02 Ақпан, 2010

БІРЛІКТІ ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ

1232 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Татарстан Рес­публикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Солтүстік Қа­зақ­стан облысының құрметті азаматы” Раиса БИКМУХАМЕТОВА Қызылжар өңіріндегі “Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығына көп жылдан бері жетекшілік етеді. Ол әркез ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық, өзара түсіністік, берік сенім секілді мәңгілік құндылықтарды ел бірлігі жолындағы алтын арқау ретінде талмай насихаттап келеді. Раиса Ғарипқызының ертеңгі күнге деген берік сенімі Елбасының кемел саясатымен орайласып жатыр. – Менің мамандығым — жур­налист. Көп жыл бойы телевизия саласында қызмет еттім. Ел тәу­елсіздігінің орнығуы, Қазақстанда тұратын халықтардың қилы да қиын тарихи тағдыры, бір ша­ңы­рақ астында татулық пен достыққа селкеу түсірмей бейбіт өмірге қол жеткізген құрыштай шымырлығы жайлы циклді хабарлар жасадым. “Татарлар Солтүстік Қазақстан же­рінде” деген жинақ құрастырып шы­ғардым. Сонда еш нәрсенің бірлік атты ұлы ұғымға тең кел­мейтініне, әр адам үшін қымбат бір ауыз сөздің қоғамды, халықты сүт­тей ұйытатын қадір-қасиетіне, ба­қыт­тың да, байлықтың да, төзім­діліктің де, сабырлылықтың да “ырыс алды – ынтымақтан” бас­тау алатынына, онсыз елдің тұтас­тығы, этносаралық, конфессия­аралық қа­тынастардың қиюы қашып, баянды тірліктен, тыныш өмірден береке кететініне көзім анық жете түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ХV сессия­сынан осындай тас-түйін, бекем оймен оралған едім. Онда Мемлекет басшысы, Ассам­блея Төрағасы Н.Назарбаевтың “Ұлттық бірлік — біздің стратегия­лық таңдауымыз” деген тақырыпта сөйлеген сөзін үлкен ыждағатпен тыңдадым. Бүгінде әлем Қазақстанды өркениетке ұмтылған бейбіт ел ретінде таниды. Қай кезде болса да ішкі-сыртқы саясатымызды ашық жариялап, демократиялық жаңаруға бет алғанымызды бәрі біледі. Оң іс-тәжірибеміз бағаланып, үлгі етілуде. Осы жиында халқымыздың тату­лығы мен бірлігі – еліміздің өр­кендеп, алға басуының шарты екені нық айтылып, Президентіміздің: “Бүкіл Қазақстан мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алды­мен Ассамблея мүшелері, мына сіздер жауап беруге тиіссіздер. Сіз­дер бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерінің жанды айғағы­сыздар”, деген сөзі жадымда жатта­лып қалыпты. Шынында да, бүгін­де Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеумет­тік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды. 1995 жылы Алматы қаласында осынау арқалы басқосудың бірінші сессиясына қатысқаным әлі күнгідей есімде. Содан бері аталған қоғамдық инс­титут этносаралық және конфес­сия­аралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді. Бірегей инсти­тут­тың құқықтық мәртебесі кеңейіп, ұйымдық жағынан күшейді. Сессияда Мемлекет басшы­сы­ның Ассамблея алдына патриоттық тәрбие, азаматтықты және мем­лекеттік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бағыттар бойынша тың міндеттер жүктеп, жаңа идеялар тудырушы, мемлекеттің ұлттық бірлік саясатының сенімді тірегі болу талаптарын қоюы Ассамблея қызметінің жаңаша сипат алғанын аңғартса керек. Осы жолы Елбасы Қазақстанның ел бірлігі доктрина­сы туралы пайымдауларын ортаға салып, негізгі бағыттарын айқын­дап берді. Енді, міне, Президенттің тапсырмасымен әзірленген тарихи құжаттың жобасы қолымызға тиіп, алған әсерлерімізді