Президент • 04 Желтоқсан, 2017

Жапония тарапы Қазақстан бастамаларын қолдайды

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Солтүстік Корея тағы да баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Бұл жолы ракета Жапония маңындағы ашық теңізге құлаған. Бұған дейін де КХДР бірнеше мәрте баллистикалық зымырандарын сынап, оның кейбірі Күн шығыс елінің аумағынан ұшып өткені белгілі. Осы мәселеге байланысты Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны әңгімеге тартқан едік.

Жапония тарапы Қазақстан бастамаларын қолдайды

– Елші мырза, таяуда Солтүстік Корея тағы да баллистикалық ракетасын сынақтан өткізді. Бұған дейін де КХДР бірнеше мәрте зымыранын сынақтан өткізгені белгілі. Солардың кейбірі Жапония аумағының үстінен ұшып өтті. Осыған қатысты Жапониядағы көзқарас қалай?

– Солтүстік Корея халықаралық қоғамдастық тарапының бірнеше мәрте айыптауы мен наразылық танытуына қарамастан, баллистикалық зымырандарын ұшыруын тоқтатар емес. Соның кейбірі Жапония аумағынан ұшып өтіп жатыр. Сонымен қатар, КХДР алтыншы мәрте ядролық қаруын сынақтан өткізді. Олардың әрқайсының ауқымы бұрынғысынан артық. Соңғы өткізген сынақ кезінде сутегі бомбасын қолданды деген қауіп бар. Бұл – ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімді қайта қарауды қажет етеді. Сондай-ақ, бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар қарарларын өрескел бұзатын, Жапония мен КХДР арасындағы Пхеньян декларациясына және алтытараптық келісімнің шешіміне қарама-қайшы әрекет. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ядролық қарудан жапа шеккен ел ретінде Жапония Солтүстік Кореяның әрекетін қабылдауға келмейді деп есептейді.

– Солтүстік Корея басшысы ешқандай санкциядан қорықпайтынын мәлімдеген болатын. Яғни, халықаралық қоғамдастық салған санкциялар әзірге КХДР-дың меселін қайтарар емес. Осы орайда, Жапония тарапы көрші елдегі ядролық қарудың дамытудың алдын алу қандай шаралар қабылдап жатыр?

– Солтүстік Кореяның арандатушы әрекеттері, әсіресе ядролық қаруды сынау мен баллистикалық зымырандарын ұшыруы халықаралық қоғамдастықты ойландырмай қоймайтыны анық. Өйткені, олардың іс-қимылы әлемдегі бейбітшілікке және аймақтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. КХДР тарапынан туындаған қауіп-қатердің алдын алу мақсатында Жапония бірқатар шаралар қабылдайды. Мәселен, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде АҚШ, Солтүстік Корея, Қытай және Ресеймен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Халықаралық қоғамдастықтың Солтүстік Кореяға қысым көрсету жөніндегі шешімге сүйене отырып, Жапония 11 қыркүйекте қабылданған Қауіпсіздік Кеңесінің 2375-қарарын жоғары бағалайды. Аталған қарарда КХДР тарапынан жасалған сынақтарға жауап ретінде қатаң санкция салу жөнінде шешім шығарылған болатын. Мәселен, Солтүстік Кореяға мұнай өнімдерін жеткізу және текстил өнімдерін сатып алуды шектеп, олардың азаматтарына шетелде жұмыс істеуіне тыйым салады. Өз кезегінде бұл шешім КХДР-ға қысымды жаңа деңгейге шығарады. Жапония БҰҰ-ға мүше елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, қарардың маңыздылығына назар аударады. Бұдан бөлек, Жапония тарапы Солтүстік Кореяны тағы да әлемдік қоғамдастықтың сөзіне құлақ асып, арандатушылық әрекеттерінен, ядролық қаруды сынау мен баллистикалық зымырандарын ұшырудан бас тартуға, Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған 2375 қарарына мойынсұнуға шақырады.

– Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланған Қазақстанның бұл мәселеде рөлі қалай? Ядролық қарудан зардап шеккен екі мемлекет ретінде өзара әріптестік қалай өріс алып келеді?

– БҰҰ Қауіпсіздік Кеңес құрамына енген тұңғыш Орталық Азиялық мемлекет атануына Қазақстанның ұстанған негізгі дипломатиялық бағыты маңызды рөл ойнады. Елдеріңіз ұстанған көпвекторлы, халықаралық қоғамдастықпен әріптестікті нығайтуы саясаты, Орталық Азия мен әлемде бейбітшілік орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және аймақты дамытуға жасаған қадамдарының маңызы зор.

Сіздердің елдеріңіз ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану бойынша белсенді әрекет етіп келе жатқаны, әлемнің қауіпсіздігі мен тыныштығына ядролық қарудан келетін зиянды жақсы түсініп, оған маңыз беріп келе жатқаны белгілі. Қазақстан 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы міндетін атқарады. Осы орайда, сіздердің еліңіз ядролық қарусыздану және оны таратпау жөнінде көптеген бастама көтеретініне сенімдімін.

Ядролық қарудан зиян шеккен Жапония мен Қазақстан ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесіне ерекше маңыз беріп, өзара бірқатар шаралар қабылдады. Екі ел де 2015 жылдан бері Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық орнатып, өз міндеттерін атқарып келеді.

Қазіргі таңда халықаралық аренада ядролық қарусыздануға қатысты кереғар пікірлер өршіп тұр. Сондықтан, ядролық қаруы бар елдер мен басқа мемлекеттер арасында ортақ келісім қажет. Осындай жағдайда Жапония «ядролық қарусыз әлемді» орнату мақсатында Қазақстанмен әріптестігімізді одан әрі жалғастыруға мүдделіміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»