Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Мұнай өндіру көлемі 71,1 млн тоннаны құрады

744 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы шеңберінде Энергетика министрлігі 10 ай ішінде іске асырған жұмыстар жөнінде айтып берді.

Мұнай өндіру көлемі 71,1 млн тоннаны құрады

Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтар­дағы Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ саласы үшін қойылған бас­ты міндет еліміздің тұрақты эконо­микалық өсімінің стратегиялық ма­ңыз­дылығын сақтау болып табылады, бұл геологиялық барлауға инвестиция тарту есебінен шешілетін болады.

«Энергетика саласында ағымдағы жылдың 10 айдағы даму серпіні оң нәтиже көрсетуде. Мысалы, мұнай өндіру көлемі 71,1 млн тоннаны құ­ра­ды, бұл 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 11,4 пайызға кө­бірек, Қашаған – 6,5 млн тонна, Те­ңіз – 23,7 млн тонна және Қара­шы­ға­нақ – 10,3 млн тонна. Ал газ өн­­діру көлемі 43,5 млрд текше метрді құрады, бұл алдыңғы жылдың ұқсас мер­зіміне қарағанда 15,6 пайызға көп. Мұнайды өңдеу көлемі 12,2 млн тон­наны құрады, бұл 2016 жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 2,8 пайызға көп.

Сұйытылған газ өндірісінің көлемі 2,4 млн тоннаны немесе 2016 жылдың ұқсас мерзіміндегіден 11,6 пайызға артық. Алдыңғы жылдың 10 айымен салыстырғанда экспорттың көрсеткіштері, мұнай бойынша 13,8 пайызға, (57,7 млн т), газ бойынша 26,6 пайызға (13,8 млрд м3) кө­бірек. Сондай-ақ өндірілген электр энер­­гиясы көлемі 83,1 млрд кВтс құра­ды, 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қара­ғанда 9,8 пайызға артық. Және де кө­мір­ді өндіру көлемі 86,6 млн тоннаны құрады, ол 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 11,6 пайызға артық. Уран өндіру көлемі 19,2 мың тоннаны құрады, 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 5,5 пайызға тө­мен», деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар ол 10 айда Фин­лян­дияға – 2,7 миллион тонна, Жа­по­нияға – 89,2 мың тонна көмір экспорт­талғанын тілге тиек етті.

Бүгінгі күні Аи-92/93 бензин мар­ка­сының қоры 193,8 мың тоннаны құраған. «Айдың басынан бас­тап Қазақ­станға 89 мың тонна Аи-92 бензині ресейлік МӨЗ-ден импортталды. Бұрын хабарланғандай, Павлодар МӨЗ-і 26 қазаннан бастап жоспарлы жөндеу жұмысынан шықты. 30 қазанда Аи-92 бензині өндіріле бастады. 12 қарашада катализдік крекинг қондырғысы іске қосылды, яғни бензин өндіру тәулігіне 2600 мың тоннадан 4200 тоннаға дейін артатын болады. ПМӨЗ бензин бойынша өзінің жоспарлы қуатына шықты», деді ол.

Министр дизель отыны өндірісінің төмендеуін өтеу үшін қараша, желтоқ­сан айларына дизель отынын 100 мың тонна импорттау қажет еке­нін және айдың басынан бастап 67 мың тонна импортталғанын тілге тиек етті.

«Атырау МӨЗ-де бастапқы жос­пар­ланған 96 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін дизель отыны өндірісін ұлғайту бойынша қосымша мұнай жүктеу жөнінде шешім қабылданды. Республиканың барлық мұнай база­ларындағы қалдықтар бойынша тәу­лік бойы мониторинг, жүргізіліп, импорт көлемі бойынша және осыған бай­ланысты жедел түрде отандық МӨЗ-ден мұнай өнімдерін жөнелту бағыттары бойынша тиісті шешімдер қабылдануда. Ағымдағы жылғы 21 қарашадағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы резерві 159,5 мың тоннаны құрайды. Бұл орта есеппен 16 күнге жетеді», деді Қ.Бозымбаев.

 

   Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»