03 Ақпан, 2010

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ ЖАҢҒЫРТЫЛМАҚ

1446 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Алдымен агенттік төрағасы Серік Нокин еліміздегі құрылыс са­ласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және ре­формалау жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыты туралы баяндама жа­сады. Оның айтуынша, 2009 жылы ІЖӨ көлеміндегі құрылыстың үлесі 8,2 пайызды көрсеткен. Агенттік са­ласына жататын жұмысшы­лар­дың үлес салмағы республика жұ­мысшыларының 10 пайызын құра­ған. Өткен жылы 6,2 млн. шаршы метр тұрғын үй жоспарланғанымен 6,4 млн. шаршы метр салыныпты. Мемлекет тарапынан үлестік құ­рылысты қолдау үшін қабылданған шаралардың нәтижесінде респуб­ли­калық бюджеттен 205,8 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 63 мың үлес­кері бар 450 тұрғын үй кеше­ні­нің ішінен 318 нысанның құ­рылысын аяқтауға мүмкіндік туған көрінеді. Ал бұл 36 мың үлескердің құқығы қорғалды деген сөз. Қалған 132 нысан құрылысы 2010-1011 жылдары аяқталады деп күтілуде. Мемлекет басшысының өткен жылғы тапсырмасына сәйкес “Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лық­ты дамыту және жаңғырту” бағы­ты бойынша “Жол картасы” іске асырылды. Осы мақсатқа бө­лінген 61,2 млрд. теңгенің 60,7 млрд. теңгесі немесе пайызбен санасақ, 99,9 пайызы игерілген. 81 мың жұмыс орны ашылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық са­ла­­сында 284 км. жылу трассасы, 737 км. электр желілері, 284 км. газ­­бен жабдықтау желісі, 1029 су­мен жабдықтау желісі және 172 км. су бұру желісі салынған және жөнделген. Еліміздің коммуналдық ша­руа­шылығы инфрақұрылымындағы ны­сандардың 70 пайызының тозы­ғы жеткен көрінеді. Инженерлік желінің тозғандығы ресурс қорын жо­ғалтуға себеп болып отыр екен. Орташа көрсеткішпен алғанда жылу энергиясы 35 пайызға, су 32 пайызға шығындалып отыр. Сон­дықтан агенттіктің басты жұмысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғыртуға негізделіп отыр, деп атап көрсетті С.Нокин. Елбасының биылғы “Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Жолдауында қазақ­стан­дықтарды әлеуметтік және тұр­ғын үй-коммуналдық қызметтер­мен сапалы қамтамасыз ету міндеті баса айтылды. Енді агенттіктің жұ­мысы ең алдымен пайдалану шы­ғын­дарының үлесін төмендетуге және ресурс үнемдейтін техноло­гия­ларды енгізуге негізделген тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты жаңғырту бағытында жүр­гізілетін болады. 2010-2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты жаңғырту бағдарла­ма­сы әзірленетін болады. Атап айт­сақ, Елбасы 2020 жылға дейін тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын жаңғыртуды міндеттеген бо­ла­тын. Осы орайда агенттік Үкімет тап­сырмасымен 1 маусымға дейін бағдарлама жобасын нақтылау үстінде. Қазіргі таңда бағдарлама 3 не­гізгі бағытта, атап айтсақ, ин­же­нерлік желілер мен коммуналдық сектор нысандарын жаңғырту және қайта жөндеу, барлық елді мекен­дер­ді сапалы ауыз сумен қам­та­ма­сыз ету, сондай-ақ ТҮКШ тиім­ді­лігін арттыру мақсатында инсти­тут­тық негіз құру қолға алынатыны белгілі болып отыр. Елімізде құрылыс салуға лицен­зия алған 