Кеше Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Тұңғыш Президент күні – ұлттық тұтастық мерекесі» тақырыбында өткізілген мәжілісте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев айтар сөзін осы арнадан сабақтады.
Тұңғыш Президенттің арқалаған жүгі салмақты. Оған мемлекеттілікті қалыптастырып, елді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан алып шығу секілді үлкен тарихи міндет жүктелді. Ел сенімі толығымен ақталды. Тұңғыш Президенттің төңірегіне барша қазақстандықтар тығыз топтаса түсті. Ел-жұрт Елбасының бастамасымен жас мемлекетімізде қолға алынған реформаларға қолдау көрсетіп, оның тірегі бола білді, деді бұдан әрі С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Тілектес Тоқсанбаева.
Сондай ақ бүгінгі күні Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатының нәтижесінде ел экономикасы өсіп-өркендеп, саяси-әлеуметтік даму үрдісі алға басып отыр. Елбасымыз бүгінгі күні тұғырланып келе жатқан мемлекетіміздің саяси, экокомикалық және рухани тұрғыдан үндесе дамуының біртұтас жолын көрсете отырып, қазақстандықтарды жаңа биіктер мен асуларға бастап келеді. Мәжіліске қатысқан этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжым жетекшілері және ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелері Елбасы еңбегінің осы қырына екпін түсірді. «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Әсел Бөлекова бүгінгі ұрпақ еліміздегі ғаламат өзгерістердің куәсі екенін айта келіп, олардың бойында ортақ Отанымыз Қазақстанға деген мақтаныш сезімі орнығып келе жатқанын тілге тиек кетті.
Мәжіліске қатысушылар Тұңғыш Президент күні – ұлттық тұтастықты тереңдете түсетін мерейлі мереке деген тұжырымға тоқталды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