Аталған мәселеге байланысты біз Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мірболат ЖАҚЫПОВПЕН әңгімелескен едік.
– Мірболат Хабиұлы, сіздерге хат-хабарлардың аса көп түсетіні белгілі. Ал олардың мазмұны негізінен нендей мәселелерді қамтиды?
– Президент Әкімшілігіне азаматтардан, мекемелерден, компаниялардан бір жылдың ішінде 20 мыңға жуық хат еліміздің барлық өңірлерінен және шетелдерден келеді. Хаттардың басым көпшілігі Алматы, Астана қалаларынан және Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан келіп түседі. Арыз жазатындар қатарында зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы отбасылар, кәсіпкерлер, ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері бар. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі заңдылық пен құқықтық тәртіп тақырыбында келеді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, баспана беру, еңбек, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қамту және басқа да қоғам өміріндегі сан түрлі мәселелер бойынша келіп жатады.
Ел тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін, мұң-мұқтажын білдіріп Елбасының атына және Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына жазған өтініштері «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң талаптарына сәйкес қаралып, нәтижесі хат иелеріне хабарланады.
Соңғы жылдары, мемлекеттік органдар заң шығарушылық қызметінің ашық ақпаратты жариялы түрде атқаруының нәтижесінде халықтың құқықтық мәдениеті айтарлықтай өсті. Соған қарамастан көптеген арызданушылар хаттарын мемлекеттік органдарға олардың құзыретін ескерместен жіберілді. Соның салдарынан мемлекеттік органдардан қайтарылған жауаптар мен түсініктемелерді арыз-шағым авторлары сырғытпа жауап және мәселелерді шешуден жалтару деп қабылдайды.
Менің ойымша, бұл жағдайды түзету үшін тұрғындардың арасында жергілікті атқару органдары жүргізетін ақпараттық-түсіндірме жұмысын жолға қою қажет. Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау тәртібін түсіндіру, хаттардың басқа мемлекеттік органдарға жіберілгені туралы уақтылы түсініктеме беру қайталап түсіп жататын өтініштердің санын азайтуға, шағымдардың құзыретіне қарай өзге мемлекеттік органдарға жіберілгендігін хат авторларының дұрыс қабылдауларына мүмкіндік береді.
– Президент Әкімшілігіне өтініш беруде біздің азаматтар заманауи технологияларды қолдана ма?
– Иә, әрине. 2002 жылдан бастап Президент Әкімшілігі, ал 2006 жылдан мемлекеттік органдарда құжаттау ісі, құжат айналымы электронды форматқа көшкен, ел тұрғындары хатты қағазбен қатар, электронды нұсқада да жазады. Аталған заңға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша қазіргі заман үдерісіне сай бейнеөтініш беру құқығы және онлайн жеке қабылдау құқығы бекітілді. Келіп жатқан хаттардың 15%-ы тек электронды нұсқада жазылуда. Одан басқа, 2010 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған «Президенттің бизнесті қорғауы» атты сайтқа да кәсіпкерлер шағымдарын электронды түрде жолдайды.
Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді іс-шаралар жоспарлануда, оның ішінде мемлекеттік органның қызметкерлеріне арналған «Ашық диалог» атты автоматтандырылған жұмыс орны функционалы дайындалды және ол өзіміз даярлаған Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесімен интеграциялануда. «Электронды үкімет» веб-порталында «Министрдің қабылдауына жазылу» сервисі іске қосылуда, сөйтіп өтініш иелерімен жылдам кері байланыс орнатылып отыр.
Бұл шаралардың мақсаты – өтініштерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылының сапасын арттыру.
– Мемлекет басшысының жұмыс кестесі өте тығыз екенін білеміз, дегенмен де, Елбасының өзі қарап, назар аударатын хаттар да болатын шығар?
– Бәрінен бұрын, Президент Әкімшілігіне келген әрбір хат мұқият зерделенеді, қойылған мәселесіне байланысты қарап, қажетінше іс-шаралар қабылдап, хат иесіне жауап беру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Ешқандай хат қараусыз қалмайды әрі хат авторына міндетті түрде жауап беріледі.
Маңызды мемлекеттік, қоғамдық мәселелер, ұлттық қауіпсіздікке қатысты, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттері, жалпы сипаттағы көпшілікке қатысты мәселелер бойынша жазылған хаттар Президентке немесе Әкімшілік басшылығына баяндалады және бақылауға қойылады.
Елбасының жұмыс кестесі өте тығыз болса да кейбір хаттардағы көтерілген жекелеген, стратегиялық маңызы жоқ мәселелердің шешілуіне өзі тікелей араласатынына мысал келтіре аламын. Алматы қаласынан келіп түскен ұжымдық хатта атақты майталман өнер иелері туралы көркем фильмнің сапасыз түсірілгендігіне наразылық білдірілген. Президент Мәдениет және спорт министріне еліміздегі кино саласындағы туындылардың сапасына ерекше көңіл бөліп, «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын жолға қою қажеттігі туралы тапсырма берді. Нәтижесінде «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын жандандыру, оған басшылық етуге халықаралық тәжірибесі бар белгілі тұлғаларды тағайындау туралы кешенді шаралар қабылданды. Кинофильмдердің сапасын көтеру мақсатында министрлік жанынан телекиноөндіріс жөніндегі көркемдік кеңес құрылып, «Кинематография туралы» заңның жобасы әзірленді және Үкіметке енгізілді.
Жастардың проблемалары, білім беру, әсіресе дарынды жастарды қолдап, демеу мәселелері де үнемі Елбасының назарында. Мысалы әлемдегі ең үздік 50 шахматшы қыздар қатарына енген жасөспірімдер арасындағы 4 дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлікке көмек қажет екенін жазған әкесі Д.Ашировтың хатын Президенттің өзі оқып, танымал спортшыға жан-жақты қолдау көрсету туралы тапсырма берді. Нәтижесінде талантты спортшының сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне, халықаралық және республикалық жарыстарға үнемі қатысып тұруына қажетті барлық мәселе толықтай шешілді. Енді біз Жансаяның әрі қарайғы үлкен жеңістерінің куәсі боламыз ғой деп үміттенеміз.
П.И.Чайковский атындағы VIII халықаралық жастар конкурсының алтын медалін жеңіп алған, Мәскеу мемлекеттік консерваториясының жанындағы Орталық музыка мектебінде оқып жүрген қазақстандық Руслан Турунтаевқа ерекше стипендия белгілеу қажеттігі туралы хатты Елбасы қарап, стипендия тағайындады. Бұған қоса оған XVIII ғасырдағы атақты италиялық шебердің қолынан шыққан скрипканы сатып әперуге мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ даңқты жерлесіміз, опера әншісі Мария Мудряктің жеңіс жолы да павлодарлық оқушының өз Президентіне жазған осындай хатынан басталған.
Жалпы, Елбасымыз дарынды жастардың спорттағы жеңістері ел ішінде қандай жоғары марапатталса, өнердегі талантты жастардың жетістіктері де назардан тыс қалмауы керектігін тапсырды.
Тағы бір мысал келтірейін. Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпия ойындарының жүлдегерлеріне берілетін пәтер мәселесі қанша уақыт өткенімен шешілмей отырғанын айтып, спортшыларға тиесілі пәтерлерін алуға көмектесуді сұраған Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының өтініші де Әкімшіліктің бақылауына алынып, Мәдениет және спорт министрлігіне, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жолданған болатын. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде министр бұл мәселенің толық шешілгендігі туралы Президенттің алдында есеп берді.
Өздеріңіз байқағандай, Президент жас таланттарға үнемі қамқор қолын созып келеді.
– Мірболат Хабиұлы, Елбасының елімізді әлемге танытып жүрген спортшылар мен музыканттарға қамқорлығы аз емес екені белгілі, ал қарапайым халық Президентке не туралы жазады?
– Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше құрметке лайық екенін айтудан жалыққан емес. Нұрсұлтан Әбішұлы барлық жұмыс кеңестерінде біздің бүкіл жұмысымыз қатардағы қазақстандықтарға – оларды жұмыспен қамту, лайықты еңбекақы төлеу, баспана, жылу және т.б. қамқорлық жасауға бағытталғанын айтып отырады. Мысалы Астана қаласындағы «Резерв» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысшылары еңбекақысы тым аз екенін айтып, оны көтеруге көмектесуді сұрап арызданды. Мәселенің анық-қанығын біліп, шешу жолдарын қарастыру үшін хат тиісті мемлекеттік органға тексеруге жолданды. Нәтижесінде жұмысшылардың еңбекақысын көтеру кәсіпорынның негізгі емес қызметінен алынатын кірістері есебінен үстемақы мен сыйлықақы төлемдерін белгілеу арқылы шешілетіні жеткізілді.
Қарағанды облысы, Шахтинск қаласынан келіп түскен ұжымдық хатта тұрғындар көшіп келгелі төрт жыл өтсе де азаматтық ала алмай жүргендерін айтып Елбасының атына шағымданды. Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне аталған мәселені тексеріп, күрделендірмей шешу тапсырылды. 2017 жылдың маусымында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы шетелдерде жүрген және тарихи Отанына келген отандастарымызға жан-жақты көмек және жәрдем көрсету бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осылайша жекелеген адамдардың жеке бас қиыншылығына көмектесу арқылы бүкіл салаға қатысты жүйелі шешімдер ұлттық мүддені көздейтін парасатты саясат арқылы жүзеге асуда.
Жоғары халықаралық деңгейде талқыланып, шешіліп жатқан мәселелермен қатар, қарапайым ел тұрғындарының да күнделікті күйбең тіршіліктегі қиыншылықтары да Елбасына жетіп жатады. Мысалы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тұрғыны Ә.Рамазанованың көзі көрмейтін мүгедек баласымен пәтер жалдап жүргенін айтып, жалға берілетін үйден баспана сұраған хаты Президент Әкімшілігінде қаралып, облыс әкіміне жолданды. Кейінірек Ә.Рамазанова пәтер алғанын айтып, қуанышымен бөлісті, Елбасына шексіз алғысын жеткізуді сұрап хат жазды.
– Халық өтініштері мен арыз-шағымдарын неге Президенттің атына жазады, сол мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар бар емес пе?
– Сөзіңіз орынды. Негізінен мұндай мәселелерді орталық немесе жергілікті органдар қарауы тиіс. Бірақ тұрғындар өтініштерін тікелей Президентке, Президент Әкімшілігінің басшылығына жолдайды. Оның себебі, меніңше, кейбір мемлекеттік органдар өтініштермен айналысуды өздерінің «негізгі» жұмысына қосымша жүктеме, «артық міндет» деп қате ойлайды. Сондықтан олар Елбасына жазуға мәжбүрлейтін мәселелерді анықтап, шешудің орнына формальді себептермен бүркеніп алып, сырғытпа жауап қайтаруды оңай көреді.
Облыс әкімдерімен болған бір жиналыста Президент: «Мәселелердің үлкен үлесі жергілікті органдардың құзыретінде, оның ішінде азаматтардың өз бизнесін ашу кезіндегі мәселенің үштен бірі заңдылық пен құқықтық тәртіпке қатысты. Шағымдар – халықтың әлеуметтік көңіл күйінің маңызды барометрлерінің бірі. Осыдан сіздердің қарапайым адамдарға қамқорлық жасаудың немесе жасамаудың деңгейі көрінеді. Қанша қиын болса да, азаматтардың бір де бір өтініші назардан тыс қалмауы керек. Президент Әкімшілігінен де, «Нұр Отан» партиясынан да осы мәселені үнемі бақылауда ұстауды талап етемін. Негізінен, біздің халықпен саяси жұмысымыздың мәні де осында: жекелеген адамдардың шағын мәселелерінде көмекке келу», деп қатаң ескерткен болатын.
