үй түліктеріне қаратып айтқанда бие құлындады, түйе боталады, сиыр бұзаулады, қой қоздады, ешкі лақтады деп айтады. Бұлардың тағыларына қаратып айтқанда да осылайша өзгеріссіз айтылады. Қодас бұзаулады, киік лақтады, арқар қоздады деп. Құлан құландады демейді, құлан құлындады дейді. Басқа тұяқтыларына төлдеді дейді. Елік, бұлан төлдеді деп айтады.

Қалғандары балалайды. Піл, керік балалады деп айтады.

Хайуанаттардың жұмыртқадан көбейетіні бар. Оларды тұқымданды дейді.

Буаз аң дегенді естісем керең болайын. Ал буаз малды естідім. Оның өзі төрт түлігімізге қаратылып айтылған. Адам баласына қаратып айтқанда бұлай сөйлемейді. Ішті әйел, буаз әйел деп айтушылық болғанымен есті қазақ ондай құтпан әйел баласын екіқабат деген. Екіқабат деп тек адам баласына қаратылып айтылады.

Туады деп адам баласына қаратып айтады.

Құсқа қаратып айтқанда жалпылап жұмыртқа басады дейді.

Аң малтиды

Адам суда жүзеді, малтиды, сүңгиді. Аң ше?

Қазақтың түсінігіндегі аң жалпы атаудан әсте бөлек түсініледі. Жалпы, аң атауын бабаларымыз мақұлықат деп түйіндеп тастаған. Аңды сол мақұлықат сөзінен алып шығады. Мәселен, қолтырауын қазақ түсінігінде мақұлықат. Бабаларымыз оны аң деп білмеген. Өйткені оның етін, терісін, қан-жынын пайдаланбаған, тұтынбаған. Мүйізтұмсық жөнінде де осыны айтуға болады. Жайра жөнінде осыны айтар едік.

Ал аю жөнінде бұлай айта алмаймыз. Қасқыр жөнінде де, түлкі жөнінде де солай дер едік. Өйткені біз оларды тұтынамыз. Құрығанда терісін, құрығанда өтін.

Ауызекі тілде аң жүзеді деп айта береміз. Мәселен, арыстан суда жүзеді, аю да солай. Алайда есті қазақ ешқашанда аң жүзеді деп ешқашан айтпаған. Аң малтиды деп айтқан. Өйткені аң тек алдыңғы екі аяғы ғана ескек ретінде пайдаланады.

Құс болса жүзеді. Өйткені олар жарғақты.

Жарғақ аяқты.

Ақсақ қой түстен кейін маңырайды

Бұл мәтелдің әу бастағы қолданылу мағынасы атымен өзгеріп кеткен. Қазіргі қолданыста құр қалған, кеш қалған мағынасын береді.

Тегене құйрық қойлар шайлаған соң жүре алмай қалады. Енді олардың өз салмағын алып жүруі мұң болады. Оның үстіне май сүйегін жеп қойып, сүйектері жіңішкереді.

Осындай себеппен отардағы ақсақ қойлар аз болмайды. Олардың төлдеріне қарауға мұршасы келмей жатады. Іздесе өз жағдайы түзелген соң іздейді. Оның өзінде маңырап...

Бұл мәтел осыдан барып әу баста өзінен аспады мағынасында қолданылған.

Арба айдаған артқа қарайды

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген мақалды елдің бәрі білер. Ат үстіндегі қазақтың жайы белгілі. Ол жан-жағына қарап бағдар алады. Ал арбадағы айдаушы қазақтың жайы күдімен. Барар жерін білмеген айдаушы еріксіз артына қараумен әуре болады. Өйткені ол бағдарын артына қарап түзейді. Содан барып «Арба айдаған артына қарайды» деген мәтел қалған.

Қазір арба айдаған алдыға қарайды деп айтушылық белең алып барады. Бұлай айту аяқжолынан адасып қалғандарға жарасса керек. Алайда жылқы малы ешқашанда аяқжолынан таймаған.

Аяқты уқалайды

Бүгінде бұлау деген жол бермей тұр. Сол үшін отандастарымыз сонау Қытай, Тайланд,Үнді елдеріне сапарлап барып келіп жүр.

Білген адамға бұлау дегеніңіз қып-қызыл бизнес көзі. Қазір ондай бұлау өзімізде де жеткілікті. Телесандық түймесін басып қалсаңыз қытайша бұлаймыз, үндіше бұлаймыз деген жарнамадан көз ашпайсыз. Соның өзінде дұрыс жазбайды. Бірінде бұлаймыз десе, екіншісінде булаймыз деп жатады. Бұлау мен булау екі түрлі сөз. Бұлап үзеді, булап тер алады. Ал жарнамадан осы сөздердің екеуін де көруге болады. Аяқты бұлаймыз, аяқты булаймыз деп жатады.

