Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Сарапшылар Қазақ­станның 2025 жылға дей­інгі стратегиялық даму жоспарын талқылады

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сарапшылар отандық «Atameken Business Channel» телеарнасында Қазақ­станның 2025 жылға дей­інгі стратегиялық даму жоспарын талқылады.

Сарапшылар Қазақ­станның 2025 жылға дей­інгі стратегиялық даму жоспарын талқылады

Ашық пікір алаңына Ұлттық эко­номика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер пала­тасының басқарма тө­рағасы Абылай Мыр­зах­метов, Назарбаев уни­верситетінің вице-пре­зиденті Қанат Байғарин жә­не басқа да сарапшылар қатысты. Басқосуда ми­нистр жеті жүйелік ре­формадан тұратын ма­ңыз­ды құжат туралы ег­жей-тегжейлі баяндады. Өз­­ге сарапшылар әрбір ре­­фор­маға жеке-жеке тоқ­та­лып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, стратегиялық жоспар Ұлт жоспарын орындаудың бір бағыты ретінде қарастырылып отыр. «Әлбетте, құжаттың стратегиялық мазмұны өте жоғары. Десе де, еліміздегі негізгі ұзақ мерзімді құ­жат «Қазақстан-2050» екенін атап өткім келеді. Яғни біз ол құжатта қарастырылған мақсаттардан бас тартпаймыз. 2050 жылға дейінгі негізгі мақсат-мүдделерді орындау үшін қысқа мерзімді мақ­сат­­тарды айқындайтын осын­дай стратегиялық жоспар­лар керек. Себебі әлемдегі макро­эко­но­микалық және геосаяси саясат жылдам өзгеру үстінде», деді ол.

Бүгінгі таңда әр мемлекет өз әлеуетіне қарай түрлі басым­дық­тарға маңыз бере бастаған. «2020 жылға дейінгі жоспарға тоқ­талғым келмейді. Себебі оның негізгі мазмұны дағдарысқа қарсы сипаттарға сәйкес келеді. Ол жоспарда негізге алынған барлық әлеуметтік және экономикалық тапсырмалар орындалды. Сондық­тан біз жаңа жоспар туралы айтамыз», деген министр 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын құруда көптеген сыртқы және ішкі факторлар негізге алынғанын жеткізді.

«Ең алдымен әлемдегі елдермен терең интеграцияға түскен ел еке­німізді білуіміз керек. Әлем­дік трендтерді ескермеу мүм­кін емес. Сондықтан біз жан-жақ­ты са­ла­дағы 100 жаһандық тренд­ті талдадық. Бірнеше сцена­рий құр­дық. Яғни ықтимал жағ­дай­ларға ар­налған сценарий бар», деді Т.Сүлейменов.

Министр сөзінде негізгі екпін XXI ғасырдағы халықаралық дең­гейдегі табысты даму мен бә­се­келестіктің негізгі шарты – ада­ми ка­питалды арттыруға са­лы­нып отыр­ғандығын атап өт­ті. «Жос­парда болашақтағы эко­но­ми­ка­л­ық саясаттың негізгі драй­вер­ле­рі, мәселен, адамдардың құзіреті мен дағдыларын, технологиялар мен цифрландыруды дамыту, өңірлердің рөлін күшейту, жасыл экономикаға өту қамтылған. Ол сондай-ақ сценарийлік жоспарлау есебінен бейімдеуші болып табылады және Үкіметтің егжей-тегжейлі бастамаларының нақты жұмыс жоспарын көрсетеді», деді.

Баяндамашының сөзіне қа­ра­ған­да, стратегиялық жоспар жа­ңа, технологияландырылған, экс­пор­тқа бағдарланған экономиканы қалыптастыруға бағытталған өсімнің жаңа моделін айқындайды. Оның үш драйвері белгіленген: алғашқысы – экономиканың қолда бар салаларының опера­тив­тік тиімділігін арттыру, өнді­ріс­ке арналған ресурстарға шығындарды және өнімдерді тасымалдау және са­ту шығындарын азайту, тех­но­логиялық жаңартуға және цифр­лан­дыруға инвестициялар құю және жасыл экономикаға көшу үшін жағдай туғызу есебінен өнімділікті арттыру болып табылады.