Осы орайда жергілікті мемлекеттік басқарушылар қарапайым халықтың «жоғарыға» шағымдана беруі оларға сеніп тапсырылған аумақты және саланы басқаруда кемшіліктер бар екенін көрсететінін аңғарулары керек. Биылдан бастап мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі азаматтардың өтініштерімен жұмыстың сапасы бойынша да бағаланатыны кездейсоқ емес.
Бас прокуратураның ақпараты бойынша биыл 10 айда республика бойынша мемлекеттік органдарға 2 млн-ға жуық өтініш келіп түскен. Бұл өте көп.
Жеке кәсіпкердің шағымын шешудің негізінде шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған факторларды жою туралы заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде шешімдер қабылданған жайлар да кездеседі. Тараздық бизнесмен өзінің кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі келтіріп, жұмыс істетпей отырған Мемлекеттік кіріс комитеті басшыларының заңсыз іс-әрекеттеріне шағымданып жазған арызы бойынша Президенттің тапсырмасымен тексеріс ұйымдастырылды. Кәсіпкердің өтінішінде көрсетілген бұзушылықтар расталды. Жауапты лауазым иелеріне шара қолданылды, дегенмен, биоотынды өндіру мәселесінде бірқатар заңнамалардың қағидасы жалпы талаптарға қайшы келіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып тұрғаны анықталды.
Тағы бір мысал. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ титан қорытпасын өндіру үшін шетелден сатып алатын шикізатына салынатын баж салығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап алып тастауды сұрап комбинаттың басшылығы Президенттің атына өтінішпен шықты. Бұл мәселенің бірнеше мәрте көтеріліп, шешімін таппай отырған себебі Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бір мүшесі өз елінің өндірушісінің мүддесін қорғап, кедендік импорттық баж мөлшерлемесінен қазақстандық комбинатты босатуға қарсылық білдіріп отырғанынан екендігі анықталды.
Қазақстанда керамикалық табақшалар шығаратын өнеркәсіп орны – «Зерде керамика» ЖШС өзінің сапасы жоғары өнімдерін Өзбекстан, Тәжікстанға экспортқа жөнелткенде Өзбекстан аумағында 50 пайыз акциздік және 20 пайыз қосымша құн салығы ұсталатынын, сол себепті өнімдері баға қабілеттігін жоғалтып, шығынға түскендерін айтып Елбасына қайырылды.
Бұл мәселемен айналысқан Ұлттық экономика министрлігі мәселенің Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жақын арадағы күн тәртібіне енгізілетінін баяндаған. Астана қаласында өткен екі ел Президенттері кездесуі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық өнімдерге тым көп салық салынатыны туралы мәселеге Шавкат Мирзиеевтің назарын аударды. Мәселе қазіргі уақытта екіжақты талқылануда, біздің тауар өндіруші үшін тиімді шешімге қол жеткіземіз деген сеніміміз мол.
– Елбасы жеке ерекше бақылауына алған мәселелер бар ма?
– Президенттің «алдымен – экономика, одан кейін саясат» деген формуласы ең ұтымды болып шыққанын бүкіл әлем қайраткерлері мойындады. Бұл тұрғыдан айтсақ, ел экономикасының орнықты дамуы Елбасының жіті назарында: шетелдерден инвестиция тарту, инвесторларға жағдай жасау мақсатында кешенді іс-шаралар қабылданды. Дегенмен де, ішінара кездесетін тосын жайлардың өзі инвесторлардың құқықтарын мейлінше заңнама аясында қорғауға, мәселенің оң шешілуіне бағытталады.
Мысалы Президенттің атына Павлодар облысынан қазақстандық компаниялардың шетелдік құрылтайшылары үшін тарифтік жеңілдіктер беру тәртібіне қатысты өтініші келіп түсті. Жергілікті Мемлекеттік кіріс департаментінің тарапынан негізсіз қудалау көріп, компаниясына 200 млн теңгеден астам сомада кедендік төлемдер, салықтар мен өсімдерді төлеуді талап етіп отырғандарына шағымданды. Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қатарында болғандықтан, Одақ туралы шартта тарифтік жеңілдіктер берудің екі жолы көзделгенін көлденең тартты. Тексеру барысында Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінде қазақстандық компаниялардың шетел құрылтайшылары үшін тарифтік жеңілдіктер беру тәртібіне қатысты біртұтас ұстанымның жоқтығы анықталды. Нәтижесінде, Мемлекеттік кіріс департаментінің төлем салу туралы шешімі кері қайтарып алынды да, инвесторлардың құқығы толығымен қорғалды. Біз, аппарат қызметкерлері ретінде өкілеттіктерді асыра пайдалану, басқарудағы бұрмалаушылықтар, халықтың мұқтажына немқұрайлылық Президенттің қатты наразылығын туғызатынын білеміз.
Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, іс-әрекеті күмән тудырған жалған кәсіпкерлерді бүркемелеп жүрген аудан басшыларының келеңсіз әрекеттері Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен Бас прокуратура мен облыс әкімі аппаратында тексеріліп, деректер расталды. Аудандық мәслихат хатшысы және әкім лауазымынан босатылды. Ал жалған кәсіпкердің қылмыстық жауапкершілігін құқық қорғау органдары тексеруге алды.
Сондай-ақ Көкшетау қаласының тұрғыны өзін негізсіз ұстап, ұрып-соққан Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының полиция қызметкерлеріне шағымданып, оларға шара қолдануды сұраған хатын Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйеcі бөлімі қарап, Бас прокуратураға істің мән-жайын анықтап, тиісті шара қолдану туралы тапсырма берген. Тексеру нәтижесі бойынша Көкшетау ішкі істер басқармасының 18 қызметкері жауапқа тартылған, оның ішінде 7 қызметкер теріс негіздемелер бойынша жұмыстан босатылды.
Павлодар облысында «ВЕГАС Павлодар» ЖШС-нің 80 жұмысшысының екі жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүргендері, зейнетақы жарналарының аударылмай, құқықтарының бұзылғаны туралы ұжымдық шағымы Әкімшілікте бақылауға алынып, шұғыл шаралар қолдану үшін прокуратура органдарына тапсырылды. Кәсіпорынның басшысы ұсталып, уақытша қамалды. Кейін ол еңбекақы қарызын толық өтеді.
Өз міндеттеріне салғырт қарайтын дәрігерлерге де шағым түседі. Балаларын дұрыс емдемей отырған ақ желеңділердің заңсыз іс-әрекеттері туралы Астана қаласының тұрғыны А.Ахметованың шағымы тиісті шара қолдану үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған еді. Нәтижесінде, өтініште көрсетілген фактілер расталып, жауапсыз мамандар әкімшілік жазаға тартылды.
– Мірболат Хабиұлы «анау бүлінді, мынау қирады», «құтқарыңдар, көмектесіңдерден» басқа оң сипаттағы хаттар бола ма?
– Әрине, өте көп! Олар Елбасының жүргізіп отырған саясатын қолдаған, еліміз үшін маңызды оқиғаларға үн қосқан хаттар. Мәселен ЭКСПО-ны өткізу туралы идеяның өзі, оның сәтті әрі абыроймен өтуі отандастарымыздың рухын көтеріп, Президенттің атына жолданған мыңдаған құттықтау хаттарға айналды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанда қазақ қоғамы дүр сілкінді. Латын әрпіне көшу туралы шешімді қолдап, өздерінің нұсқасын жолдаған мыңдаған хат әлі келіп жатыр. «Білім Инновация» орта мектептерінде мұғалім болып жүрген түрік азаматтарына байланысты Елбасының шешімін ата-аналар қауымы үлкен қуанышпен қарсы алды. Елбасының ашықтығын, диалогқа дайын екенін білетінін көпшіліктен біліп жеке басының мәселесіне байланысты ақыл-кеңес сұрайтын хаттар, кейбір отбасының асыға күткен қуаныштарына Президентті бар ықыласымен шақыратын, келе алмаса бата беруін қалайтын хаттар да көптеп келіп жатады.
Мемлекет басшысына арнап жазған өлең, жырларын, кітаптарын, өздері қолдан жасаған бұйымдарын сыйға тартып, жылы лебізін білдіретін хаттар да көп келеді. Олардың бәрі Президенттің жеке өзіне беріледі.
– Сіз Елбасының атына қазақстандықтармен қатар, шетелдерден де көп хат-хабар келетінін айттыңыз. Олардың не туралы жазатыны біздің оқырмандарымызды да қызықтыратыны сөзсіз.
– Шетелдіктер көбіне Елбасымыздың ядролық қарусызданудан бастап, Еуразиялық интеграция, Ресей мен Украина, Ресей мен Түркия арасындағы жанжалдарды реттеу, Иранның ядролық проблемасы, Ауғанстан мен Сириядағы соғысты бейбіт жолмен шешу сияқты жаһандық бастамаларына Президентіміз жүргізіп отырған түбегейлі саяси-экономикалық реформаларына қызу қолдау білдіреді.
Алыс шетелдерден – Австралия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Польша, Канада, Финляндия, Норвегия, Сингапурдан Елбасының ел басқарудағы шеберлігі мен даналығына ризашылықтарын білдіріп, жаңа Астананың көркі мен өсу қарқынына таңданыс білдіретін хаттар жиі келеді. Мемлекет басшысының автографын және суретін сұрап шетелдік коллекционерлер де көп жазады.
Таяу шетелдерден – көршілес елдердің тұрғындарынан Қазақстанда тұрған кездерін, қазақ халқының қонақжайлығын, ашықтығын сағынышпен еске алып, Президентімізді «миллиондаған адамның үмітін ақтаған, тағдырдың қазақ халқына берген сыйы» деп шынайы тілектерін жазған хаттар көптеп келіп жатыр.
Мысалы Социалистік Еңбек Ері, Халықаралық инженерия академиясының президенті Б.В.Гусев: «16 жылдан кейін Астанаға қайта келдім. Көргенім адам сенгісіз. Жаңа Астана сіздің аса жоғары беделіңізге сай екен, естен кетпес архитектурасы мен қайталанбас көріністегі түрлі-түсті әрлеу мен шын ашықтығы таңғалдырды. Іргелі бастамаларыңыз үшін сізге ұлан-ғайыр рахметімізді айтамыз, сізді бүкіл әлем шын мәнінде құрметтейді» деп жазады өз хатында.
Бауырлас түркі елдерінен балалары, немерелері туған кезде қуаныштарымен бөлісе отырып, Елбасының атымен Нұрсұлтан деп ат қоюға рұқсат және бата сұрап жазған хаттар келеді.
Соңғы кездері бауырлас Қырғызстандағы қарапайым еңбекшілерден, кәсіпкерлерден хаттар келіп жатыр. Екі ел арасындағы достастықты ерекше жан жылуымен қалайтындықтарын айтып, Елбасының қырғыз халқына үнемі көрсетіп отырған қолдауы мен көмегіне алғыстарын білдіріп, өздерінің бұрынғы басшысының Қазақстан туралы келеңсіз сөздерін айыптап, кешірім сұрап жатқандары бар. Ош облысының тұрғыны А.Коргонбаев өзінің хатында «1996 жылы туған үлкен баламның атын Нұрсұлтан қойдым. Қарапайым қырғыз халқы сізді жақсы көреді және құрметтейді» деп жазса, Бішкек қаласынан Ж.Нарын «Атамбаев қазақ және қырғыз халықтарынан, Н.Назарбаевтан кешірім сұрауы керек» деген ойын жеткізеді.
Елді бірлікке ұйытып, жарқын болашаққа апарар бағытымызды айқындап отырған Елбасымызға арналған осындай ізгі тілектерге біз де қосыламыз. Газет оқырмандарын Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтаймыз және еліміз өркендей берсін деп тілейміз!
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»