Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Экономика саласында қандай жетістіктерге жеттік?

4773 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Индустрияландыру – еліміздің бүкіл экономикалық саясатының діңгегі іспеттес». 

Экономика саласында қандай жетістіктерге жеттік?

Бірнеше жыл бұрын елордада Индустрияландыру күніне орай өткен телекөпірде Елбасы Н.Назарбаев осылай деген болатын. Расында, Қазақстанның күш-қуаты толысқан мемлекетке айналуына тәуелсіздік жылдарында экономикалық секторда қол жеткізген толағай табыстар ықпалын тигізгені айдай ақиқат. Ширек ғасырдан сәл-ақ асатын уақытта елімізде бұрынғы жоспарлы экономиканың орнына нарықтың талаптарына толыққанды жауап бере алатын заманауи үлгідегі экономика қалыптасып үлгерді. 

1997 жылы Президент «Қазақ­стан-2030» Стратегиясын жариялап, осы құжатта Қазақстан үшін индустриялық стратегияны әзірлеу қажет екендігі алғаш рет айтылған-ды. Индустриялық стратегия өндірісті әртараптандыру және шетелдік инвестицияларды көптеп тарту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге негізделді. Техникалық қайта жабдықтау мен шетелдік инвес­торларды тарту жұмыстары жедел жолға қойылғанының арқасында алғашқы экономикалық жаңғыру міндеті мерзімінен бұрын жүзеге асырылды.

Кейінгі жылдарда әлемдік экономикада орын алған өзгерістер, жаһандық құбылулардың жиілеп кетуі жаңа талаптардың туындауына себепші болды. Шикізатқа негізделген экономиканың дә­уі­рі бірте-бірте мәреге таяп келе жатқаны, экономика тек көмір­су­тегіне ғана байланып қалмауы ке­ректігін көрсетті. Еліміз Одақ кезінде негізінен шикізаттың бай көзі ретінде қарастырылса, шет­елден инвестиция тарту жолға қойылған алғашқы жылдары осы үдеріс одан әрі белең ала бастағаны байқалды. Әлем елдері әсіресе көмірсутегі мен металға деген сұранысты күшейтіп, есесіне машина жасау және басқа да өңдеуші саланың өнімдеріне деген сұраныс кеми берді. Шикізат экспортына иек арта берудің түбінде қиындыққа соқтыруы мүмкін екен­дігін ескерген Мемлекет басшысы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ба­рынша күш салуды тапсырды. Осы мақсатта қабылданған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы шикізат шыла­уы­нан шығуға, экономиканы әрта­рап­тандыру сынды әлемдік даму көшінде болуға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болды.

Бірінші бесжылдық белесі

2010-2014 жылдарды қамтыған ал­ғашқы жылдары бағдарламаның базалық негізі қаланды, оны ілгерілету үшін құ­қықтық және қаржы-экономикалық негіз салынды. Көліктік, энергетикалық және тағы басқа өнеркәсіптік инфра­құ­ры­лымдарға қажетті мәселелер шешімін тапты. Өңірлерді дамыту бағдарламалары қолға алынып, кәсіпкерлерді қолдаудың көптеген тетіктері жолға қойылды.

«Бизнестің жол картасы-­2020», «Ин­вес­тор-2020» сынды бағ­дар­ламалар түзілді.

Тәуелсіздік жылдарында ал­ғаш рет Қазақстан экономикасына құйылған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы өңдеуші секторға бағытталды. Барлығы 770 жаңа кәсіпорын ашылып, 75 мың адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бірінші рет индустрия саласында еңбек ететін адамдардың үлесі 1 миллионнан асып түсті. Тұңғыш рет өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны шикізатқа сүйенген дәстүрлі салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болғанын ескерсек, бағдарлама өзінің басты миссиясын атқарды деуге негіз бар.

Өңдеуші өнеркәсіп сала­сын­дағы еңбек өнімділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қал­ған жоқ. Соның арқасында өнім­ділік 60 пайызға артып, жұмыс­шы­лардың жан басына шаққандағы жыл сайынғы өнім көлемі 20 мың доллардан астам көрсеткішті құрады. Өңдеуші салаға салынған ті­келей шетелдік инвестиция ал­дыңғы 15 жылдағы көрсеткіштен 3 есе асып түсіп, 18 миллиард дол­ларға жетті.

Сол жылдары дүниежүзілік шикізат нарығында бағаның құбылу үдерісі жиі байқала бастағаны белгілі. Өңдеуші өнеркәсіпке көбірек көңіл бөлудің, сонымен қатар дағдарысқа қарсы басқа да шаралардың қолға алынуының арқасында күрделі кезеңде ел экономикасында құлдырау орын алған жоқ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебіне жүгінсек, жыл сайын экономикалық өсім көлемі 5-7,5 пайыз аралығында болып тұрса, оған бағдарламаның қосқан үлесі 1,7 пайызға дейін жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Еуразиялық эконо­мика­лық одақтағы әріптестерінің барлы­ғын артта қалдырғанын атап өту ләзім.

