Аталған шараның басты мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының мән-мағынасын түсіндіру, жас қазақстандықтардың бойында отаншылдық сезімін ояту және де сананы жаңа сапалы деңгейде жаңғырту. Оның жұмысына Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА өкілдері, Астана мен Алматы қаласы және облыстық білім басқармаларының жетекшілері, республикалық білім беру мекемелерінің басшылары, пән мұғалімдері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының менеджерлері қатысты.
Отырысты сөз сөйлеп ашқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Мұхиддин Төлепбай орталық жұмысына кеңінен тоқталып кетті. Қазіргі таңда орталық жас буынды патриотизмге тәрбиелеуге ерекше екпін беріп отыр. «Патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу идеясы қоғамдық және ұлттық маңызы бар міндет болып табылады. Негізгі мақсаты Отанға, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу болып табылатын «Туған жер» патриоттық бағдарламасы – біз үшін ерекше маңызға ие», деп атап өтті Мұхиддин Бекболатұлы.
Жалпы, «Балдәурен» РОСО жылына 5 мыңнан аса бала қабылдайтын Қазақстандағы жалғыз оқу-сауықтыру орталығы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2002 жылы құрылған Орталық 15 жылдан бері өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бойынша үлкен жұмыс атқарып келеді. Бұндағы ең маңызды оқиға 2016 жылғы ақпан айында Жас қазақстандық патриоттар академиясының құрылуы. Содан бергі уақыт аралығында еліміз өңірлеріндегі 1358 балаға осындай құрметті атақ беріліп отыр. Бұл ретте өткен жылы ашылған «Балдәурен – Қапшағай» филиалында квота бойынша 2 мыңнан аса бала сауықтырылғандығын да атай кеткен орынды.
Алқалы жиында Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов «Рухани жаңғыру» – табысты ел болуымыздың кепілі» тақырыбында ой қозғады. «Елбасы ұлттық сананы жаңғырту мақсатында бірінші рет ғылыми айналымға ұлттық код деген түсінікті енгізді. Ұлттық код дегеніміз – сіз бен біздің бүгінгі тіршілігіміз. Қазақтың әлемдік деңгейінің көтерілгені осы ұлттық код арқылы көрінеді», деді Тілеген Садықұлы.
Білім және ғылым министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіп отырған «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының менеджері Лада Барон соңғы бес айда сананы жаңғырту бойынша елімізде қыруар жұмыстар атқарылғандығына назар аудартты. Білім мекемелерінде отансүйгіштік пен азаматтыққа тәрбиелеу жұмыстарын тілге тиек еткен Л.Барон қазіргі өскелең ұрпақ бойына «мен елім үшін не істей аламын?», деген қағиданы сіңіру қажет екендігін ерекше атады.
Жалпы, семинар жұмысы пәндік-тәжірибелік бағытта өрбіді. Талқылау барысында оқыту-тәрбие жұмысының тиімділігін арттырудың тетіктерін қалай іске қосу керектігі жөніндегі мәселелердің жауабы сараланды. Ал панельдік секцияларда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыттарын іске асыру жолдары қаралып, үнқатысу алаңдарында жан-жақты талқылау тезіне айналды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы