Атырау қаласы маңындағы Жұмыскер ауылының тұрғындары мерекені жаңа мәдениет үйінде атап өтті. НКОК компаниясының демеушілігімен салынған ғимарат көпшіліктің көңілінен шықты. Қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасановтың айтуынша, аталған компания осындай тағы да үш мәдениет үйінің салынуына қаржылай қолдау көрсетіп отыр.
Жаңа әлеуметтік нысандар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да бой көтерді. Индер ауданының Құрылыс ауылында орта мектеп ашылса, Индер поселкесінде балабақша бөбектерді қабылдай бастады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жылыой ауданының Шоқпартоғай, Жаңақорған, Ақкиізтоғай ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді.
Мұнайлы өңірде соңғы жылдары құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Биылдың өзінде жеті балабақша, бес мектеп ашылып, екі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Атырау қаласында, Индер, Исатай аудандарында мәдениет үйлері салынды. Бес спорт кешені іске қосылды.
Халықты баспанамен қамту мәселесі де жақсы жолға қойылған. Түңғыш Президент күніне орай Нұрсая шағын ауданында 45 пәтерлік тұрғын үй иелеріне табысталды. «Елбасы саясатының арқасында сәні мен сәулеті келіскен келбетті үйлердің қатары көбейіп, тұрғындарды қуанышқа бөлеп келеді. Мерекемен орайластырылып пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйден мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына кіретін және жастайынан жетім қалып, көптен бері баспанасыз жүрген азаматтар пәтер кілтін алды», деді салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