Аяқты буламайды да, бұламайды да. Уқалайды.

Бас та солай.

Оны да уқалайды.

Безі жоқ ешкі пышақты табады

Бабаларымыз малдың күйлілігін сауырына, бауырына, жауырына қарап айырған. Жай уақытта ешкінің семіздігін айыру мүмкін емес. Оны ешкі бағушы шекшектер жақсы білген.

Ешкінің бұғасында екі без болады. Түймелі ешкілердің де болатыны түсінікті. Бұл жерде түйме мен безді шатыстыруға болмайды. Ешкі қалай семірсе де түймесі қашанда көрініп тұрады.

Ал бездің жөні басқа. Жай уақытта ол көзге көрініп тұрады. Ал мал семіргенде қолдың жұдырығындай майға көміліп кете барады. «Безі жоқ ешкі пышақты табады» деген мәтелдің тура мағынасы осындай. Бабына келді, игілікке жұмсалды деген мағынаны береді.

Қан жуып, кіндік кескен...

«Кір жуып, кіндік кескен» деп сұңқылдап жатамыз. Бұл мақалды айтқанда туған жер мағынасын жазбай танимыз.

Кіндік кескені түсінікті, кір жуғаны қалай?

Әуелі кіндік кесіп, соңынан неге кір жумаймыз?

Қазір «кір жуып» сөзін тура мағынасында қолданып жүрміз.

Қанға байланысты әйел баласына намаз оқу, не оқымау, ораза ұстау, не ұстамау туралы хұкімі бар. Мәселен, етеккірі келген әйел баласы намаз да оқымайды, ораза да ұстамайды. Амал қазасын етеккірі өткен соң өткереді. Дүниеге сәби әкелген әйел бұл міндеттен қырық күн азат. Өйткені сәбимен бірге әйелдің кірі/қаны да келеді. Дүниеге сәбиден бұрын кір/қан бұрын келеді.

Кірді, әрине, жуады.

Оған дейін кіндік қаны тамбайды.

Кіндік қаны кескен соң тамады.

Демек, «кір жуып, кіндік кескен» тіркесін «қан жуып, кіндік кескен» деп түсінуіміз керек.

Қой шайлайды

Қарауылы жақсы мал семіреді. Қылаңды малдың түгі сыртына шығып, көз қуантады. Біреуі майды өркешіне жинаса, біреуі құйрығына жинайды.

Майды құйрыққа жинайтыны тек қой ғана. Сондықтан да бабаларымыз оларды тегене құйрық деп әспеттеп жатады.

Төрт түліктің қалғаны тоғын сақтағанда, қой малы семіруін тоқтатпайды. Оның семіретіні соншама ит секілді артқы аяғынан шоқиып қалады. Ал әлемет семіргені аяққа тұра алмай жатып қалады.

Енді қой шайлайды.

Шайлағаны сол құйрығынан жарылады.

Мұны кешегі шалдарымыз ақмай дейтін.

Ақмайды шикідей жей беретін.

Қолтық керістіреді

Шүкіршілік, бүгінде той көп. Соның қастерлісі неке тойы, әрине. Некенің хұкімінде соңғы малыңды салып, той жасау жауапталған.

Олай болса неке тойы тойлануы керек.

Сол тойда асаба құдаларды ортаға шақырады.

– Құшақ жайып, төс қағыстырыңыздар, – дейді.

Ортаға шақырылған ерлі-зайыпты құдалар бір-бірін құшақтап, төс түйістіреді.

Былайша қарағанда сөкеттігі жоқ сияқты.

Алайда құда мен құдағи төс қағыстырмақ тұрсын, қолтық та керіспеген. Өйткені құдалыққа тек ер адамдар ғана жүрген.

Әрі-беріден кейін құда мен құдағидың төс түйістіруі әбестік.

Ал құдалардың жөні басқа.

Екі жақтың сөзі піскенде қолтық керісіп, төс түйістірген.

Бұл құда болдық деген мағынаны білдіреді.

Құсты ілдіреді

Бүгінде өскелең жастарда аңшылық әуезе болып барады. Бұлары қызара бөртіп, көшені шаңдатып жүргеннен гөрі жақсырақ, әрине. Алайда автоматтанып, пулеметтеніп бара жатқан мұндай жандарды көріп ішің ашиды. Бұл аңшылық емес, жұқалап айтқанда қырушылық.

