Елімізде «WorldSkills International» қозғалысы форматында алғаш рет ұйымдастырылған «Мені шыңдаған Серпін – 2017» бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров төрт жыл бұрын Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама жұмысшы кәсібінің беделін көтеру, осы саладағы сұранысты реттеу, жастарды еңбек күші жетіспейтін аймақтарға орналастыру, тұрақтандыру мақсатын көздейтінін жеткізді. Биыл Петропавл темір жол көлігі колледжін 45, Ақжар ауданындағы ауыл шаруашылық колледжін 22 түлек аяқтап, «Темір жолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарын алып шықты.
Олардың 52-і жұмысқа орналасып, 11-і білім алуды әрі қарай жалғастырған. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Талғат Асқаровтың айтуынша, жоба шеңберінде 15 мың студент 26 ЖОО мен 37 колледжде білім алуда. Халықаралық кәсіптік даярлау және біліктілік стандарттарын меңгеру қазақстандық жастар алдына басты міндет ретінде қойылып отыр. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» сияқты жобалар барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Байқауға 9 облыстан 80 түлек қатысып, «Аспапты қайта жасау», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Аспаздық іс», «Кірпіш қалау», «Ақпараттық жүйелер», «Автомеханик», «Ветеринар-техник» секілді он мамандық бойынша біліктілігі мен білімін ортаға салды. Екі күнге созылған бәсеке Погодин атындағы орыс драма театрында қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет марапаттады. Жалпыкомандалық есепте Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орынды иеленді.
«Ақпараттық жүйелер» аталымында озып шыққан Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің студенті Саида Бекбудимен сөйлескенімізде, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қаршадай қыз үш жылдың ішінде көптеген достар тапқанын, әбден бауыр басып қалғанын, еңбек жолын Мағжан елінде жалғастыруына қытымыр ауа райы еш бөгесін болмайтынын айтты. Расында да, бағдарламаға қатысу мәселенің бір жағы ғана. Дипломды жастарды тұрақтандыру жайы қалай дегенге келсек, көлеңкелі тұстар аз емес.
Ең өкініштісі, Үкімет тарапынан жеңілдікті жағдайлар жасалғанына қарамастан оқу бітірушілердің кері оралып жататыны. Мәселен Ақжар ауданына қарасты Ленинград ауыл шаруашылық колледжін тәмамдаған 22 түлектің бәрі де қалуды қажет деп таппаған. Серпіндіктердің алғашқы легі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды келесі жылы аяқтайды. Әзірге қаншасы болашақ тағдырын теріскеймен байланыстыратыны белгісіз.
«Рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге деген сүйіспеншілік Қазақстанға деген патриоттық сезіммен тығыз байланыстығы, ажырағысыз ұғым екені тектен тек қозғалған жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы кіндік қаны тамған жерін ғана емес, ұлан-ғайыр аумақты қорғап келген. Олай болса туған жерге деген перзенттік парыз, азаматтық ұстаным бір ғана өңірмен шектелмейтіні анық. Тұтас халықты шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі осындай ойларға жетелейді. Жасыратыны жоқ, еліміздің ең қиырында орналасқан облыста көптеген елді мекендер, әсіресе шекаралық белдеулер еңбек күшіне мұқтаж.
Экологиялық жағынан таза, жері құнарлы бола тұра! Күнгейде, керісінше, жер де, жұмыс та тапшы. Осы бір теңгерімсіздікті шешу үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен «Оңтүстіктен – Солтүстікке!» жобасы қолға алынып, көшіп келушілерге жан-жақты әлеуметтік көмектер жасалуда. Бұл жақта қосалқы шаруашылықпен айналысуға да мүмкіндіктер мол. Осындай артықшылықтарды серпіндіктер пайдаланып жатса, тек «бәрекелді» дейміз.
Жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар да өндіріс орындарында тәжірибеден өтетін болашақ түлектермен еңбек келісімшартын жасауға құлықсыз. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандары солтүстік өңірлерде білім алуға ынталы жастарды ішкі миграцияны реттейтін ерікті көшіру бағдарламасына қатысушылар санатына енгізу жайы тиісті ведомстволар қарауына ұсынылғанын айтады. Мәселе оңтайлы шешілсе, серпіндіктерге тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, басқа да әлеуметтік қолдау мүмкіндіктеріне кепілдік берілер еді.
Дипломды түлектерді оқу бітірген өңірлерде кемі бес жылға дейін еңбек етуге міндеттеу секілді ұсыныстарды да ескерген жөн секілді. Сонда шәкіртақыға, жол шығынына, қысқы киімге, тамақ пен жатақханаға жұмсалатын шығындар өтеліп, ең бастысы, білімі мен білігі ұштасқан жұмысшы мамандығына деген сұраныстың, еңбек күшіне деген зәруліктің талапқа сай шешілері сөзсіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