Қазақстан • 23 Қараша, 2017

«Партизан қызы» кітабының кейіпкерлері туралы біз не білеміз?

5857 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

60-шы жылдардың басы. 12-13 жастардағы бала кезіміз. Ауыл дүкеніне жазушы Әди Шәріпов ағамыздың «Партизан қызы» повесінің түскені бар. Сол кездегі жасөспірімдер ұғымымен қарағанда бұл өзі мүлде бөлек дүние еді.

«Партизан қызы» кітабының кейіпкерлері туралы біз не білеміз?

 Сондықтан оны қол­дан қолға тигізбей оқыдық дейсіз. Оқиға соғыс жүріп жат­қан батыста бастау алады. Келе-келе әңгіме сондағы жау­ тылында қалған қазақ офи­церінің отбасы төңірегінде өр­би­ді. Кітап кейіпкерлерінің көр­мегендері жоқ. Оған бір мысалды, атап айтқанда түн қатып, түс қашқан жорық жолдарында шыр етіп жарық дүние есігін аш­қан Майя есімді қыздың тағ­дырын айтсақ та жеткілікті.

Сон­дай-ақ екі жасқа дейін партизандар арасында өскен сол сәбиді қолға түсіріп, халық кекшілдерін өздеріне бас игізбек болған жау жансыздарының айла-шарғылары да бір төбе әңгіме. Осындай өзгеше өрім­мен өрілген шығарма ауыл бала­лары біздерге ертегідей көрі­ніп, ерекше әсер қалдырған. Сон­дықтан да оны мұндай оқиға өмірде болмаған, тек әдебиет әлемінің заңдылығы бойынша кейіпкерлері ойдан шығарылып, сомдалған көркем шығарма деп қабылдағанбыз. Сөйтсек... 

1969 жылы КазГУ-ге оқуға түскенімізде университет­тің акт залында бір топ қа­лам­гер­мен кездесу өткен. Жүз­десу­ге шақырылған ол ағала­рымызды Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Әди Шәріпов бастап келіп еді. Пікір алмасу үстіндегі «Парти­зан қызы» туралы қойылған сұраққа Әдекең бұл өмірден алынған шығарма екендігін айтқан. Сөйткен де туындыдағы Жылбек пен Жамал, олардың 1941 жылы жау тылында дүниеге келген қызы Майяның Павлодар қаласында сау-сәлемет тұрып жатқанынан хабардар еткен. Бұған біз сонда сенерімізді де, сенбесімізді де білмегенбіз. Сөйтіп: «Өмірде осындай да жағдай болады екен-ау?», деп таңданғанбыз да қойғанбыз.

* * *

Ұмытқанбыз.

* * *

...Осыдан екі жыл бұрын Павлодарға іссапарға баратын болып, жолға жинала бастадық. Сол мезетте редакцияға ғалым Серік Негимов бас сұқты. Келген шаруасы тез шешілген соң: «Керекуде бір қызық тақырып бар, – деді көңілденіп. – Жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» повесі бар емес пе?! Онда міне, сол шығарманың өмірдегі кейіпкерлері тұрып, ғұмыр кешкен. Олар жөніндегі бар дерек-мәліметті туысы Дәмет Қарашашева (Смайылова) жақсы біледі. Қажет десең адресін берейін. Міне, телефоны!»

Мына сөзді естігенде ойы­мызға осыдан 46 жыл бұрынғы КазГУ, акт залы, ондағы Әди аға Шәріпов айтқан сөз оралды. «Иә... иә! Жазушы сонда повесть прототиптерінің Павлодарда аман-есен тұрып жатқанын айтып еді-ау! Қалай ұмытып, естен шығарып алғанбыз? Қазір сол аға-апаларымыздан біреу бар ма екен? Тірі жүр ме екен мына жер бетінде?».

Облыс орталығына келіп түскен бойда жоғарыдағыдай бір өкініш, бір үмітпен Дә­мет Бабылбекқызына хабарлас­қанбыз. Телефоннан қазақ әйел затына тән биязы дауыс естілді. Мән-жайды ұққан соң өзінің жағдайынан хабардар етті. Қазір Астанада тұрады екен. Мұнда тек 3-4 күнге бір шаруамен келіпті. Осылай деді де Мәшһүр Жүсіп мешіті алдындағы аллея­да күтетінін айтты. Көп ұза­май сол жерде кездесіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін Дә­метке төмендегідей ойымызды баяндадық. Ол біздің шы­ғарма кейіпкерлерінің қазір мына өмірде бар-жоғы, сосын олардың жазушы туындысында қамтылмаған, мүлде сөз бол­маған тұстары жайлы айтып бе­ру туралы өтінішіміз еді.

– Өкінішке қарай кітап кейіп­керлері Жылбек аға мен Жамал апа қазір бұл өмірде жоқ, – деді бізге мұңая үн қатқан Дәмет. – Майя әпкеміз де солай... Ол ғазиз жанның дүниеден өткеніне де, міне, 22 жылдың жүзі болып барады.

Осы сөздерді айтқан әңгі­ме иесі бұдан кейін біздің назарымызды Ағаділовтер отба­сының «Партизан қызы» по­весінде жоқ жайттарға аударды. Егер естеріңізде болса, құрметті оқыр­­ман, шығармадағы қазақ офи­­цері Жылбек Ағаділовке қатысты оқиға бірден 1941 жыл­ғы соғыс басталып, одан әрі оның партизандар отрядындағы әс­ке­ри қимылдарына жалғасып кетпеуші ме еді. Сөйтсек Ұлы Отан соғысына дейін де ол біраз өмір көріп ысылған адам екен. Олай дейтініміз 1913 жылы Бая­науыл өңірінде туған болашақ кі­тап кейіпкері 1927-1933 жылдары Павлодардағы коммуна интернатында тәрбиеленіп, жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапыланбек зооветеринарлық техникумына барып оқиды.

Осы оқу орнын бітірген 1935 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады да, Түрікменстанның Кушка қаласындағы 152-ші атты әскер полкінде қызмет етеді. Сосын Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Армавир әскери училищесін бітіріп, 1939 жылы жапондармен болған Халхин-Гол шайқасына, 1940 жылы фин соғысына қа­ты­сады. Сондағы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. 1941 жылы батыс Белоруссиядағы шекара заставасында қызмет атқарып жүргенде соғыс басталып, негіз­гі күштен бөлініп қалған лейтенант Жылбек Ағаділовтің взводы Брянск орманындағы 2-ші Клетня партизан отрядына келіп қосылады.

Осыны айтқан Дәмет сәл үнсіздіктен соң кітаптағы келесі кейіпкер Жамал апай туралы сөз қозғады. Әңгіме төркініне қа­рағанда әскери қызметте жүр­ген Жылбек Ағаділов 1941 жыл­дың қаңтарында елге демалысқа келеді. Сонда анасы Жәми бас­таған туыстары азаматқа сыбай-салтаң жүрген жараспайды деп Павлодардағы Ыдырыс де­ген­ кісінің қызы Жамалға үйлен­діреді. Қызмет орнына жас жұ­байлар болып оралған олар алаңсыз өмір сүріп жатқанда, жау шекарадан баса-көктеп кіреді де Жылбек шайқас өтінде, ал Жамал әскери қалашықта қалып қояды.

Комендатура адамдары көп кешікпей мұндағы әйелдер мен бала-шағаны пойызға тиеп шығысқа аттандырғанда, состав Баранович маңайында бом­балауға ұшырайды. Содан бастап аяғы ауыр Жамал қа­сын­дағы өзі сияқты адамдар­мен бірге жаз, күз бойы орман арасындағы деревняларды саға­лап күн кешеді. Ал бұл кезде оның жан жары Жылбек те сол ма­ңайдағы партизан отрядында түн ұйқысын төрт бөліп жүрген еді. Бір-бірінен ажырап қалған олардың 4 айдан соң қалай табысқаны бізге «Партизан қызы» повесіндегі жеке тараудан жақсы мәлім.

– Құдіреті күшті Алланың ниеті ақ пенделеріне деген ра­қымы, мейір-шапағаты шек­сіз екен, – деді әңгіме иесі. – Әйт­песе... Иә, өзіңіз ойлап қараңызшы... Танымайтын ел мен білмейтін жер. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан аймақтағы өмір мен өлім арпалысып жатқан сәт. Сон­дай жағдайда бір-бірінен көз жа­зып қалған қос мұңлықтың қай­тадан табысуы... Бұл енді адам түсінбейтін нәрсе.

– Иә, – дедім мен де осы ара­да жоғарыдағы сөзді қостап. – Мұның өзі өмірде өте сирек­ кездесетін жайт. Мыңнан бір жағдайда болатын оқиға. Ен­ді сіз мына сауалға жауап беріп көріңізші. Брянск ор­­ма­­нын­да­ғы Майя қыздың дүние­ге келуі кітапта көркем тіл­мен баян­далған да қойған. Ал сәби­дің нақты өмірге келген кезі бел­гілі ме? Құжат жүзінде қалай жазылған?

– Иә, ондай дерек бар. Әп­кеміздің партизандар отряды жеркепесінде жарық дүние есігін ашқан уақыты – 1941 жылғы 27 қараша. Туған жері – Белорус КСР-і, Брянск облысы, Дубровка ауданы, Будевинец деревнясы маңайы. 1943 жылдың аяғындағы Орталық партизан штабы берген анықтамаға сәйкес туу туралы куәлік осылай толтырылған.

– Ағаділовтер отбасы со­ғыс­­­тан елге қашан оралған? Олар­дың бейбіт күндегі өмірі жөні­нен не білесіз?

Бұған әңгіме иесі былай деп жауап берді. 1943 жылдың қа­рашасында Брянск орманында қимыл жасап жүрген 2-ші Клетня партизан отряды жауды тықсырып келе жатқан Қызыл армия бөлімдеріне қосылады. Көп ұзамай Жылбек Ағаділовке қысқа мерзімді демалыс беріледі де ол кісі отбасымен Павлодарға келеді. Аз күннен соң зайыбы­ Жамал мен екі жастағы қызы Майяны елге қалдырып, қайта­дан майданға аттанады. Сөйтіп 1944-1945 жылдар аралығында Венгрия, Пруссия, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысып, екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. 1946 жылы әскерден босап, алдымен Павлодар қалалық, одан кейін облыстық қаржы бөлімінде аға тексеруші қызметін атқарады.

Ал Жамал мен Майяға кел­сек, апай тігіншілікпен шұғылда­нады. Сөйтіп өмір бойы бір ғана жерде – Павлодардың 8 март атындағы киім фабрикасын­да шебер, цех жетекшісі, бригадир болып жұмыс істейді. Осы еңбек ұжымының ұсынымы­мен «Құрмет Белгісі» орденін иеленіп, 80-ші жылдардың басында зейнетке шығады.

Майя болса, 1948 жылы облыс орта­лығындағы №24 орта мектептің 1-ші сыныбы табалдырығын аттайды. 1958 жылы Алматыдағы КазПИ-ге келіп, математика факультетіне оқуға түседі. Оны үздік бітіргеннен кейін Пав­ло­дардағы өзі білім алған орта мек­тепке жұмысқа орналасып, шәкірттерге ұстаздық етеді.

– Жоғарыдағы біз өзіміз сөз­ ет­кен аяулы жандар қашан қай­тыс болды?

– Жылбек аға 1970, Жамал апай 1991, ал Майя әпкем 1993 жылы өмірден озды, – деді Дәмет.

– Ұрпақтары бар ма?

– Майдан даласынан оралған соң Жылбек аға мен Жамал апаның көпке дейін сәбилері бол­ма­ды. Кейін Рая атты қыз­ бала дүниеге келді. Ол тәте­­міз Се­мей медициналық инс­титу­­тын бітіріп, ұзақ уақыт Пав­лодардағы №1 ауруханада еңбек етті. Үбірлі-шүбірлі. Ал Майя әпкемізден Арман, Марат деген екі ұл бар.

Келесі кезектегі әңгіме желі­сі­ Ұлы Отан соғысы туралы фото­­­альбомдар мен интернет­ парақ­шаларында ара-тұра көрі­­ніп қалып жүрген партизан отрядындағы Ағаділовтер отбасы суретінің тарихы, оқ пен от ортасынан оралған кіш­кентай Майяның бейбіт өмірге қалай бейімделгендігі, сондай-ақ студент кездегі пар­ти­зан­ қызының қабілет-қарымы төңі­регінде өрбіді. Әңгіме иесінің сурет­ке байланысты айтқаны: Ағаділовтер отбасының партизан отря­дын­­да жүрген күндерінен бір емес, екі фото сақталып қа­лып­ты.

Алғашқысында Майя ата-анасының ортасында, ал кейінгісінде араларында Жылбек аға мен Жамал апа да бар партизандар қоршаған ат арба үстінде отыр. Бұл суреттердің біреуін 1943 жылдың басында орманға «үлкен жерден» қару-жарақ жеткізуші ұшақпен бірге келген әскери фототілші, ал екіншісін сол жылы күзде 2-ші Клетня партизан отрядының Қызыл армия бөлімдеріне қосылған кезінде майдандық газет қызметкерлері түсіріпті. Аталмыш рәсімдерді Жылбек аға 1944 жылы жараланып, Мәскеу госпиталінде емделіп жатқанда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі пар­тизандар қозғалысы» атты архив басқармасынан алдыртыпты.

Ал анасымен соғыс жүріп жат­қан аймақтан тылға аман-есен жеткен бөбектің алғашқы кездегі мінез-құлқына келер болсақ, сол кездері Ағаділовтер шаңырағына келін болып түскен Мейрам апа былай деп еске алады екен: «Үйге біреулер келсе кішкентай Майя үстел астына тығылып, үн-түнсіз отырып алатын. Күн күркіреп, аспанда найзағай ойнағанда да солай істейтін. Аулада ойнап жүргенде төбесінен құс ұшып өтсе, «Самолет... бомба...» деп жанын қоярға жер таппайтын. Оның осындай қимыл-қарекеттерін көргенде: «Ормандағы атыл­ған оқ, жарылған мина үні­нен шынашақтай сәбидің жүре­гі қалай шығып кетпеген? Шай­қастардағы тарсыл-гүрсілден шошыған бөбектің тілі шықпай, мылқау немесе кекеш болып қалмағанына шүкір дейтінбіз».

Сөйткен Майя мектепке бар­ғанда жақсы оқыпты. Инс­ти­тутқа түскенде ерекше­ қабі­лет танытыпты. Ең бастысы мейірімді екен. Оны өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің елге кани­кулға келгеніндегі оқи­ға­лар анық дәлелдейді. «Майя Алматыдан бері шық­қан­да үйдегі Рая бізге ән, би үйретіп, шағын концерттік бағдарлама әзірлейтін, – депті Жа­мал апаның сіңлісі Айжан туыс­тарына айтқан бір әңгімесінде. – Сөйтіп бәріміз бір аулада тұратын 3-4 үйлі ағайындарымыздың балалары алыстан өте бір сыйлы адам келе жатқандай әбігерге түсетінбіз. Студент тәтемізді вокзалдан улап-­шулап күтіп ал­ған соң үйге ке­ліп, дайындаған кон­цертімізді бастайтынбыз.

Майя тәтем бұ­ған мәз болып, ри­за­шылық бел­гісі ретінде жол­қапшығынан Іленің алқызыл гүл­дерінен жа­сал­ған гербарий мен Тянь-Шань шыршасының кепкен бүршіктерін үлестіретін. Содан соң анасы Жамал екеуі үлкен шамаданды ашып, апа-әжелерге үнді шайын, ал бала-шағаға алма ұсынатын. Алматы апортының исі қандай шіркін! Біреуін жесең тоясың да қаласың. Біздер, балалар сонда Майя әпкемізді оқудан емес, Алматыдан базаршылап келген жандай көріп, қасынан шықпайтынбыз».

Жоғарыдағы әңгімелерді айт­қан Дәмет бір сәтке үнсіз қал­ды. Өңінде: «Тағы қандай сауа­лыңыз бар? Сұраңыз?» деген ой бар еді. Мен енді сөзді көп созбай, сұхбат соңын мына бір нәрсені анықтаумен аяқтауды жөн көрдім. Ол: «Манадан бергі айтылған әңгімелерді айғақтап, куәландыратын ресми құжаттар мен анықтама қағаздар бар ма? Мақаламызға өзек еткелі отырған кейіпкерлеріміздің бей­біт күндерде түскен сурет­терін кімдерден іздестіріп табу­ға, алуға болады?» деген сауал­ еді.

– Жылбек ағаның Дыбысбек атты інісі болған, – деді бұған сергек жауап қатқан әңгіме ие­сі. – Кезінде ол кісі де әскерге ша­қы­рылып, соғыс жылдарында Қы­зыл армияның Қиыр Шығыс жақ­тағы резервтік құрамында қыз­мет атқарған. Отставкадағы полковник еді. Міне, сол ағай 2009 жылы үйіне шақырып алып, Ағаділовтерге қатысты бір бума дүниені қолыма ұстатты. «Осылар саған аманат. Жеке кітап етіп шығар, қарағым», деді. Сөйтті де өзі көп ұзамай дүниеден өтті.

Уәде, парыз деген қиын ғой. Тынбай еңбектенуге тура келді. Сөйтіп жүріп 2010 жылы «Партизан Жылбек пен Жамал» деген шағын жинақты шығаруға қол жеткіздім. Бұл – құжаттар мен хаттар және естеліктер мен суреттерден­ тұ­ратын кітап. Тиражы – 150 дана. Сөз етіп отырған еңбек облыстық мәдениет басқар­масының қол­дауымен жарық көрді. Қазір біз міне, дәтке қуат деп осы жинақты көңілімізге медеу тұтып отырған жайымыз бар.

* * *

Қайтып келемін...

* * *

...Қолымда Дәмет берген кітап. Оны жолда оқып біті­ріп бола бере жан-жағыма қара­дым. Шідертіні артқа тастап, Ерейментауға жа­қындап қалыппыз. Ойыма мынадай идея келді. Егер жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» шығар­масы алдағы уақыт­та мемле­кеттік тапсырыспен жа­­рық көретін болып жатса,­ он­да қолымыздағы мына өмір­лік фак­тілер жинақталған еңбекті бірге қосып шығарып-ақ жібере­тін дүние. Сонда бұ­лар бірін-бірі толықтырып, шы­ғарманы бейбіт күндердегі деректермен ба­йытып тұрар еді.

Бұл – бір. Екінші, біздің қазақ әдебиетінде кешегі 1941-1945 жылдарғы қан қасап соғысқа арналған кітаптарға көркем образ, жиынтық бейне ретінде емес, жанды кейіпкер болып кірген адамдар онша көп емес. Олар – Ғабит Мүсіреповтің «Қа­зақ солдаты» романындағы Қай­роштың прототипі Қайыр­ғали Смағұлов, Әзілхан Нұр­ша­йықовтың «Ақиқат пен аңызындағы» Бауыржан Мо­мыш­ұлы, «Ажал аузынан...» се­кілді өз шығармасына өзі кейіп­кер болған Қасым Қай­сенов және Әди Шәріповтің «Партизан қызы» повесіндегі Ағаділовтер отбасы.

Осылардың арасында біз сөз етіп отырған Жылбек аға, Жамал апа, Майя әпкеміздің есімдері Павлодар өңірінде қа­зір ұмытылуға таяу. 2003 жы­лы туған-туыстары қалалық әкім­дікке қайта-қайта қолқа салып жүріп, Дүйсенов көшесіндегі партизан отбасы тұрған ескі ағаш үйге мемориалды тақта ор­натыпты. Өз күштерімен. Өз қаражаттарымен. 2016 жылы Баянауыл өңіріндегі ел ағаларының кү­шімен сондағы Бірлік ауы­лы орта мектебіне Жыл­бек Аға­діловтің есімін бер­гізіпті. Бұдан басқа ештеңе жоқ.

Музей десек болды олар тек Астанадан ашылуы керек деген ұғым бар бізде. Олай емес. Бұлар өңірлерде де өркен жаюы тиіс.Мәселен Көкшетауда Найтингейл атын­дағы соғыс­тағы медбикелер мен санитарлар музейі бар. Мұны еске­ алып отырғанымыз, егер жер­гі­лікті билік Павлодардан «Қазақстандық партизандар»­ деген мұражай ашып, ол Жыл­бек Ағаділов есімімен аталса, оған 1941-1944 жылдары­ Украина, Белоруссия, Югославиядағы қар­сы­­ласу қозғалысына қатыс­қан қазақ­тардың құжатта­ры жиналса, өнегелі іс болар еді. Сонда сын сағаттағы өмірлері үлкен бір шығармаға арқау болған, бейбіт күнде де ерекше еңбектері бар бола тұра өкіметке өтініш айтпаған, ештеңе сұрамаған ғазиз жандарды ұмытпайтын боламыз.

 

 

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»

 ПАВЛОДАР

Суреттерде: 1. Жылбек пен Жамал сәбилері Майямен 2-ші Клетня партизан отряды мүшелері арасында, 1943 жыл. 2.КазПИ-дің 1-ші курс студенті Майяның әкесі Жылбекпен түскен суреті, 1958 жыл. 3.Жазушы Әди Шәріпов кейіпкерлері Жамал апа, Жылбек ағамен бірге, 60-шы жылдар. (Суреттер Д.Қарашашеваның архивінен алынды)