Қазір екінің бірі итбегі немесе құсбегі. Жаратқанының бабы келсін, келмесін «охотаға» кетіп бара жатады.

– Құс қағамыз, – дейді біреуі.

– Аң қағамыз, – дейді екіншісі.

Іштей «тоғызымен тоғыз үйір» деп тілеулес болып тұрасың.

Аң қағу, құс қағу деп айтушылық бар.

Ал негізінен...

Құсты ілдіреді...

Аңды шалдырады...

Мал бітеді

Сөз білетін қазақ «Атамызға мың біткен» дейді.

Қазақтың танымында жүз сөзі жиегінен асқан көптік ұғымын бере бермейді. Жылқы малына қаратып айтқанда мисыз көп болса да мың біткен дейді. Мың біткен соң дегеннен-ақ оның жылқылы бай екенін бағамдаймыз. Осындағы мың сөзі жылқылы деген мағынаны да, бай деген мағынаны да береді.

Бұл жердегі анық нәрсе мал бітеді екен. «Атадан қалған мал жоқ» деп және онысын шегелеп қояды.

Бұл анық нәрсе болса керек. Кешегі қызыл тәргі кезінде Арқаның он сегіз мың жылқы біткен байлары Адамбай-Тұрсын айдалып, малы тәргіленгенде сіңірі шыққан кедейлерге жүздеп жылқы тиіп, шала байыған-ды. Елдің айтысынша сол жылқыдан келер жылы тігерге тұяқ қалмапты. Осыған қарағанда жылқы жарықтық бітсе керек.

Мың бітсін-ақ. Неге атамызға? Оның астарында не жатыр?

Аңдаған адам бірден табады. Атамыздың еңбекқор болғандығын. Өйткені атамыз қағып-баққан. Олай болса мал баққанға бітеді екен.

Мал бітеді.

Мал баққанға бітеді.

Өлім жетеді

Өлімнен бір ғана Қорқыт дәде қашпаған.

Өзекті жанның барлығы да қашқан.

Бұл дүниені тәрк етіп қылуетке түскендер де аз болмаған.

Солардың біреуі де өлімнен қашып құтылмаған.

Адам Ата 930 жыл жасаған. Мұса Пайғамбар 120 жас жасаған. Нұх Пайғамбар болса 1780 жыл жасаған. Дүниеден қайтарында ел бұл дүние жайында Нұх Пайғамбардан сұрағанда «өмір екі есікті үй сияқты, бірінен кіріп, екіншісінен шығып бара жатырмын» депті.

Олардың барлығы да бір жанына тыншу іздеген. Ол даруды біреу үйінен, біреу түзден тапқан, біреу оттан, біреу судан тапқан.

О дүниелік болғанда барлығы да лақатқа барып түскен. Сөйтіп тыншыған.

Адам жанын тыншытатын өлім ғана.

Сондықтан ол кеш пе, ерте ме – өзекті жанға бәрібір жетеді.

Соғымды тәрбиелейді

Тәрбие сөзін кейінге дейін арабтардан енбеді ме екен деп келген едім. Бүгінде өзіміздің төл сөзіміз екендігіне ден қойдым.

Адамның тәрбиесі түсінікті. Осы тәрбие сөзінің соғымға тура қатысы бар.

Күнделікті сойыста малды мүшелейді. Жылқыны да.

Жай уақытта жылқы малын соя бермейді. Сойса торқалы тойда, топырақты өлімде сояды. Онда да мүшелейді.

Ал соғымды мүшелемейді – тәрбиелейді. Ең бастысы етке жел тигізбейді. Ондай ет піскенде сағызданып тұрады. Етті жас күйінде сақтаймын десе суға шылап, мұздатады. Жер қазып, мұзқаптап сақтайды. Мұндай ет бұзылмайды. Сөлін ұстап қалады. Нағыз сүр керек болса онда етті ұнда сақтау керек болады. Мұндай ет еш уақытта бұзылмайды және оны суға қайнатпай-ақ жей беруге болады. Оны қазақтар мейізсүр деген. Шынымен дәмі мейіз татып тұрады.

Ет табаққа ешқандай бөтен қоспасыз түсуі керек. Тәрбиесі келіскен етке ешқандай сарымсақ, жуа, басқа да дәмдеуіштердің қажеті шамалы. Кемеліне келген мұндай дәмді қазақтар соғым еті деп әспеттеген.

Қазақтың еті тек еттен ғана тұрады.

 

Төрехан МАЙБАС,

этнограф-жазушы

ҚАРАҒАНДЫ