Инвестициялар және даму министр­лігінің мәліметіне сүйен­сек, 2010-2015 жылдар аралығында экспорттағы өң­делген тауарлардың үлесі 23 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайыпты. Бұл кезеңде экспортқа шығарылатын тауарлар номенклатурасы 824-ке көбейіп, Қазақстанның экспортқа жіберетін өнімдері тізімінде 47 жаңа тауар пайда болды.

Жеті жылдағы жетістіктер

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының заңды жалғасы 2015 жылы бастау алған-ды. 2019 жылға дейінгі аралықты қамтитын құжатқа аз-кем тоқтала кетсек, ол өңдеуші өнеркәсіп секторындағы негізгі төрт бағытқа негізделген. Біріншіден, экспортқа басым бағыт ұстану арқылы түсетін табыс көлемін ұлғайту көзделген. Екіншіден, еңбек өнімділігін арт­тыру қарастырылып отыр. Соны­мен қатар негізгі капиталға са­лы­натын инвестиция көлемін көбей­ту, жұмсалатын шығынды азай­ту бағыттарына ерекше көңіл бөлі­нуде.

Жалпы, екінші бесжылдықта экспортқа бағытталған секторларға басымдық берілгенін байқауға болады. Индустрияландыру барысында жіті назар аударылатын 8 бағыт ретінде қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-химия және агрохимия, азық-түлік та­ғамдары өндірісі, автокөлік жа­сау және электр техникалық маши­на жасау таңдап алынды. Осы 8 бағыттағы жобаларға инфра­құ­ры­лымдық қолдау, ұзақ мерзімді лизинг беру, Қазақстан Даму бан­кі арқылы несиелендіру және басқа да көмек амалдары жасала бастады.

2010 жылдан бергі аралықта өңдеуші өнеркәсіпке 26 миллиард доллардан астам инвестиция құйылыпты, яғни шетелдік инвес­тицияның бестен бір бөлігі осы салаға жұмсалды деген сөз. Со­ның арқасында экспорт көлемі ай­тар­лықтай ұлғайып, қазақстандық өнімді сатып алатын елдердің саны 112-ге жетті. Ел Үкіметінің хабарлауынша, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 5,5 триллион теңгенің 1 088 жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 101 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Бүгінгі таңда еліміз дүние жүзі бойынша экспорттаушы ел­дердің ішінде 52-ші орынға ие. Толығырақ тоқталсақ, әлемнің 113 еліне 800-ден астам өндірістік өнім шығарылады. Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын шығару бойынша көшбасшы ел екенімізді ерекше атап өткен жөн. Жалпы экспорттың үштен бір бөлігі эконономиканың өңдеуші саласына тиесілі.

Қазақстанның алғаш рет Тү­рікменстан, Тәжікстан, Әзербай­жан, Қырғызстан, Украина елдеріне электровоз, тепловоз шығара бастауын индустриялық бағдарламаның басты жетістіктерінің бірі деуге болады. Елімізде құрастырылатын автокөліктер де төрт елге сатылады. Бүгінгі таңда жолаушылар вагоны, рельс, әскери өнеркәсіп кешен өнімдерін шетелдерге шығару жолға қойылған.

Көлік-логистикалық жүйеде де маңызды жетістіктер аз емес. «То­ғызыншы территория» арқы­лы Еуразия кеңістігінің 5 темір жол желісі мен 6 бірдей халық­аралық автодәлізі өтеді. Индус­трия­ландырудың 7 жылында рес­публика бойынша бас-аяғы 3 200 шақырым автожол төселгені де толайым табыстардың бірі. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен АҚШ-ты Орталық Азиямен, Оң­түстік-Шығыс Азиямен жал­ғайтын 12 әуе маршурттары өте­тінін де айта кету керек.

Индустриялық-инновациялық да­му аясында жеті жылда ат­қа­рылған жұ­мыстарға көз жүгіртер болсақ, бұдан өзге де табыстарды тізбелей беруге болады. Үкімет қол­ға алынған жұмыс­тарды одан әрі жалғастыруда. Елімі­зде тар­тымды инвестициялық климат қа­лып­тасқандықтан, шетел­дік инвестор­лар­дың да қызығу­шы­лығы жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысы бірне­ше жыл бұрын Индустрияландыру карта­сының таныстырылу салтанатында «Индус­трияландыру саясаты – еліміздің болаша­ғына арналады» деген болатын. Олай болса, ел болашағына арналатын жоба алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»