Жалпы сомасы 406 млн. теңгені құрайтын жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. «Еліміздің бірлігінен асқан аса қадірлі ұғым жоқ. Қазақстанның өсуі де, өнуі де бірлік пен елдіктің арқасы. Соның арқасында экономика көтерілді. Бір аудан бойынша балабақша мәселесін толық шешуге жағдай жасалып жатыр. Осындай балабақшамен 98 пайыз деңгейде қамтамасыз етуге жеткелі отырмыз. Яғни, кішкентай бүлдіршіндерге жақсы жағдай жасай алсақ, соның бәрі тәуелсіз Қазақстанның жаңа мүмкіндігі болмақ»-, деді сөз алған аймақ басшысы. Салтанатты рәсімнен кейін Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарымен кездесіп, Маңғыстауда жүргізіліп жатқан маңызды стратегиялық жобаларды талқылап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айтып берді. Ал, ақсақалдар қауымы өз ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Айтулы мереке қарсаңында алты алашқа тарту ретінде есік ашқан тағы бір нысан Ақшұқыр ауылындағы Ер Қосай Құдайке атындағы спорт кешені. Спорт ғимаратының жалпы аумағы 400 га жерді алып жатыр. Мұнда бір мезетте 400 адам жаттығуға жағдай жасалған. «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің өз қаражатымен салынған спорт кешенінің құрылысына 65 млн теңге жұмсалды.
Сондай-ақ, Ақшұқыр ауылында «Жоламан» медициналық орталығы салтанатты түрде ел пайдасына берілді. Емхана жүрек, қан-тамыр,тіс, көз, құлақ, мұрын тағы басқа ауруларды қарайтын аппараттармен толық жабдықталған. Орталықтың 1 мезетте 15 адамды қарауға мүмкіндігі мол. Шағын ғана ауылымыз үшін бұл үлкен орталық дейді, тұрғындар. Маңғыстауда жылына 20 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сондықтан қазіргі таңда ата-аналар үшін ең керекті нысан – балабақша. Болашақта облыста бөбекжай жетіспеушілігін толық жоюға мүмкіндік жасалуда. Аймақ басшысы бүлдіршін тәрбиелейтін тағы бір білім ошағының салтанатты ашылуына қатысып, Ақшұқыр тұрғындарының қуанышына ортақтасты. 140 балаға шақталған «Алма» балабақшасына жеке кәсіпкер 640 млн теңге жұмсаған. 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Айта кетейік, бұл ауылдағы кәсіпкерлердің қаражатына салынған 7-ші балабақша.
Ашылу салтанаты айтулы мерекеге тұспа-тұс келген және бір нысан Ақшұқыр ауылында жаңа мешіт. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатымен бой көтерген құлшылық үйі бүгін, яғни жұма күні пайдалануға берілді. Бірлік пен ынтымақтың, имандылық пен бауырмалдықтың рухани қайнар көзі, мұсылманды бір жерге тоғыстыратын, зор мәні бар рухани орталықтың ашылуына ауыл тұрғындары түгел жиналды. Мешітте 1 мезетте 500 адам құлшылық ете алады. Құрылысқа халықтан және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жиналған 50 млн теңге жұмсалыпты. Шарада сөз алған Ералы Тоғжанов: «Діннің тазалығы – елдің тазалығы. Елдің тазалығы – халықтың рухының биіктігі, осының арқасында қазақ елі де, халқы да бір бола алады. Басқа бағытқа кеткен елдердің жағдайы бәріңізге мәлім. Еліміздегі бірлік пен бейбітшілікті мақтан тұтайық және соған берік болайық. Имандылыққа бастаған ниетпен жиналдыңыздар. Тойымыз құтты болсын!» ,-деп өз лебізін жеткізді.
«Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС ауыл халқын жұмыспен қамтып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып отырған шаруашылық. Кәсіпорын түйе, жылқы, қой өсірумен айналысады. Тауарлы мал өнімдерін өндіріп, халыққа тұтынуға шығарады. Серіктестік қарамағында шұбат шығаратын цех; жүн өңдеу цехы; мал сою алаңы; наубайхана; бау-бақша; қарабалық аулау шаруашылығы; сусындар шығаратын цех бар. Қазіргі таңда 2000 бас түйе, 200 жылқы, 1000 бас қой өсірілуде. Кәсіпорынның жетістігі сол – елімізде «асыл тұқымды қазақтың қос өркешті айыр түйесін өсіретін шаруашылық» және «асыл тұқымды қазақтың адай жылқысын өсіретін шаруашылық» мәртебесін иеленген. Кәсіпорында 120 адам жұмыс жасайды. Ералы Тоғжанов жұмысшылармен кездесіп, шаруашылықтың ұжымына табыс пен еңбектеріне жеміс тіледі, деп хабарлады редакция тілшісіне Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретке түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Маңғыстау облысы