Қоғамның бұл жоғары марапаты екі жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосқан еліміздің, сондай-ақ шет мемлекеттердің азаматтарына табысталады. Биыл республикамыздың шартарабынан 37 адам «Тіл жанашыры» байқауының лауреаттары атанды. Олардың арасында ресми іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне зор еңбек сіңірген мемлекет қайраткерлері, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жомарттық жасап жүрген кәсіпкерлер, жас ұрпақты ұлт жандылыққа баулып жүрген ұстаздар мен қоғам белсенділері бар.
Салтанатты жиынды ашқан Президент Кеңсесінің бастығы, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков: «Біз осы іс-шараны өткізу үшін Елбасымыздың Астанадағы резиденциясының күмбезді залын әдейі таңдап алдық. Оның себебі, осыдан 20 жыл бұрын 1991 жылы 10 желтоқсанда нақ осы залда Парламент пен Үкіметттің бірлескен отырысы өткізіліп, Ақмола қаласы еліміздің жаңа астанасы болып салтанатты түрде жарияланған болатын.Сондай-ақ Елбасымыз мемлекетіміздің тарихындағы аса маңызды өзге де көптеген шешімдеріне осы ғимаратта қол қойған.
Биыл «Тіл жанашыры» қоғамдық қорының жұмыс істей бастағанына 10 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде ұйымның атқарған істерінің ауқымы да кеңейіп, осы игі іске атсалысып жүрген азаматтар саны да көбейіп келеді. 100-ден астам ұсыныстың ішінен осы құрметке 37 азамат нағыз лайық деп таңдап алынды. Сондықтан бүгін табыс етілетін «Тіл жанашыры» құрмет белгісін – сіздердің осы кезге дейін атқарған істеріңізге деген құрметіміз деп қабылдаңыздар», деді.
Үміткерлерді көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан құрылған арнайы комиссия іріктейді. Комиссияны «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Президент Кеңсесінің бастығы, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков басқарады.
Алғаш рет «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен қазақ тілін зерттеген шетелдік ғалымдар марапатталған еді. Олардың қатарында Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ ғалымдары бар.
Махмұт Базарқұлұлы «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігін құрып, бастама көтерген Алтынбек Әбішев пен Нұргүл Қарағойшинаға, лауреаттарды таңдауда әділ төрелік еткен комиссия мүшелеріне арнайы ризашылығын білдірді. «Сіздердей азаматтар бар кезде туған тіліміз ешқашан тұғырынан түспейді. Осы үлгі-өнегелеріңіз жүздеген тіл жанашырларына жол ашады деп сенемін», деді Махмұт Қасымбеков.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»