Олардың арасында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының, өмір сапасының жақсаруына үлкен басымдық берілді. Жуков көшесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жүз пәтерлік екі үй әлеуметтік жағынан төмен отбасыларға берілді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өз сөзінде тұрғындардың әлжуаз топтарына үйлер көп жылдардан бері алғаш рет тұрғызылғанын атап өтті. Жыл соңына дейін 200 мың шаршы метр тұрғын үй, екі жалгерлік-коммуналдық және 75 пәтерлі ипотекалық баспана пайдалануға беріледі. Келесі жылы 1660 отбасыға арналған 15 көп қабатты үй, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 208 жеке үй бой көтереді. Бүл күні соғыс, еңбек ардагерлерінің, мүгедек жандар мен шеттен оралған ағайындарымыздың, көп балалы отбасылардың қуанышында шек бомады. Солардың бірі – жетім балалар үйінде өскен Динара Кирибаеваның отбасы үш пәтерлі жайлы баспанаға ие болды.
Тарихи-өлкетану мұражайында өткен дөңгелек үстел барысында Елбасының өміріне, қызметіне, сұңғыла саясаткерлігіне, көшбасшылық кемеңгерлігіне қатысты естеліктер мен ой-толғамдар ортаға салынып, мызғымас мемлекет қалыптастырып, құрудағы, өркениеттің көшіне қоса білген зор үлесі жастарға үлгі етілді. Тұңғыш Президент атындағы залда фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Осы күні «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша Құқық қорғау қызметтері орталығы өз жұмысын бастады. Бас прокуратураның бастамасымен қолданысқа енген орталықтың негізгі мақсаты мәселелерді жедел түрде шешу, жұртшылықтың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына сенімін арттыру, қағазбастылық кедергілерді жою болып табылады. Жыл сайын прорурорлардың жеке қабылдауына 50 мыңнан астам адамның келетінін ескерсек, бұдан былай қабылдау рәсімдерінің барынша ашық әрі оңтайлы болары сөзсіз. Орталық заманауи инженерлік-техникалық құралдармен, «Connection Point» секілді инфрақұрылымдармен жабдықталған.
«Қайырымды жандар-2017» байқауының қорытындысы жарияланып, қолы ашық кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері 6 аталым бойынша марапатталды. Олардың арасында «Тайынша-Астық» ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальскийге, «Солнечный дом» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анастасия Швецке, және тағы басқаларына құрмет көрсетілді. Шекаралық әріптестікке бағытталған аталым бойынша Ресейдің Түмен облысының қазақтар қауымдастығы жеңімпаз атанды.
Сол сияқты тұрмысы төмен отбасыларға, қарттарға, зейнеткерлерге, мүгедек жандарға жан-жақты қайырымдылық қолдаулары көрсетіліп, жас ақындар айтысы, сынып сағаттары, түрлі байқаулар, тақырыптық кештер, экскурсиялар ұсынылды. Елді мекендерде көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар бой түзеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы