08 Қараша, 2011

Оқу-тәрбие ұстыны – тәуелсіздік

507 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Тәуекел – талай ғасырлар бойы тәуелді болып келген жұртқа тәуелсіздік берді. Бүгінде жасампаз еліміз Жер шарына атағы жайылған абат елге айналды. Жаңа дәуірге қадам басты. Көпшіліктің көз алдында елдің жаңа тарихы қалыптасты. Ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы – ел өміріндегі аса елеулі оқиғаға айналуы тиіс. Сондықтан да осы айтулы мерекенің шеңбе­рінде ауқымды іс-шаралар жоспарланып, ол іс-шаралар еліміздің жиырма жылда асқан белестерін, яғни қол жеткізген зор жетістіктерін қоғамға жеткізуге, насихаттауға бағытталмақ. Өйткені өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттің бағыт-бағдарын, ал­дында тұрған міндеттерін әлем жұрты мен өз еліміздің ұландары жан-жақты білуі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақи­қаты», – деп қазақ халқының ежелден тәуелсіз­дікті аңсай отырып, талай қиындықты бастан кешіріп, бүгінгі күнге жеткендігін айтады. Азат­тық рухы кең көсілген Арқадан кербез Ала­тауға дейінгі, алтын тамыр Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі аралықта ұлан-ғайыр дала­ның ұлы өркениетін қалыптастырған батыр баба­ла­рымыздың қайсар мінезінен оянған еді. Аз уақыттың ішінде біз егемен еліміздің әлеу­меттік-экономикалық әл-ауқатын, мәдени, рухани келбетін бұрын болып көрмеген биік дең­гейге көтердік. Әсем де, айшықты елордамыз – Астанамызды еліміздің төріне шығардық. Соңғы жылдары ұлттық мұраны қайта түлету, ұлттық мәдениетті қолдау тұрғысында үлкен істер атқарылды. Биылдың өзінде "Мә­дени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 51 тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді, ондаған археоло­гия­лық ескерткіштерге қолданбалы ғылыми зерт­теулер жүргізілді. Мемлекеттік тілді дамы­ту жөнінде жұмыстар жүйелі жүргізілуде. "Мем­лекеттік тілді дамыту" Президенттік қо­ры құрылып, қазірдің өзінде бірқатар жаңа жо­ба­ларды жүзеге асыра бастады. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Астана Саммитті де Тәуел­сіздік тұғырының берік екендігін дәлелдеді. Ел Тәуелсіздігін ұлықтаған Қазақстан тек экономикалық модельді таңдаумен ғана шектелмеді. Бұл орайда Конституциялық ереже­лер­ді, сондай-ақ, саяси инфрақұрылымды, дінаралық қарым-қатынасты қамтитын саяси модельді де таңдады. Президенттің: «Бәсекеге қабілетті ұлт деп – оның әрбір өкілінің бәсекеге қабілеттілігін, даярлық деңгейін, білімдік және даралық даму дәрежесін айтамыз» деген сөзінің мән-мағынасы, сөз жоқ, мемлекеттік бағытымыздың негізгі арнасымен ұшта­сады. Елбасы айқындаған жедел жаңару жолы елдікті ойлаған отандастарымыздан жаңа әрі серпінді ізденістерді талап етеді. Уақыт – бәріне сыншы. Сондықтан бүгінгі отандық 147 жоғары оқу орнын, бейнелеп айтсақ, қатаң бәсеке-бәйге алдындағы 147 талап пен 147 ізденіс деп түсіну орынды сияқты. Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» АҚ әзірлеген тұжырымдама жобасында: «Жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде мұғалім­дер біліктілігін арттыру жөнінде ендігі бірың­ғай тұжырымдамалық әдіс қолданылатын­ды­ғын айтуымыз керек. Осы үшін әлемдік тәжі­рибе мен қазіргі заманғы мектептердің талап­тары ескеріле отырып, деңгейлік курстардың тақырыптары жеті модуль бойынша анықта­латын болады...» делінген. Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында осы мәселелерді басшылыққа ала отырып, білім берілуде. Қазір заман талабына сай, жоғары сапалы білім беру деңгейіне жету үшін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және ғылымды жаңарту негізі принципін іске асыру мақсатында жаңа педагогикалық, инновация­лық және ақпараттық технологиялар шебер қол­данысқа ие болуда. Институттың материал­дық-техникалық базасы жинақталған 8 оқу корпусында: оқу зертханалары, компьютерлік кластар, спорттық, хореографиялық және 2 электронды, 6 оқу залдары, ғылыми кітапхана орналасқан. 13 компьютерлік класс, 7 аудитория интерактивті тақта және 1 лингафонды кабинет бар. Әрбір білімгер жеке отырып, еркін жұмыс істей алатындай мүмкіндігі бар элек­тронды оқу залында интернет арқылы ақпарат алу мүмкіндігі жасалған. Электронды оқу за­лының қоры электронды және магнитті тас­ы­малдағыштағы материалдардан, көру-тыңдау құжаттарынан тұрады. Институтта магистратура, аспирантура, педагогикалық мамандық­тар­ға сәйкес педагогикалық кадрлардың білімін жетілдіру және қайта даярлау аймақтық орта­лығы ашылған. Оқу корпустары мен жатақ­ханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы то­лықты­рылған. Институттағы жағымды жаңалықтың бірі – «ХХІ ғасыр мұғалімі моделі» жобасы дай­ындалып, бүгінде осы жоба бойынша жаңа тұрпатты мұғалім мамандарын дайындауда сапалы білім негізін қалау мәселесі алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ, оқу үдерісіне де ерекше назар аударылады. Соның нәтижесінде білімді жастарға қолдау көрсету деңгейі өсе түскен. Соның нәтижесінде білімгерлеріміз елі­мізде өткізіліп жатқан пән олимпиа­дала­рына қатысып жүр. Атап айтсақ, Алматы қаласында өткен республикалық пәндік олимпиададан «Бастауышты оқытудың педагогик­а­сы мен әдістемесі» мамандығы білімгерлері І орын, Ақтау қаласы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік инженерия және технологиялар университетінде өткен ІІІ республикалық олимпиадада «Тарих» мамандығының білімгерлері ІІІ орын, Алматы қаласы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен республикалық пәндер олимпиа­дасында «География» мамандығынан құралған «ТарМПИ» командасының мүшелері жүлделі ІІІ орын, Қызылорда қаласының Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының кубогы үшін өткі­зілген пікір-сайыс турниріне «Талап» пікір­сайыс клубының «Тараз тарландары» коман­дасы қатысып 1 орын, Қазақ мемлекеттік қыз­дар педагогикалық университетінде Алматы қа­ласында «Мектепке дейінгі оқыту және тәр­биелеу» мамандығы бойынша қатысып жүлде­лі І орын, Шымкент қаласы М.Әуезов атын­да­ғы ОҚМУ-де өткен олимпиадаға "Кәусар то­б­ы" қатысып ІІІ орын, «Креатив» командасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Психология» пәнінен республи­калық олим­пиа­даға қатысып ІІІ орынға ие болды. Жоғары педагогикалық білім жүйесінің құрылымы мен мазмұнын жетілдіру мақса­тымен бүгінде ТарМПИ Білім және ғылым министрлігінің оқу-тәжірибелік алаңына ай­нал­ды. Болон келісіміне қол қойылған. Инс­титутымызда ғылыми-зерттеу саласына да баса назар аударылады. Шет мемлекеттерден, атап айтсақ, Германия, Болгария, Венгрия т. б елдерден профессор-ғалымдар келіп, дәріс оқып, ғылыми тәжірибе алмасуда, институтта жыл сайын ғылыми конференциялар, семинарлар, кездесулер өткізіліп тұрады. Қазіргі кезде барлық мемлекеттердің ға­лым­дары адамзат өркениетінің жаңа кезеңі жайлы, жаһандық ақпараттық қоғам қалып­тас­тыру жайлы сөз етеді. Нақ осы үшін кең ау­қымды пайдаланушыларға ақпаратты жинақ­тау­­шы, сақтаушы және таратушы орын ретінде кітапханалардың рөлі өте зор. Біздің кітапханада кітап қоры жеткілікті Президенттік аудитория бар. Ұлы ғұлама ғалым Әл-Фараби: «Адамға алдымен тәрбие беріледі, содан кейін білім беріледі, тәрбиесіз берілген білім адам­заттың қас жауы» – деген. Осы қағиданы біздің институт ұжымы үнемі басшылыққа алады, соның нәтижесінде тәрбие саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Тараз мемлекеттік пед­а­гогикалық институтында Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына орай барлық факультеттерде, кафедраларда, академиялық топтарда және «Білімгерлер үйінде» ашық тәлімгерлер сағат­та­ры, кездесулер, «дөңгелек үстел», дәрістер, жыр-мүшәйрасы және т.б. іс-шаралар жүргізілуде. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы, ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай атқарылған іс-шаралардың білімгерлерге берері мол. Атап айтсақ, «Қа­зақстанның Ислам конференциясы Ұйымына төрағалық етуі» тақырыбында «дөңгелек үс­тел», «Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы» тақырыбында семинар, «Діннің адам өмірінде атқаратын қызметі мен алатын орны» тақырыбында облыс көлемінде семинар-кездесу өткізілді. Семинарға Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Дінтану» кафедрасының оқытушылары, теология докторы, тәфсіртанушы Исмайл Чалышкан, дінтанушы Сержан Қарсыбайұлы Оразбайлар қатысты. Сондай-ақ, «Тіл тәуелсіздігі – ұлт тәуелсіздігі» тақырыбында студенттер арасын­да әңгіме-сұхбат, Ғылыми кітапхананың ұйым­дастыруымен тарихи тұлғаларды еске алуға арналған «Ер есімі – ел есінде» кітап көрмесі, ҰОС ардагерлерінің қатысуымен «Тәуелсіздік жолындағы күрестің тарихи маңызы» тақыры­бында кездесу өткізілді. «Тәуелсіздігім – төл бесігім» атты облыстық форумға қатысқан білімгерлеріміздің идеясы бойынша Тәуелсі­з­дікпен құрдас білімгерлер өздері оқыған мек­тептерінің ауласына 20 көшет отырғызды, бұдан басқа да тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылды. Білімгерлерге тәрбие беру мақсатында ТарМПИ-дің 2011-2020 жылдарға арналған тәрбие жұмысының стратегиялық жоспары дайындалған. Жоспарда патриоттық тәрбиеге, ұлттар ынтымағын сақтауға, қазақ халқының дәстүр-салтын құрметтеуге, адамгершілік тәрбиесіне, саламатты өмір салтына баса назар аударылған. Өйткені Елбасы Н. Назарбаевтың «Өз Отаныңның патриоты болу дегеніміз – Қазақстанды жан-тәніңмен сүйе білу» деген қағидасын басшылыққа алған ТарМПИ ұжы­мы білімгерлер тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Осы­ған байланысты барлық факультеттерде, кафедраларда, академиялық топтарда Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Н. Назар­баевтың Қазақстан халқына Жолдаулары, ҚР заңдары, «Жастар саясаты» мәселелері талқы­ла­н­ып, насихатталады және жастар үшін тәр­бие­лік мәні зор «Жемқорлыққа қарсы күрес», «Нашақорлыққа қарсы күрес», «Экстремизмге қарсы күрес» акциялары өткізіліп тұрады. Патриоттық тәрбие беру мақсатында инс­ти­тутымызда «Бауыржантану» орталығы, «Ба­ласағұн» мұражайы, «Жастар саясаты» орта­лығы, білімгерлердің өзін-өзі басқару орты­лық­тары және жатақханада «Бәйтерек» клубы, «Айша» қыздар отауы жұмыс істейді. Спорттағы жетістіктерді де атап өтуге болады. ЖОО студенттері арасында спорт түр­лерінен республикалық VI жазғы универсиа­даға білімгерлер қатысып, 6 алтын, 15 күміс, 16 қола медальға қол жеткізді. 1 оқу орнының бір жарыста 37 медаль алуы үлкен жетістік. Қыздардың регби командасы биыл алтын медальға ие болды. Алматы қаласында өткен дзюдо, Павлодар қаласында болған қазақша күрес, Петропавл қаласында ұйымдастырыл­ған жүзу спорт түрлері де жеңіс әкелді. Бұл тек 1 жыл ішіндегі жетістік. Институт білімгерлерінің оқуы мен дема­лысын тиімді ұйымдастыру да жолға қойыл­ған. Жатақханада кітапхана, оқу залдары және спорт, тренажер, теннис залдары, компьютер бөлмесі және демалыс бөлмелері жұмыс істейді. «Білімгерлер үйінде» жыл сайын «Үлгілі бөлме», «Үлгілі қабат» байқаулары ұйымдас­тырылады. Адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру мақсатында ашылған «Бәйтерек» клубында және «Айша» қыздар клубында ақын, жазушылармен, еңбек және соғыс ардагерлерімен, кәсіпкерлермен, мектеп директор­ла­рымен, психология мамандарымен, сән және дизайн шеберлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Институтта жас дарындардың шығар­машылық қабілеттерін дамытуда көп көңіл аударылып, әр түрлі деңгейде ән-байқауларын ұйымдастырып тұрады. Жастардың шығарма­шылық қабілетін дарыту және оқудан тыс уақыттарын қызықты, тиімді өткізу мақса­тында талантты және талапты білімгерлерден «Гүлдерай» ансамблі құрылды. Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауымен ұй­ым­дастырылған «Жасыл ел» қозғалысына – 150, «Білімгерлердің құрылыс отрядтары» рес­пуб­ликалық жастар қозғалысына – 7 отряд, яғни 350 білімгерлеріміз белсене қатысып, ал­дыңғы шептен көрінді. «Жасыл ел» бағдарла­ма­сының арқасында білім ошағы да көркейіп, оқытушылар мен білімгерлер, магистранттар­дың ұйымдастыруымен институт корпустары алдында «Бітірушілер аллеясы», «Ғалымдар аллеясы», «Магистранттар аллеясы» жасалды. Корпустар мен білімгерлер үйінің алды ал­қызыл гүлдермен көмкерілді. Мұның жастарға эстетикалық тәрбие беруде үлкен мәні бар деп білеміз. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен бірлесіп «Дипломмен ауылға» жастар форумы өткізіліп, соның нәтижесінде 2010-2011 оқу жылында 294 бітіруші жолдамамен ауылға аттанды. Сонымен қатар, Тараз қаласының 54 мектебінен мектеп директорларының қатысуы­мен жәрмеңке, акция ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар бітіруші мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жұмысының негізгі бағыты – сту­денттердің жеке тұлғалық қасиеттерін қалып­тас­тыру, шығармашылық қабілеттерін, пат­риот­­тық сезімдерін шыңдауға негізделіп, жо­ғары оқу орындарының жақсы дәстүрлерін дамытумен қатар, үздіксіз шыңдап, көркейтуге үлес қосу. Тараз.