«Біз білім саласында, интеллектуалды ұлт қалыптастыруда даму үстінде екенінімізді көрсетуіміз керек. Адами даму индексінің рейтингінде Қазақстан 56-орында келеді. Бұл дамудың жоғары сатысындағы елдер қатарындамыз деген сөз. Оған жас ұрпақтың да үлесі мол. Бізде өзінің жетістіктерімен облыс даңқын асырып жүрген жастар бар. Балалар табысы – олардың ұстаздарының еңбегі, жетістігі деп білеміз», деді салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Бірнеше жыл қатарынан Қостанай облысының олимпиадалық командасы елімізде көш бастап жүр. Биыл оқушылар республикалық олимпиадалардан 24 медаль алып келді. Ал осыдан 4 жыл бұрын жүлделі орынның саны жетеу ғана болатын. Сабақта, өнерде, спортта жетістікке жетіп жүрген мектеп оқушылары сөз алды. Мысалы, қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Варис Уразбахтен биыл химия пәні бойынша республикалық олимпиадада күміс жүлдеге ие болды.
«Мен 7-сыныптан бастап химия пәні бойынша жарыстарға қатысып келемін. Республикалық олимпиадаларда бәсекелестер көп, оза шабу оңай емес», дейді Варис.
Салтанатты жиында облыс әкіміне оқушылар көптеген сұрақтар қойды. Мысалы, гір спортынан қыздар арасында облыстағы жалғыз спорт шебері Яна Литвинова өңір басшысынан: «ауылдағы спортшы балалар үшін спорт мектеп-интернаты бола ма?» деп сұрады.
«Өте жақсы сұрақ. Расында бізде спортшыларға арналған мектеп-интернат жоқ. Біз оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі деңгейінде қарастыратын боламыз. Биыл кәсіпкер Махмұт Тұрсынов күштілік спорт түрлері академиясын салса, келер жылы облыста 50 метрлік бассейн пайда болмақ. 3000 орындық мұз сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Спорт ғимараттарын салу бар да, оған балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бар. Қолжетімділік спорттың бұқаралығын жасайды», деді облыс басшысы.
Архимед оқушылардың сауалдарына орай табысқа жетудің басты кепілі еңбек екенін айтты. Триумф сыйлығы тапсырылып болғаннан кейін оқушылар мен ұстаздар ескерткіш ретінде суретке түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай