Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Көк түтіннен құтылар күн бар ма?

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн суыта бастағаннан елорда­ның аспанын қара бұлт баса бастай­ды. Кәдуілгі қара мұржадан шық­қан көк түтіннің қолқаны қабар ысы қала көшелерін алып кетеді. Астананың қара суыққа жал­ғасар күзі ерте түсетінін, Арқа­дағы ақ жамылғы жамылар қыс­тың соңы ұзарып кететінін ескерсек, қала тұрғындарының кеңсі­р­ігін жарған ащы иіс алты ай тыны­сы­мызды тарылтады екен.

Көк түтіннен құтылар күн бар ма?

Бұл маусымда жеке сектордағы көмір жағу үдей түседі де, орталық қазан­дық­пен жылытылуы тиіс қалада көк түтін де еселене түседі. Тіпті елор­да­ның көк әйнекті жыл­ты­р­аған зәу­лім ғимараттарын да ыс басып қала­тынын аңдауға болады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Астана еліміздегі ауасы ластанған қалалар қатарына қосылған. Өйткені шаһардағы атмосфераның ластану индексі 4,78 бірлікті құрайды. Осы орайда қаланы көк түтіннен құтқарып, экологиялық ахуалын жақсарту үшін сұйық отынға көшудің маңызы зор екені белгілі.

Астаналықтар жылына 5,5 млн Гкал/сағ. жылу энергиясын тұтынады. Бір назар аударарлығы, жылу қазандықтары елорданың 90-95 пайызын жылу энергиясымен қамтығанымен, зиянды заттардың 30-35 пайызы ауа қабатына осы орталық энергетика көздерінен тарап отыр екен. Керісінше жеке сектордағы үйлер жағатын көмірдің атмосфераға әсері 10 пайызды ғана құрайтын көрінеді. Сондай-ақ атмосфераға кері әсерін тигізетін басты фактор – көлік санының шамадан тыс көптігі. Қалалық экология депар­таментінің деректеріне сәйкес, астаналық көліктер атмос­фераға зиянды заттардың 53-55 пайызын шығарады.

Астана қаласы табиғи ресурс­тар және табиғатты реттеу бас­қар­масының бөлім басшысы Әбдіманап Жұмаділдаевтың айтуынша, елорда ауасын жақ­сарту мақсатында 2016-2017 жыл­дар­ға арналған кешенді жос­пар қабылданып, оны орындау тәр­тібі бірнеше кезеңге бөлінген. Айталық, бірінші кезең бойынша зауыт, фабрика сынды стационарлы нысандардан бөлінетін зиянды заттарды төмендету, екінші кезеңде автономды жылыту жүйесі мен қазандық орнатылған барлық мекемелердің ауаға шығаратын зиянды заттарын азайту, үшінші кезеңде қалалық коммунал­дық шаруашылық және қоғамдық көліктерді газ жабдықтарына өткізу мәселелері қарастырылды дейді ол.

Осыған байланысты бүгінде қала тұрғындарының жеке көлік­тен гөрі қоғамдық көлікпен қаты­науын арттыру, автобустардың жүру уақытын жеделдету мәселесі алға шығарылып отыр. Қоғамдық жолаушы тасымалындағы авто­бустарға арнайы «Bus lane» жолақ­тары бөлінді. Бұрын 1 сағат­та баратын жерге қазір 20 минут көлемінде жету мүмкіндігі туды. Бұл халықтың автобусқа деген сұранысын арттыра түседі деген болжам бар. Бұдан бөлек аспалы көлік түрі, яғни әуежайдан бас­тап «Абу-Даби Плаза» кешені мен жаңадан салынған темір жол вокзалының аралығында болатын жеңіл рельсті LRT жобасы қолға алынды.

Сонымен қатар қоршаған ортаның жай-күйіне кешенді мониторинг жүргізіп, қоғамдық және жеке көліктерді газға көшіру есебінен сұйытылған табиғи газ базасында энергиямен жабдық­тау жүйелерін дамыту көздел­ген. Жылу электр орталығының сүзгі жүйесін жаңғырту қажеттілі­гіне байланысты 2015 жылы са­лын­ған жылу орталықтарының мұржалары ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайтатын электрлі сүзгімен жабдықталды.

– Бұл ТМД көлемінде әлі енгі­зілмеген жаңа техноло­гиялар­дың бірі. Оны алғашқы­лардың бірі болып астаналық жылу жүйесі пайдаланып отыр. Нәтижесі жаман емес, қалдықтарды сүзу көр­сет­кіші 96 пайызды құрайды, – дейді «Астана-Энергосервис» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов.

Ал Астана қаласы энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, қалаға газ жеткізу жобасы­ның ішкі желілерінің техникалық-эконо­микалық негіздемесі дайын. Ал сыртқы желілерінің негіздеме­сін Энергетика министрлігі әзір­­леп жатыр. Яғни алдағы 2-3 жылда газды қалаға әкелу, сәйкес желі­лердің құрылысын бастау жүзе­ге асырылмақ. Бұл жобалар жүзе­ге асырылса, қала көк түтін­нен құтылып, Астанаға арман қуып кел­ген жандар Арқаның түпсіз жұл­дызды аспанымен қайта қауышар еді.

 

Айжамал КӨПЕЕВА