Президент • 01 Желтоқсан, 2017

Қарапайым горновойдан әйгілі саясаткерге дейін

458 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» – «Сарыаркинский взлет Елбасы» және «Сарыарқа Тәуелсіздік жылдары» – «Сарыарка в годы Независимости» атты негізінен Қарағанды журналистерінің еңбектерінен құралған қос жинақ екі тілде жарыққа шықты. 

Қарапайым горновойдан әйгілі саясаткерге дейін

Бұл жинақтарды құрастыру «Сарыарқа кітапханасы» редак­ция­лық алқасы мүшелерінің ұсы­­­нысымен және облыс бас­шы­лығының қолдауымен тә­жі­рибелі журналист Аман Жан­ғожинге тапсырылған болатын. Ұзақ жыл жергілікті «Ор­та­лық Қа­зақстан» газеті бас редак­торының бірінші орынбасары бо­­лып қызмет еткен қарымды қа­­лам­гер бұл міндетті ойдағыдай ат­қарып шықты деп бек сеніммен ай­туға болады.

Бірінші кітап атынан көрі­ніп тұрғанындай, Қазақстан Рес­­­­пуб­ли­касының Тұңғыш Пре­зи­­денті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектегі жә­не саяси қайраткерлік қызметі бас­талған қазыналы Қарағанды облысымен байланысына арнал­ған. Жинақта ардагер журналис­тер А.Сағындықов, Б.Бодаубаев, А.Ахметәлімов, А.Старухин, жазу­шы Ә.Әзиевтердің суретте­мелерінде өткен ғасырдың сонау 60-жылдарында жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы еңбек қадамы қалай басталғаны баяндалады. Журна­листердің келесі легі болып та­­бы­латын В.Жандаулетов, В.Рыж­ков, А. Жанғожин болашақ Ел­ба­сы­ның Днепродзержинск тех­ни­калық училищесінде оқы­ған жылдары мінезі қалай шынық­қанын Украинада бірге оқыған серік­терінің атынан нанымды­ баяндайды (бұл авторлар 2008 жылы Елбасы өмірінің осы кезеңіне арналған «Та заводская проходная...» деген жинақты шы­ғаруға қатысқан). Енді бір топ тәжірибелі журналистер М.Сембаев, А.Сәулебеков, А.Не­сіпбай, С.Сексенұлы, Е.Бал­таш­ұлы, В.Могильницкий, Н.Рыж­ко­ва, Е.Лахно, ақын С.Бек­се­йіт­ және т.б. өздерінің очерк-сурет­темелерінде Елбасының Қа­рағанды өңірімен тығыз бай­ланысын түрлі мысалдармен аша түскен. Мемлекет басшысының Қарағанды облысына сапары, оның өзі түлеп ұшқан Теміртау қаласы мен Қазақ­стан Магниткасының тор­қалы тойларынан репортаж­дар мен сұхбаттарға орын бе­ріл­ген. Сондай-ақ қатарлас қыз­мет атқарған мемлекеттік қыз­метшілер С.Досмағамбетов, Р.Омар­бекова, Н.Вахитова мен от-жалынды цехтарда қоян-қол­тық еңбек еткен Магнитка металлургтері – Қазақстанның Еңбек Ері А.Жүнісов, білікті инженерлер О.Сосковец, В.Ни­конов, Қ.Омашев, Т.Сма­ғұ­­­лов­­­тың естеліктері мен эс­се­лері оқырманды бей-жай қал­дырмайды.

Жинақта Н.Назарбаевтың Қа­­­ра­ғанды облысында қызмет ат­қарған жылдары қазақ және орыс тілдерінде жазған кейбір таңдаулы мақалалары мен «Сталь­ной профиль Казахстана» деген кітабынан үзінділер де келтірілген.

Кітаптың болашақ ұрпақты Елбасы өмірінің мысалында еңбексүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор екені белгілі. Сол себепті, кітапты құ­рас­тыруда сарғайған газет­те­рдің беттерінен теріп, интернет желісінен көп ізденуге тура келген.

Елбасы туралы кітаптар аз шығып жатқан жоқ, бірақ бұл кі­таптың маңыздылығы сол, болашақ мемлекет басшысының еңбек жолы қарапайым горновойдан басталып, әлемге әйгілі сая­саткер болуы Сарыарқа же­рінде қалыптасқандығын нақты дәлелдермен аша түсу еді. Кітап сол мақсатына жеткен деп есеп­тейміз.

Екінші жинақ – «Сарыарқа Тәуелсіздік жылдары» – «Сары­арка в годы Независимости» жер­гілікті журналистердің Тәуел­сіздік жылдары Қарағанды облысы еңбекшілерінің қол жеткен жетістіктері, реформаның ал­ғашқы жылдары кездес­кен қиындықтарды қалай еңсер­гендігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050 страте­гия­ларын қалай жүзеге асырып жатқандығы туралы жер­гілікті баспасөз беттерінде жарияланған материалдардан іріктелген. «Сарыарқа кі­тап­ханасы» негізінен Арқа өңі­рі­нің ақын-жазушыларының шы­ғар­маларына арналып, әрбір тұлғаға екі-үш том, немесе үш-төрт ақынға бір том арналып жатса, мұнда облысымыздың әлеу­меттік-экономикалық өмірін талмай жариялап жүрген жур­на­листердің еңбегі ескерусіз қал­масын деген мақсатпен таң­даулы шығармалары бір томға сый­­ғызылған. Сонда жоғарыдағы жи­нақпен қоса есептегенде 60-тан астам газет және радио-теле­визия журналистерінің шығар­маларына орын беріліп, жинаққа аттары еніп отыр. Демек, журналистер сияқты мәдени сала қыз­меткерлерінің үлкен тобының есім­дері ескеріліп отыр.

Бір сөзбен айтқанда, жинақ­та берілген көлем аясында қа­зыналы Қарағанды облысының ке­шегісі мен бүгіні жан-жақты қамтылған деуге әбден болады. 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»