Өсімнің екінші драйвері – қолда бар салалардың экспортқа бағдарлануы, жоғары қосылған құндағы тауарлар мен қызмет көр­се­тулерге екпін түсіру, жеткі­зі­лім­нің ғаламдық тізбесіне енгізу. Нәтижесінде басты экспорттық по­зиция бойынша жаһандық на­рық­тағы позициялар арттыры­луы тиіс. Үшіншісі, жаңа жо­ғары өнімділіктегі экономика салаларын құру болмақ, олар жет­кізілімдер тізбегін құру және айналасындағы қызмет көрсетуді дамыту есебінен және қолда бар салаларды, технологиялық компанияларды оқшаулау, технологиялар трансферін және инновацияларды коммерцияландыру жағдайында пайда болуы тиіс.

«Біз сыртқы конъюнктураға тым тәуелді емес тұрақты сапалы өсім міндетін қойып отыр­ған­дықтан, тек қарқын ғана емес, сонымен бірге адамдардың өсім сапасы мен өмір сүру сапасы да ма­ңызды. Сондықтан стра­те­гия­лық жоспар аясында өзек­ті ұлт­тық индикаторларды анық­тадық, олар үш маңызды құрамдас бөлікті – өсу қарқынын, өсім сапа­сы және өмір сүру сапасын жә­не әлемдік дамыған отыздыққа же­ту жолындағы прогресті бей­нелейді», деді Т.Сүлейменов. Оның пайымынша, мақсатқа қол жеткізу үшін жан басына шақ­қандағы ІЖӨ өсімін 46 100 АҚШ долларына, еңбек өнімділігін ор­та есеппен жылына 4,7 пайызға жет­кізу керек. Ал бұл үшін ши­кізаттық емес тауарлар мен қыз­меттер экспортының үлесі 2016 жылғы 44,6 пайыздан 2025 жылға қарай 50 пайыз болуы қажет. Бұл экономиканы әртараптандырудың белгісі болып табылады.

Жиында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан­да­ғы барлық салаға цифрландыру жүйесін толыққанды енгізу үшін елдің барлық аумағын интернетпен қамтамасыз ету керек екенін әңгімеледі. «Цифрландыру жеке емес, барлық салаға қатысты екенін көпшілік түсініп келеді. Құ­жат­тағы мақсаттарды іске асы­ру жолында цифрландыру айтар­лық­тай септігін тигізеді. Әлбетте, «экономика салаларының цифрлы трансформациясы» деген бір жағынан түсініксіздеу ұғымға ұқсағанымен, нақты айтқанда, ең негізгі инфрақұрылымның осы еке­нін айту керек. Бүгінгі таңда сөз­сіз жедел түрде Қазақстанның бар­лық аумағына, әрбір ауылдарға әлеу­меттік желілерді қолжетімді еткен жөн. Стратегиялық жоспарда бұл қадам бар. Мен осыған қуа­намын», дейді комитет басшысы.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтің пайымынша, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жос­парында айтарлықтай эконо­микалық негіздер қамтылған. Ол құжаттағы үш негізгі мәселеге көңіл аударды. Біріншіден, барлық процестер мен салаларға ауқымды цифрландыру ене бастайды. Бұл шешім қабылдауларға кететін уа­қытты барынша үнемдеп, еңбек өнім­­ділігін арттырады. Екіншіден, құ­жатта экономикалық негіз қамтылған, оның үлесі бойынша бюджеттік ІЖӨ 18-ден 25 пайызға өседі. Ал ұлттық валютадағы кредиттеу 18-ден 50 пайызға жетеді. Бұған дейінгі жоспарларда дәл осын­дай көрсеткіш болмаған. Үшін­шіден, құжатта өңірлерді те­ңес­­тіруді қарастыратын бөлім бар. Бұл да аса маңызды.

Сарапшының айтуынша, стра­те­гиялық жоспар жобасы негізінен жүзеге асырылуға дайын. Яғни құжат бекітілген жағдайда бірден іске кірісу маңызды.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»