Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Қыз мұнарасы

4096 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ыстанбұлға келген саяхат­шылардың Босфорға бір соқ­пай кетуі мүмкін емес. Себебі ол – дүние жүзіндегі ең әдемі бұғаздардың бірі.

Қыз мұнарасы

Қос жағалаудағы кафелер, қонақүйлер, одан әріде, тауға қарай көтерілген сайын көзіңізді қызықтырып, бірінен бірі әдемі болып көрінетін  тұрғын үйлер, биік мұнаралары көкке қарап мінәжат етіп тұрған мыңжылдық  мешіттер – міне, осының бәрі де көңіліңізді толқытып, күтпеген жерден тап болған таңғажайып бір ертегі әлемі секілді көз алды­ңыздан сырғып өтіп жатады.

Алып қаланың Азия бөлігі мен Еуропа бөлігін жалғаған аспалы көпірлердің үстінен ерсілі-қарсылы ағылған сан түрлі көліктер мен үнемі  толқып, тербеліп жататын көгілдір айдындағы қызыл тулы кемелер жер бетінде ғана емес, теңіз үстінде де тіршіліктің бір сәтке дамыл таппайтынын сездіреді.

Қарсы алдыңыздан көрін­ген бір әдемі мұнара кенет наза­рыңызды өзіне қарай аударып, жан-жаққа шашырап бара жатқан ойларыңызды алыстан қылаңытқан маяк жарығы секіл­ді өзіне қарай тартады.

Бұл – көне замандарда бой көтеріп, бүгінгі күнге аңыз болып жеткен әйгілі Кыз келесі, яки Қыз мұнарасы.

Босфор бұғазына келген сая­хатшылардың қиялын оятып, әртүрлі таңғажайып әңгімелер мен жауһар жырларға, көркем картиналарға арқау болған мұнараның әсем келбетінде бір жасырын мұң бар екенін меніңше, кез келген жолаушы алғаш көрген сәтте-ақ аңғарады.

...Ерте, ерте, ертеде даң­қы жер жарған Византия им­пе­риясының патшасы Ұлы Конс­тантиннің сүйікті қызы, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу ханшайым он сегіз жасқа толғанда дүниеден өтеді деп бір балгер сәуегейлік жасапты. Мұны естіген патша бұғаздағы ескі мұнараны жаңартып, өзінің ең сенімді деген адамдарымен бірге қызын сол жерге апарып орна­лас­тыруды бұйырады.

Сөйтіп жан-жақтан күзет қойылып, күндіз-түні бақылауға алынады. Жыл сайын патша осында келіп, қызының туған күнін сән-салтанатпен атап өтіп жүреді.

Бірақ әу бастағы тағдырдың жазуына не шара?! Аққудың көгілдіріндей үлбіреген жап-жас, сұлу қызды он сегіз жасқа толған күні жағалаудан әкелген жеміс-жидектердің арасынан шыққан сұп-сұр жылан  шағып өлтіреді...

Міне, осынау аңызды алғаш естігенде біздің есімізге ерік­сіз өз еліміздегі Айша бибі кесе­несіне байланысты айтылатын көркем аңыз оралған-ды.

Тү-у, сонау алыстан Қарахан батырды іздеп келіп, өзен жаға­сында беті-қолын шайып, тыныс алып отырған шақта Айшаны да жылан шағып өлтіріп еді-ау деген ащы өкініш өзегіңізді өртейді.

Сұлулық дегеніңіз, расында да, адам баласына берілген бақ емес пе. Оған кім қызықпайды, оған кім ұмтылмайды дейсіз... Бәл­кім, жұмыр басты, екі аяқты пен­де ғана емес, жер бауырлап жүр­ген жылан да оны адамдар­дан қызғанатын болар, кім білсін?!.

Кеменің жақтауына сүйеніп, қарсы алдымыздағы Қыз мұнарасына кірпік қақпай, тесіле қарап тұрған сәтте менің ойыма ақын Есенғали Раушановтың «Ғайша бибі» поэмасындағы мына бір жолдар оралды.

«Әлқисса, ол заманда Талас жерінде ордалы жыландар болады екен. Олар адамдарға, адамдар оларға тимепті.

Күндердің күнінде қағанат халқы «жылан бауырына алтын басып ұйықтайды» деп ордаларды ойрандап, кен қопарып, орнына мал жайып, егін салып, шаһарлар тұрғыза бастапты. Сөйтіп бір күні кезек ең соңғы ордаға жетеді. Өрт құшағында аласұрып жүрген алты құлаш қара жылан, алтын бауыр ана жылан былайша зарлайды:

...Аяғым да жоқ,

Қолым жоқ,

Қашайын десек, жолым жоқ.

Ордамыз қалды күңсіген,

Күйелеш қара қорым боп.

 

Таластың бойы тал еді,

Тал бойым бар-ды әдемі.

Тал түсте келіп өртеген

Адамзат деген аң еді.

 

Үйімнің алды беткей-ді,

Беткейден түскен өрт дейді.

Осының бәрін жасаған

Адамзат қалай көктейді?!

Заманнан заман жалғасып,

Қағаннан қаған алмасып,

Адам мен жылан

Таластан

Айырып едік дәм-нәсіп.

 

Бауырыма бассам алтынды,

Жылуын алдым тоңғасын.

Қорғансыз мына халқымды

Қорласын деп пе ем...

сор басым...

...Қағанатта жылан даусын еститін жалғыз адам қалған көрінеді. Ол Ғайша есімді қыз екен».

Кім білсін, жыландар бізге расында да кектеніп алған болар...

 

* * *

Қыз мұнарасына қатысты айтылатын тағы бір аңыз ежелгі грек мифтерінен бастау алады.

Зейін қойып тыңдаған жанға бұл да қызық.

­Жер шарының бір бөлі­гіндегі діні басқа, тілі бөтен пенделердің сүйіспеншілігі мен махаббатының киесі болып саналған Афродита храмына қызметші болып келген Геро талай жұртқа таңдай қақтырған сұлу қыз болса керек. Бірақ ол әлгі храмның табалдырығын аттаған күннен бастап, ешбір еркекке көз салмаймын және ешқашан тұрмысқа шықпаймын деп ант береді. Себебі мұндағы қатаң діни дәстүр ол кезде соны талап еткен.

Әйткенмен, әлемдегі кез келген гүлдің бүр жарып, күнге қарап ашылатын шағы болады емес пе. Геро сұлу да бірде Босфордың арғы бетінен келген Леандр есімді жігітті ұнатып қалады.

Сөйтіп екеуі жұрт көзіне түспей, құпия түрде кездесіп тұрады. Ол үшін Геро мұнараның басына шығып, шам жағып қояды екен. Бұл әрине, «Бүгін біздің кездесуімізге болады, сүйіктім!» деген белгісі еді.

Міне, осы шамның жарығын бағдарға алған Леандр түн ортасында қайыққа отырып, теңіз ортасындағы жалғыз мұнараға қарай асығады.

Өкінішке қарай, бір күні олардың құпиясын біліп қалған дінбасы жел соғып, теңіз тулай бастаған күні мұнара­ның басындағы шамды сөндіріп қояды.

Сөйтіп тастай қараңғы түн­де бағыт-бағдардан адасқан Леандр­дың қайығы жарқабаққа соғылып, мерт болады.

Суық хабарды естіген Геро қайғыдан қан жұтып, өмірден түңіледі де, келесі күні түнде мұнараның биігіне шығып, өзін-өзі суға тастайды...

Бұл аңыздан соң тыңдау­шының көңілі әрине мұңға батады. Көпке дейін тіл қата алмай, өзіңізбен өзіңіз ой шырмауында қала бересіз.

Бәлкім, содан да болар, бұл мұнараны кейде Леандро мұнарасы деп те атайтын көріне­ді. Айталық, бұғазға келіп, сурет салуды ұнататын атақты  Ай­вазовскийдің бір карти­насы тап осылай, «Констан­тинопольдегі Леандр мұнарасы» деп аталады.

Аңызға қарағанда шындық әрине, басқаша. Босфордағы ақ  шағалалар секілді самғап, аспанда қалқыған қиялыңыз қайта оралып, жерге қонғандай боласыз.

Өйткені тарихи ақиқат бойынша бұл мұнара біздің дәуірімізге дейінгі  заманалар­да қолдан жасалған шағын аралға орнатылған маяк екен. Оны кезінде римдіктер, визан­тиялықтар, османдықтар бірде маяк, енді бірде бұғазға кіре­тін кемелерді тексеретін кеден ретін­де пайдаланып келген.

Ал қазір мұнда үлкен мей­­­рам­хана мен айналадағы қызық­­­ты көріністерді тамаша­­лау­ға арналған кішігірім алаң орна­ласқан. Сондықтан да Ыстан­бұлға келген қонақтарды күтет­­ін сүйкімді әрі қонақжай орын­дардың бірі болып саналады.

Ең бастысы, бұл мұнараның – Қыз мұнарасы аталуы ғой.

Сондықтан оның аңызға айналуы да, алыстан қараған кісіге жалғыздық аралы секілді қоңыр мұңға оранып көрінуі де осы бір таңғажайып атауына байланыс­ты болса керек. 

 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»