Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Бағаны көтеретін көп себепке тегеурінді жұмыс бар

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» деген сөз бар. Бұл азық-түлікке де қатысты болса керек. Наннан тұзға дейінгі тамақ күн сайын қажет, онсыз өмір жоқ. Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімовтің мәлімдегеніндей, Қостанай өңірінде әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің 19 аталымының арасында ұн, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, сәбіз, қант пен қызылшаға жыл басынан баға тұрақтанған. 

Бағаны көтеретін көп себепке тегеурінді жұмыс бар

Облыста азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін жыл бойы өт­кізілетін жәрмеңкелердің ма­ңызы зор болды. Жыл басынан бері 273 жәрмеңке өткізіліп, онда 2 миллиард теңге тұратын  4 мың тонна азық-түлік сатылған. Сонымен қатар облыста құрыл­ған тұрақтандыру қорына ай сайын жоспарлы азық-түлік түрлері сатып алынады.

Осы қордан жәрмеңкелерге 1060 тонна азық-түлік шыға­рылды, аудандағы шаруа­шы­лық­тармен, тауар жеткізу­ші­лер­мен, өндіруші, өңдеуші кә­сіпорындармен үстеме ба­ға­­ны шектеу жөнінде меморандумдар жасалды. Алайда осы шараларға қарамастан, азық-түлік бағасы­ның өсуі тоқтаған жоқ. Баға жыл басында болжанғандай 5 пайызға емес, сиыр еті 18 пайызға, тауық еті – 11, картоп – 34, пияз – 31, күріш – 13, сары май 6 пайызға өскен. Қазір базарда сиыр еті 1500-1700 теңгеден төмен емес.

Картоптың, қызылшаның бір килосы 120 теңге, сәбіз, пияз 95 теңге, капуста 60 теңгеден сатылады. Д.Әбдікәрімов сиыр етінің қымбаттауы сатып алу бағасына байланысты екенін айтты. Мысалы, өткен жылы еттің килосын базардағы кәсіпкерлер шаруалардан 800-1000 теңгеден сатып алса, биыл ол 1300 теңгеге дейін көтерілді.

Ауылдағы шаруалардың ет­­ті қымбаттатуының себебі көз­­ге ұрып тұр. Жем-шөптің, жа­нар-­жағармайдың бағасы өт­кен жылға қарағанда тағы да өсті. Оның сыртында, сау­да орындарының жалға сұ­рай­тын ақылары да өскен. Осы­ның барлығы соңында тұтыну­шы­ның қалтасын қағады.

– Азық-түлік бағасын өсір­меуге Қостанай қаласында іргесі биыл қаланатын «Агро­өнеркәсіп паркі» көтерме-бөлшек сауда орталығы болашақта оң ықпал етеді деп үміттенеміз. Сонда шаруа малын тікелей осында әкеліп сойып, делдалсыз сататын болады. Жалпы, учаске 7 гектар жерді алады, ғимараттың өзі 20 мың шаршы метрді құрайтын болады. Онда азық-түліктің сапалы сақталуын қамтамасыз ететін қоймалар, мұздатқыштар, зертхана, сонымен қатар 60 жүк машинасы сыятын жәрмеңке алаңы болады. Құны 5,5 миллиард теңге болатын ғимарат құрылысы биыл басталады деп жоспарланған, қазір құжаттар дайындау ісі аяқталып келеді,– дейді Дархан Әбдікәрімов.

Биыл Қостанай өңірінде тек астық қана емес, бақша өнімдері, картоп жақсы шықты. Сақтау қоймасына 52 мың тонна картоп, 25 мың тонна көкөніс жинап салынды. Мамандардың айтуын­ша, бұл облыс тұрғындарын қамта­масыз етуге толық же­те­­тін көрінеді. Бірақ баға неге­ өсе­ді? Картоп жыл басынан­ бе­рі 34 пайызға өскенін айттық. Мамандар оның себебін көк­тем­де азық-түлік азайған, «ұзын сары» келетін қараөзек шақ­та картоптың бағасы тез өсіп кететінімен байланыстырды. Со­­ның әсері жыл бойына шақ­қан­да осындай көрсеткішке жетеді екен. Мониторинг нәти­жесі көрсеткендей, бағаны ба­зар­­дағылар да «желпіндіріп» қоя­ды, арнайы дүкендерде көк­өніс бағасы базарға қарағанда біршама арзан.

Облыста өндірілетін азық-тү­лік түрлері мол болса, мүмкін бағаның қымбатшылығы мәнін азайтар еді. Бұл да бір себеп. Бірақ өндірілген өнім тек өңірдің өзінде қалмайды, сыртқа да шығарылады. 2017 жылдың басынан Өзбекстан мен Ресейге 2,6 мың тонна картоп, 5 мың тонна көкөніс жіберілген. 10 ай ішінде 884 мың тонна астық, 632 мың тонна ұн шығарылған. Соңғы жарты айдың ішінде 350 тонна ет экспортталған. Қостанай өңірінен еліміздің біраз облысына жыл бойы ет жіберіледі. Биыл 9 мың тонна етті негізінен Астана, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстары алған.

Облыста тұрақтандыру қо­ры жұмыс істейді дедік. Оған көлемді азық-түлік сатып алынады. Биыл бірінші рет 300 тон­на сүт пен 10 тонна сары май сатып алынды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрақтан­дыру қорына алдымен бағасы тез өсетін азық-түлік түрлерін алу­ды ұсынды. Азық-түлік бағасы­ның қымбаттауын инфляция желі түртетіні тағы аян. Жыл қоры­тын­дысы бойынша өңірде инфляция 7,8 пайыз болады деген болжам бар.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