Ауыр атлетика • 04 Желтоқсан, 2017

Сомбілек Марат Асайынов

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Атбасар қаласының аты айдай әлемге әйгілі болған. Шағын қаланың атағын шартарапқа танытқан Олимпия ойындарының, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы атанған Анатолий Храпатый еді. Дәл осы кезеңде Атбасардың бар баласы штанга көтеріп кетті десек қателеспейміз. Сол арман қуған балалар­дың ішінде Марат Асайыновтың шоқ­тығы биік көрінетін.

Сомбілек Марат Асайынов

Шыны керек, Марат кішкентай кезінде күреске құштар-ақ болды. Ол кезде үлкендер қаумалап балаларды күрестіріп жататын. Сондайда Марат алдына келгеннің бәрімен белдесе кететін. Түптеп айтқанда, Маратқа көшедегі күрес көп нәрсені үйретті. Денесі ши­рықты, бұлшық еттері бұлтылдап тұратын болды.

Марат өсе келе Атбасардағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумындағы ауыр атлетика секциясына жазылады. Атақты бапкер Анатолий Сидоров жас баланың бойындағы бұла күшті бірден байқайды. Сөйтіп Марат ауыр атлетикаға арбалып, күн сайын моншақтап тер төгетін. Штанга көтерудің техникасын едәуір меңгеріп алған соң жарыстарға да жолы түсе бастады. Ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері нормативін де орындады.

 1992 жылы Мараттың өмірінде естен кетпес оқиға орын алды. Ол осының алдында жаттығып жүріп жарақат алған еді. Байқаусызда белі кілт етіп, тізерлеп отыра қалған. Содан дәрігерлер ауыр көтеруге тыйым салды.

Ал сол жылы жазда білектің күшімен, найзаның ұшымен елін жаудан қорғаған Бөгенбай батырдың 300 жылдық мерейтойы Ерейментауда дүрілдеп өткен еді. Міне, сол тойда армрестлингтен, біздіңше қол күресінен жарыс ұйымдастырылды. Еліміз­дің түкпір-түкпірінен кілең мықты­лар жиналған жарыста олжа салу кімге болса да мәртебе екені анық-тын. Ақмола облысы­ның спорт саласындағы мамандары ақыл­даса келе Марат Асайыновты сынға салуға ұйғарым жасады. Қол күресінде күш белге емес, білекке түсетін болғандықтан Марат үшін қиынға соқпасы еске алынды. Оның үстіне Мараттың өзі болса елімізде енді-енді дами бастаған армрестлингке әуестеніп жүрген-тін.

 Біле білсек, армрестлинг – білек күшіне сын. Алайда мұнда тек қара күшпен жеңу де мүмкін емес. Техникалық және тактикалық шеберлікті дұрыс қолдана білгенде ғана қара күш қарсыласты қалтырата алады.

 Міне, осы талаптарды ерік-жігеріне көндіре білген Марат Бөгенбай бабамыздың атын­дағы жарыста абсолютті чемпион атан­ды. Дәл осы жеңістен кейін ол қол күресіне біржола кірісті. Одан кейін кезекті республика бірін­шілігінде топ жарды.

 Жылдар алға жылжыған сайын Мараттың тәжірибесі де толысып, мақсаты айқындала түсті. Енді ол әлем чемпионы болсам деген арманға арбала берді. Бұл мақсатын жүзеге асырудың сәті де туды. 1995 жылы Оңтүстік Американың аты аңызға айналған Сан-Паулу қаласында өткен кезекті әлем біріншілігінде Маратқа тағы да сенім артылды. Бұл жолы 80 килограмм салмақта сынға түскен қазақ жігіті алтыншы орынға табан тіреді. Бір жылда үш саты алға басыпты. Бұл да болса көңіліне медеу.

1996 жылы Италияның жау­һары, батыстың бағына біткен Венецияда өткен Еуропа чемпио­натында бағын сынады. Кәрі құрлықтың додасында ел намысын арқалап барған ақмолалық саңлақ жүлдеге қол созды. Ол жарыс барысында түрікпен тіресті, ағылшынмен айқасты, испанмен итжығыс түсті, неміспен... керісіп күміс жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Осы жарыстан кейін едәуір арқаланып қалған Марат алдағы күзде өтетін әлем біріншілігіне айрықша дайындық жүргізді. Бұл жарысқа ол тек алтын жүлдені көздеп аттанды. Енді алмасам адыра қалайын деп ашынып келген сайысы-тұғын. Арманы асқақ қой, тағы да алдырмады. Бесінші орын. Өкінді. Қапаланды. Әйтеуір құдай берген мінезі медет болды. Тағы да тістеніп, жаттығуларын үздіксіз жалғастыра берді.

 Келесі жылдың гүлзар көктемі де келді. Бұл көктемді Марат асыға күтті. Өйткені Еуропа чемпионаты өтетін еді. Словакияға кілең мық­тылар жиналды. Бұрынғы қарсы­ластарының бәрі осында жүр. Өткен жылы күміске кенелген Марат үшін бұл жолы алтыннан басқа мақсат болған жоқ. Алған бет­тен қарсыластарының бәрін қай­ы­ра бастады... Әй, тәйірі-ай, ақ­тық сынға шығар жолда бағы тай­ды. Қоланы қанағат тұтуға тура кел­ді. Марат бұған да жасыған жоқ. «Қалайда алтынға қол жеткізе­мін», деп алғ­ан бетінен қайтпады. Ен­ді­гі үміті Үндістанда өтетін кезекті әлем чемпионатына ауысты.

Төрткүл дүниенің төрт бұры­шынан жиналған үздіктердің арасынан топ жарудың оңай болмасын Марат жақсы біледі. Оған талай рет көзі жеткен. Сондықтан Үндістанға сапарында үлкен үмітпен аттанған еді. Шынымен де осы жолы Асайыновтың бағы мен бабы қатар жанды. Асқақ арманы ақиқатқа айналды. Ол осы біріншілікте алдына келген қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Атбасардан қанат­танған, Астанада баптанған Марат Асайынов армрестлингтен әлем чемпионы атанды. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болды. Көп ұзамай ол әлем чемпионы атағына Еуропа чемпионы атағын да қосып алды. 1998 жылы Астананың халық­аралық тұсаукесері қарсаңында Еуропа біріншілігінен алтын медаль әкелді. 2000 жылы Азия чемпионатында алтын тұғыр­дан көрінді. Осылайша, Қазақ­станның бірнеше дүркін чемпионы, әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңім­пазы атанған жерлесіміз қазақ спорты­ның тарихын айшықты көрсет­кіштермен толықтырды.

Сірә, табиғатына біткен қа­рапайым мінезінен болар, Марат өзінің бағындырған белестері туралы айтуға жоқ. Бірақ спорт жарыстарында жасындай жарқыл­дай­тын саңлақтардың күнделік­ті өмір­де сөзге сараң, біртоға мінезді болып келетіні заңдылық сияқты ма дерсің. Әйтсе де, ел намысын қорғауға келгенде жанкештілік танытатын осы Марат секілді сомбілек жігіттер емес пе?!

 Бүгінде Марат Асайынов Қазақстанның армрестлинг және гір тасын көтеру спорты федера­ция­сына жетекшілік етеді. Өзі жүріп өткен жолдың ізімен жас­тарды қол күрестіру спортының биігіне бастап жүр.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

журналист