Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Астанада түрік шайы фестивалі өтеді

535 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Астанада «Түрік шайын таныту» шарасы өтеді.

Астанада түрік шайы фестивалі өтеді

Шай түрік асханасының айрылмас бір бөлшегіне айналған. Түрік шайы басқа шайлардан тропикалық аймақтарда өспейтіндігімен ерекшеленеді. Әлемде континенттік ауа райында шай өсіру дәстүрі тек қана Түркияда кездеседі.

Шайды ерекше көретін  түрік халқы орта есеппен жылына  әр адам басына шаққанда  2,3 келі шай тұтынады екен. Осылайша бүкіл әлемде ең көп шай ішетін халықтар арасында төртінші орынды иеленеді.  Бір ғасыр бұрын кофесіз күндері өтпейтін түрік халқының қазіргі таңда шыны ыдыспен шай ішпесе таңы атпайды десек артық айтпаймыз.

Түрік халқы үшін шайға арналған шыны ыдыстың орны бөлек. Түріктер үшін шай ішу де бір өнер. Мысалы, шайдың демделуін,  реңін және қасықпен араластырған кезде шығатын өзіндік дыбыстардың әр қайсысын сезіне білу керек.

Шай - адамдар арасындағы әңгіме- дүкеннің басталып одан әрі қарай өрбуіне септігін тигізетін бір дәнекер. 5 желтоқсанда Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы сіздерді түрік және қазақ халықтары арасындағы бауырластықты арттыру мақсатында түрік шайын ішуге және 15 түрі мен түрік симитінің дәмін татуға  шақырады.

Шара 5 желтоқсан түсте Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтеді.