Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Петропавлда «Мені шыңдаған Серпін – 2017» шеберлік бай­қауы өтті

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы қабылданғалы «Серпін–2050» бағдарламасына қатысушылардың саны Қызылжар өңірінде молайып келеді. Бүгінде бағдарлама шеңберінде Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан 1200-ге жуық жас колледждерде 12 техникалық және кәсіптік мамандық бойынша білім алуда. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 900 студент оқып жүр.

Петропавлда «Мені шыңдаған Серпін – 2017» шеберлік бай­қауы өтті

Елімізде «WorldSkills International» қозғалысы фор­матында алғаш рет ұйым­дас­тырылған «Мені шыңдаған Серпін – 2017» бірінші рес­пуб­ликалық кәсіби шеберлік бай­қауының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс­ әкі­мінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров төрт жыл бұрын Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама жұмысшы кәсібінің беделін көтеру, осы саладағы сұранысты реттеу, жастарды еңбек күші же­тіспейтін аймақтарға орналастыру, тұрақтандыру мақ­са­тын көздейтінін жеткізді. Биыл Петропавл темір жол көлігі кол­леджін 45, Ақжар ауда­нындағы ауыл шаруашылық колледжін 22 түлек аяқтап, «Темір жол­дың жылжымалы құрамын пай­далану, жөндеу және техни­ка­лық қызмет көрсету», «Есеп­теуіш техника және бағдар­ла­малық қамтамасыз ету» ма­мандықтарын алып шықты.

Олардың 52-і жұмысқа орналасып, 11-і білім алуды әрі қарай жалғастырған. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Талғат Асқаровтың айтуынша, жоба шеңберінде 15 мың студент 26 ЖОО мен 37 колледжде білім алуда. Халықаралық кәсіптік даяр­лау және біліктілік стандарттарын меңгеру қазақстандық жастар алдына басты міндет ре­тінде қойылып отыр. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тіл­де­ білім беру» сияқты жобалар­ барша қазақстандықтарды ХХІ ға­­сырдың талаптарына даяр­лаудың қамы.

Байқауға 9 облыстан 80 түлек қатысып, «Аспапты қай­та­ жасау», «Радиотехника, элек­троника және телекоммуни­ка­ция», «Аспаздық іс», «Кір­піш қалау», «Ақпараттық жүйелер», «Автомеханик», «Вете­ринар-техник» секілді он маман­дық бойынша біліктілігі мен бі­лімін ортаға салды. Екі күнге со­зылған бәсеке Погодин атын­дағы орыс драма театрын­да қорытындыланып, жеңім­паз­дар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Ма­дияр Қожахмет марапаттады. Жалпыкомандалық есепте Сол­түстік Қазақстан облысы бірінші орынды иеленді.

«Ақпараттық жүйелер» ата­лымында озып шыққан Сол­түс­тік Қазақстан кәсіптік-педа­гогикалық колледждің студенті Саида Бекбудимен сөйлес­ке­німізде, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қаршадай қыз үш жылдың ішінде көптеген достар тапқанын, әбден бауыр басып қалғанын, еңбек жолын Мағжан елінде жалғастыруына қытымыр ауа райы еш бөгесін болмайтынын айтты. Расында да, бағдарламаға қатысу мәсе­ленің бір жағы ғана. Диплом­ды жастарды тұрақ­тандыру жа­йы қалай дегенге келсек, кө­лең­келі тұстар аз емес.

Ең өкі­ніштісі, Үкімет тарапы­нан жеңілдікті жағдайлар жа­сал­ға­нына қарамастан оқу біті­рушілердің кері оралып жа­­татыны. Мәселен Ақжар ауда­­нына қарасты Ленинград ауыл­­­ шаруашылық колледжін тәмамдаған 22 түлектің бәрі де қалуды қажет деп таппаған. Сер­піндіктердің алғашқы легі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды­ келесі жылы аяқтайды. Әзірге қан­шасы болашақ тағдырын теріс­кеймен байланыстыратыны белгісіз.

«Рухани жаңғыру» мақала­сында туған жерге деген сүйіс­пеншілік Қазақстанға деген па­триоттық сезіммен тығыз бай­ланыстығы, ажырағысыз ұғым екені тектен тек қозғалған жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы кіндік қаны тамған жерін ғана емес, ұлан-ғайыр аумақты қорғап келген. Олай болса туған жерге деген перзенттік парыз, азаматтық ұстаным бір ғана өңірмен шектелмейтіні анық. Тұтас халықты шын мәнін­­дегі ұлт ететін мәдени-гене­­тикалық кодының негізі осын­­дай ойларға жетелейді. Жа­сы­­ратыны жоқ, еліміздің ең қиы­­рында орналасқан облыс­та көптеген елді мекендер, әсі­ресе шекаралық белдеу­лер еңбек күшіне мұқтаж.

Эко­ло­гиялық жағынан таза, жері құ­нар­лы бола тұра! Күнгейде, ке­рісінше, жер де, жұмыс та тапшы. Осы бір теңгерімсіздікті шешу үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен «Оңтүстіктен – Сол­түстікке!» жобасы қолға алы­нып, көшіп келушілерге жан-жақты әлеуметтік көмектер жа­салуда. Бұл жақта қосалқы шаруашылықпен айналысуға да мүмкіндіктер мол. Осын­дай артықшылықтарды серпін­дік­тер пайдаланып жатса, тек «бәрекелді» дейміз.

Жер­гі­лікті кәсіпорындар мен ұйым­дар да өндіріс орындарын­да тәжірибеден өтетін бола­шақ түлектермен еңбек келі­сім­шартын жасауға құлықсыз. Жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламаларды үйлес­тіру басқармасы маманда­ры­ солтүстік өңірлерде білім алу­ға ынталы жастарды ішкі ми­грацияны реттейтін ерікті кө­шіру бағдарламасына қатысу­шы­лар санатына енгізу жайы тиісті ведомстволар қарауы­на ұсынылғанын айтады. Мә­селе оңтайлы шешілсе, сер­пін­діктерге тұрғын үймен қам­та­масыз ету, жұмысқа орналастыру, басқа да әлеуметтік қолдау мүмкіндіктеріне кепіл­дік берілер еді.

Дипломды тү­лек­терді оқу бітірген өңірлерде кемі бес жылға дейін еңбек етуге міндеттеу секілді ұсыныс­тар­ды да ескерген жөн секілді. Сонда шәкіртақыға, жол шығы­ны­на, қысқы киімге, тамақ пен жатақханаға жұмсалатын шы­ғындар өтеліп, ең бастысы, білімі мен білігі ұштасқан жұ­мыс­шы мамандығына деген сұраныстың, еңбек күшіне деген зәруліктің талапқа сай шешілері сөзсіз.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