38 мың компания бар. Бұл құрылыс саласының дамуын көр­сетуде емес, оған қойылар та­лап­тың күшейтілуін талап етуде, деді агенттік төрағасы Серік Но­кин. Оның айтуынша, ендігі жерде “Техбақылау” салынған нысанды лицензиямен қабылдамауы керек. Сондықтан болашақта барлық құ­рылыс компанияларын аттестация­дан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл құ­рылысты кім жүргізетіндігін, қан­дай деңгейде салатындығын анықтауға мүмкіндік бермек. Егер қойылған талапқа сай келмесе оларға рұқсат берілмеуі де әбден мүмкін. Алқа мәжілісінің қорытынды­сын­да сөз алған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов соңғы екі жарым жылда атқарушы биліктің көп уа­қы­ты алдыңғы жылдары туындаған мәселелерді, атап айтқанда, құры­лыс саласында қалыптасқан “бос қауашақтарды” шешуге кеткендігін айтып өтті. Болашақта бұл мәселе қайталанбас үшін дұрыс шешім қа­былдау қажет. Дағдарыс аяқталып, Қазақстанға қаржы тартыла бас­таған кезде осы оқиға қайталануы әбден мүмкін. Сондықтан банктер бұрынғыша құрылыстарды көрсет­кіштен артық несиелендіріп, ескі қалыпты қайтадан киюі ғажап емес, деді Премьер-Министр. Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов агенттікке қаржы реттеушілері мен адал құрылыс компанияларымен біріге отырып осы мәселені реттеуді тап­сырды. Сонымен қатар алдағы жыл ішінде құрылыс секторы қажетті, белгіленген жоспармен дамуы, сондай-ақ үдерістің “бос қауа­шақ­қа” айналмауы үшін жұмысты жүзе­ге асыру жолдарын Үкіметке баяндап отыратын болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ. “ҚАЗ­­САТ-2” БИЫЛ ҰШЫРЫЛАДЫ Мәжілісте екі мәселе, агент­тік­тің былтырғы жылы атқарған жұ­мыс­тары мен алдағы мақсат-мін­деттері жөнінде мәселе қаралды. Соны­мен бірге онда агенттікке қа­рас­ты “Қазақстан ғарыш сапары” ҰК” АҚ, “Бәйтерек” БК, “Ғарыш байланысы және радиоэлек­тронды құралдардың электромагниттік үй­лесімділігі республикалық орталы­ғы” АҚ, “Инфракос” РМК, “Ин­фра­кос-ЭКОС” ЕМК басшылары­ның есептері тыңдалды. Мұнда агенттіктің жұмыстарына байланысты мәселе бойынша атал­мыш ведомствоның басшысы Тал­ғат Мұсабаев мынадай мәлімет­тер­мен бөлісті. Өткен жылы жоспар­лан­ған жұмыстардың көбі атқа­рыл­ды. Агенттік еліміздің ғарыш са­ла­сын дамыту және халықаралық ын­тымақтастықты нығайту мақса­тын­да бірнеше мемлекеттермен келісім жүргізді. Соның нәтижесінде еліміз Ресейден басқа, Франция, Израиль, Германия, Қытай, Жапония, Оң­түс­тік Корея, Үндістан, Украина және Ислам Конференциясы Ұйымы­мен “Байқоңыр” кешенін игеруде екі жаққа тиімді болатын және аэро­ға­рыш­­тық зерттеулерді бі­рі­гіп жүргізу бойынша тығыз әріптестік байланыс орнатты. Мұ­ның ішінде өткен жылы Мемлекет басшысының Қазақстанға ресми сапармен келген Франция прези­дентімен ғарыш саласын игеру бойынша қол қойған келісімдерінің маңызды­лығын атап өтуге болады. Осы орайда ол тек бір Ресеймен ғана байланысқа байланып қалуды өзінің пікірі бойынша дұрыс са­на­май­тынын, еліміз тәуелсіз мемлекет бол­ған соң, өзге елдермен де тең дәрежеде байланыс орнату керектігін атап өтті. Мәжілісте одан әрі Тал­ғат Мұ­са­баев өткен жылы тағы бірқатар жұмыстардың істелінгенін айтты. Былтыр агенттіктің жұмысы толық­қан ғарыштық жүйелерді, техноло­гия­ларды дамыту мен иге­ру, “Бай­қо­ңыр” кешенін, ғарыш­тық аппа­рат­тарды шығару жүйеле­рін дамыту, ғарыштық жұмыстың ғылыми-тех­никалық және тә­жірибелік негізін дамыту, ғарыш са­ла­сының инсти­тут­тық қамтама­сыз етілуі мен білікті мамандарды дайындау мәселесіне арналды. Осы жұмыстардың бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес, алдағы кезде “Байқоңыр” ғарыш ай­лағын Ресей­ден қайтару және Қаз­ғарыштың стратегиялық жоспары мен мемо­ран­думының аясында жүргізілді. Дегенмен, оның ай­туын­ша, бюд­жет­тен ғарыш саласына бөлінген қаржының жетіспеуіне байланысты кейбір жобалар уақыт­ша тоқта­ты­лып, іске аспай қалды. Мұнда ол “Байқоңыр” айлағында отандық ма­мандар үшін салынған әлеумет­тік инфрақұрылым нысан­дары­ның күрделі жөндеуден өтпе­генін, қазақ ғарышкерінің халық­ара­лық ғарыш­тық құрамда ұша алмай қалғанын және аталған стансадағы біздің 12 ғы­лыми-зерттеу жұмыс­тары­ның тоқта­тылғанын мысалға келтірді. Мәжілісте агенттік төраға­сы Үкімет басшысынан осы жұмыс­тар­ды іске асыруға қолдау білдіруді өтінді. Сонымен бірге ол Пре­мьерге “Бай­қоңыр” айлағында жүзе­ге асы­ры­латын “Днепр” және “Зенит” ға­рыш­тық зымыран ком­мер­циялық кешендерінде қазақ­стан­дық үлесті арттыру керектігін, алдағы уақытта соңғысын қайта жаңарту үшін 100 млн. АҚШ дол­ларының қажет бо­ла­тынын жет­кізді. Одан әрі Талғат Амангелдіұлы өткен жылы стра­те­гиялық жоспарға сәйкес, “Қазсат-2” жер серігін аяқ­тау жұмысының, “Қазсат-3” спут­ни­гін жасау, жер­ден басқару ны­санының құрылы­сы­на арналған келісімдерге қол қою, геос­та­цио­нарлық орбитадағы отандық ғарыш аппаратының орна­ластыру нүктесін белгілеу шара­ла­ры­ның басталға­нын, Жерді қашық­тықтан зондтау ғарыш жүйесінің пайдалы жүк­темесі мен жерүсті кешенін құру, Астана қаласында ғарыш аппарат­тарын құрастыру-сынау кешенін салу жұмыстарының бастамасы мен құрылысқа арналған жер телімдерін дайындау істері қолға алынғанын айтты. Осы жерде агенттік төрағасы биылғы жылы “Қазсат-2” жер серігін ұшыру жос­парланып отыр­ға­нын, қазір алғаш­қы ұлттық спутникпен қалыптасқан жағдайды қайталамау үшін аппа­ратты басқару жүйесін жетілдіру, оны жақсарту жұмыстарының жүр­гі­зілгенін атап өтті. Мұнда ол “Қаз­сат-2” жер сері­гін басқару құрал­дарының Батыс Еуропа өндіру­шілерінің жаб­ды­ғы­мен ауыстырыл­ғанын, аппаратты құруға және ұшы­ру келісіміне то­лықтырулар ен­гізілгенін айтып, соған байланысты енді спутниктің сапасына кепілдік берілетінін, жер серігі ұшырыл­ғаннан кейін оны сақтандыру мә­се­лесіне аппаратты құрастырған жақ­тың өзі жауапты болатынын мә­лімдеді. Ал “Қазсат-1” спутнигі­не қатысты ол оның 65 млн. АҚШ доллары көлеміндегі өтем­ақысын ресейліктердің төлейтінін ескертті. Мәжілісте агенттік төрағасы өт­кен жылы кадрларды дайындау мәселесінің шешілгенін де атап көрсетті. Осы орайда ол Қазғарыш былтыр елімізде арнайы аэроға­рыш­тық оқу орындарын құру жө­нінде бастама көтергенін, ал қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-де аэроғарыштық зерттеулер фа­куль­те­тін ашу мәселесі шешілгенін, Орал қаласында Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық универ­си­тетінің базасында Самара мем­ле­кетік аэроғарыш білім ордасының бөлімі ашылатынын мәлім етті. Мәжілістегі қорытынды сөзінде Талғат Амангелдіұлы агенттіктің биылға жоспарланған жұмыстарына тоқталып, олардың дені страте­гиялық жоспар мен меморандумда көрсетілген міндеттерге байла­ныс­ты іске асырылатынын жеткізді. Осыдан кейін Қазғарышқа қа­расты мекемелердің өткен жылғы жұмыстарының қорытындылары мен алдағы жоба-жоспарлары қа­рал­ды. Алқа мәжілісін Үкімет бас­шысы қорытындылады. Премьер агенттіктің былтырғы жұмысына жақ­сы баға беретінін, Талғат Мұ­сабаев сияқты дүние жүзі бойынша беделді де білікті бес маманның бірі ведомствоны басқарып отырғанда еліміздің ғарыш саласының бола­ша­ғына әрқашанда үміттенетінін ай­тып, агенттіктің алдағы жоспар­ла­рының іске асуына табыс тілей­тінін білдірді. Сонымен бірге ол қоры­тын­ды сөзінде Қазғарыштың халық­аралық ынты­мақтастықты ны­ғай­туда, білікті отан­дық маман­дарды дайындау мен басқа да атқарып жат­қан жұмыстарын одан әрі жал­ғас­тыруды тапсырып, ғарыш саласын­дағы жобаларды еліміздің алдағы бес жылға жоспарлаған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, тиісті деңгейде жүргізуді жүктеді. Дастан КЕНЖАЛИН. АДАМ ӨМІРІНЕН ҚЫМБАТ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев саланың өткен жылғы жұмыс қорытындысын баяндап, медицина қызметкерлерінің алда атқаратын міндеттерін айқын тұжырымдап берді. Алқа мәжілісіне Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысып, денсаулық сақтау саласына жүктелген жауапкершіліктің алдағы уақытта да маңызды болып қала беретінін, әр адам өзінің денсаулығын қашанда жақсы сезінуі үшін медицина мекемелерінің жұмысы бүгінгі күн талаптарына сай болуы тиістігін айтты. Сала басшысының мәлімдеуі бой­ынша, өткен жылы атқарылған іс аз емес, ал алда тұрған міндет одан да қомақты, сондықтан қол жеткен биікті місе тұтпай әлі де көп белестен асуға тура келеді. Жыл қорытындысын оның алдындағы жылғы жағдаймен салыстырғанда, ел ме­ди­цинасында біршама ілгерілеушілік бай­қалады, әсіресе нәрестелердің шетінеуінің өткен кездегіге қарағанда 11,4 пайызға,  жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша көрсеткіштің 14 пайызға кемуі, түрлі дене жарақаттары, улану, туберкулез және қа­терлі ісік ауруларының біршама төмендеуі сала қызметкерлері еңбектерінің нәтижесі екені сөзсіз. Өткен он жылда елімізде жаңадан 124 аурухана мен емхана ашы­лып, халықаралық стандарттарға сай қыз­мет көрсететін медициналық қызмет көрсету орындары бой көтерген. Ашық түрде жүрекке операция жасау сынды күр­делі медициналық ем-домдар облыс орталықтарындағы ауруханалардың өзінде өте бастауы бұрын тек қиялда ғана болса, енді мұнан былайғы уақытта сырқаттарды жергілікті жерлердің өзінде емдеуге мүм­кіндіктер тууда. Қазақстан ғалымдары әлем­де алғашқылардың бірі болып құс, доңыз тұмауына қарсы вакциналар ойлап тапты. Туу көрсеткіші 1,5 есеге өсті. Ана мен сәби денсаулығына байла­ныс­ты қолға алынған шаралар туралы айтатын болсақ, өткен жылы көп жұмыстар атқа­рылды. Арнайы дәрігерлік тексеруден әйел-аналардың 98 пайызға жуығы өтсе, олардың 12,2 пайызының сүт бездері ауруларына шалдыққаны анықталған. Про­филактикалық тексеруден 4 мил­лион­нан астам сәби өтсе, 26,6 пайызы­ның денсаулығынан мүкістік байқалуы ана мен бала денсаулығына әлі де болса жіті назар ауда­ра түсуді міндеттейді. Аяғы ауыр ана­ларды тиісті медициналық препарат­тар­мен, сәбилерді тегін және жеңілдік түріндегі дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуде, медициналық орталық­тардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылған. Медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ана мен бала өлімін азайту үшін арнайы республикалық штабтың құрылуы бекер емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, “Жол картасы” бағдарламасы аясында өткен жылы 486 медициналық мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 28 609 жұмыс орны ашылған. 1481 медицина қызмет­кері даярлық пен қайта даярлаудан өтіп, оған 267,7 миллион теңге жұмсалған. Ал биылғы меже бойынша 230 медициналық нысанға құрылыс жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 11 995, 7 миллион теңге жұмсалады, 13 396 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Соңғы үш жылда елімізде денсаулық сақтау саласына қатысты 217 нысан бой көтерген,  оның 102-сі өткен жылдың ен­ші­сіне тиесілі болса, 10-ы  “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы бойынша салын­ған. Министр өзінің жылдық есебінде осындай мысалдарды алға тарта отырып, денсаулық сақтау саласы қызметкер­лері­нің биылғы жылы қолға алып отырған басты міндеттерін атап өтті. Онда ана мен сәби өлімін азайтуға, туберкулездің көрсеткішін төмендетуге, жұқпалы басқа да қатерлі сырқаттарды болдырмаудың нақты жобалары қарастырылған. Мұның бәрі әрине, денсаулық сақтау саласының келешегіне жұрт сенімін нығайта түсетін тұғырлар екені сөзсіз, Қазақстан медици­насын әлемдік бәсекенің биігіне бастап бара жатқан соқпақ екені рас.  Бірақ та қазіргі таңда көрсетіліп отырған медици­налық қызметтің сапасына халықтың көңілі тола ма, ел медицинасы көп тала­бын қанағаттандырып отыр ма деген кө­кейтесті мәселелерге келгенде ойланатын жәйттер өте көп. Бұл ретте салаға жаңа­дан енгізіліп отырған бірыңғай ұлттық жүйені айта кетудің жөні бар. Ол биылғы жылдың қаңтар айынан бастап қолға алынды. Министрдің айтуынша, бұл жүйенің тиімділігі бұрын сырқаттардың дәрігерлерге мұқтаждығы сезіліп келсе, мұнан былай әр адам өзі қалаған дәрігерін таңдауға құқылы. Үкімет басшысы мұны өте маңызды қадам деп баға берді. Аурухана мен  дә­рі­­герден бұрын, ең алдымен емделуге келген адамға жағдай жасалуы керектігін еске салды. Медициналық мекемелердің соңғы кездері заманауи технология­лар­мен жабдықталып жатқанын, мұның бәрі де халық игілігі үшін жасалынған қам­қор­лықтар екенін айта келіп, мұндай жаңа жабдықтармен жоғары кәсіби дең­гейде жұмыс істей алатын мамандарды даярлау мен қайта даярлықтан өткізу мә­селесін сөз етті. Үкімет басшысы айрық­ша маңыз берген екінші мәселе – жаңа туған нәрестелердің алты жасқа дейінгі сапалы өмірін қамтамасыз етуге көңіл бөлу керек. Осы аралықта сәбидің денсаулығына қаншалықты көңіл бөлініп, сүйіспеншілік пен қамқорлыққа бөленсе, есейгенде соның жемісін тата­тын болады. Кішкен­тай күнінде баланы өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыландыру­дың маңызы ерекше екенін өмірдің өзі дә­лелдеуде. Премьер-Министр қорытын­ды сөзінде сала басшысына балалардың ақ қан дертіне, С гепатитіне шалдығуына байланысты оқиғаның анық-қанығын біліп, тәртіп орнатуды тапсырды. Денсаулық сақтау мәселесі Елбасының халыққа Жолдауында да егжей-тегжейлі айтылып, саламатты өмір салты мен адам­ның өз денсаулығы үшін жауапкершілігі қағидаты денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс екенін баса көрсетуі бекер емес. Денсаулық сақтау нысандарын салу мен жабдықтауға, кадрларды даярлауға көңіл бөлініп, саламатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есеге төмендетіп, жалпы өлімді 30 пайызға азайтып, туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқартуы тиіс деп медицина саласы қызметкерлеріне нақты тапсырма жүктеп, адам өмірін басты мәселе етіп қоюы мақсат-мүддені айқындаған. Ендігі мәселе – сол үміттің ақталуы, ақ халатқа жұрт сенімінің сақталуы, ананың алаңсыз, баланың қайғысыз өмір сүруіне ең алдымен, халықтың өзін қалтқысыз иландырып, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге үндеудің мәніне үңіле түсуде болып тұр. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. РУДНЫЙДА ҚОНЫСТОЙ КӨБЕЙГЕН КҮН Облыс әкімі Сергей Кулагин өз есебінің алдында Рудный қаласына тағы келді. Неше жыл бойы Қос­танай өңіріндегі жылымық қыс биыл есесін алғандай. Қысқы шіл­де ұзағынан тұрып алды, қаңтар ауып кетсе де сақылдаған сары­шұ­нақ аяздың сынар түрі жоқ. Бірақ Рудныйдағы құрылыс жұмыстары аязды елемеді. Жаңа жылдың алдында ғана мұнда 900 орындық қазақ орта мектебі пайдалануға берілген еді. Енді қайтадан жөн­дел­ген №13 орта мектепте балабақ­шаны жоқтатпай­тын шағын орталық салтанатты түрде ашылды. Бұл кеншілер қаласында балабақ­ша­ның кезегін сәл де болса алға жылжытады. Аязды күнгі рудныйлықтардың қуанышы мұны­мен шектелмек емес. Облыс әкімі осындағы 52 пәтер­лі жалдық-коммуналдық үйдің қызыл лентасын қиды. Қала­дағы мұғалімдер мен дәрі­гер­лер, арда­герлер, жетім балалар үйінен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жастар тіршілікке ең бірін­ші қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған пәтерлер кілтін әкім қолынан алып, қуанышқа бөленді. Рудныйлықтар сол күні тағы бір ерекше қоныс тойы қуа­нышына куә болды. Жаңа жылдың бастапқы күндері Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің қызметкері Виктор Парышевтің отбасында шекесі торсықтай үш ұл дүниеге келген болатын. Виктор­дың үшемнен бұрын да бір баласы бар еді. Облыс басшысы қала активін бастамас бұрын үшемнің әке­сін құттықтап тұрып, “ССКӨБ” акционерлік қоғамы­ның президенті Мұхамеджан Тұрдахуновқа: “Алты жан бар көп балалы отбасына төрт бөлмелі пәтер артық бомас еді” деген болатын. Кен алыбының басшысы әкім ишарасына кідірместен жауап берді. – Рудныйлықтар қатарын көбейтіп отырған үшемнің әкесіне төрт бөлмелі пәтер берілетініне уәдем берік. Жігітім, қоныс тойыңа дайындала бер!–деді. Мұнан кейін жалғасқан қала активінде кемшіліктерден гөрі жетістіктер басымырақ айтылды. Қала қыстан қысылмай отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,  Қостанай.