бөлісудің реті келіп тұр. Мен ұлттар достығы жайлы ай­тудан еш жалыққан емеспін. Өйткені, татарлар жайлы кітап шығару барысында түрлі этнос өкілдерінің қылышынан қан тамған қызыл кеңестің саясатынан қан­шама азап шеккенін айғақтайтын құжаттар қолыма тиді. Қаншама халық ата-баба қонысынан еріксіз жер аударылып, Қазақстанды қо­ныс­танды. Сол кезде қазақ халқы оларды туған бауырындай құшақ жая қарсы алғанын аға буын ұмыт­қан жоқ. Осындай ұлттық дәстүр­лер­ді құрметтеу, әр халық­тың ерек­шеліктерін ашып көрсету жағы біз­де әлі де жетіңкіремейді. Өйткені, мұны кейінгі буын біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен қазақстандықтарға барлық этнос, конфессиялар, топ­тар өкілдерінің өмір сүру салтына, дәстүріне, сезімдеріне, пікірлеріне, идеялары мен сенім-нанымына төзімділіктің жоғары деңгейін қалыптастыру, адамгершілік құн­ды­лықтар, үлкенді сыйлау, отбасы институтын құрметтеу, қонақ­жай­лық қасиеттерді дәріптеу мәсе­лелерінің талқылауға арналған жо­бада кеңінен қарастырылуы құп­тарлық. Доктринаны іске асырудың негізгі бағыттарында білім беру, тәрбие, рухани-мәдени салалардың түгел қамтылып, жас ұрпақты қа­зақ­стандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі бастамашылықтар да айқын көрініс тапқан. Бұл орайда, “Менің елім” атты халықтық-па­триоттық акцияларды жыл сайын өткізуге арналған шаралар да өте дұрыс. Ассамблея мінберінен М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің сту­денті Елена Косенкова мемлекеттік тілде жатық сөйлегенде сүйсінбеген жан қалмады десе болады. Ол тол­ғамды пікірлерімен жиынға қаты­сушыларға үлкен ой салды. Біздің білім ордасында қазақ тілі бір жыл ғана оқытылады. Бұл қалай? Неге бес жыл бойы үйретпеске, деді ол. Петропавл қаласындағы орыс мектебін бітірген қаршадай қыз көпшілікке ортақ толғақты проб­леманы көтерді. Ойланарлық жәйт. Доктринада Қазақстан халқын бі­ріктіруші фактор ретінде мемле­кеттік тілді дамыту мәселесіне үлкен басымдық берілген. Бұл заңды да. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты теңгерімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Ал, Ата Заңымызда қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып жазылған­дық­тан, оның өркендеуіне бәріміз мүдделі болуға тиіспіз. Қалай десек те, Қазақстанда әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған этнос­аралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ендігі мақсат Қазақстанның ел бірлігі доктри­насын басшылыққа ала отырып, тәуелсіздігімізді сақтау, мемлекет­тілігімізді нығайту болса керек. “Төр­теу түгел болса, төбедегі ке­леді” демекші, ауызбірлігіміз мық­ты болса, шаңырағымыз ешқашан шайқалмайды. Айтпақшы, сессия басталар ал­дын­да Астана қаласының іргесін­дегі бұрынғы “АЛЖИР” лагеріне экскурсия ұйымдастырылды (Ота­нын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері). Ашық далада орналасқан қапас қамалының ауыр зардап­тарын көзге елестететін бір белгі ретінде тауарлы вагон ғана сақталыпты. Қалғандары тың игеру жылдары жойылып кетсе керек. Экскурсия жетекшісі 40 адамдық ағаш вагонға 70-80 адамды тиеп, қыстың қақаған суығында әйел­дерді, бала-шағаны ит байласа тұр­ғысыз лагерьлерге тасығанын айт­қанда, сталиндік қуғын-сүргін құр­бандары – жазықсыз жандардың жанарларын үрей қысып, шыбын жандарын азап қинағаны көз алдымызға келді. Тағдыр тәлкегіне қанша көнсе де, тарих сахнасынан сызып тастау мүмкін емес. Осын­дайда, тәуелсіздік, бостандық, еркін ел деген тәтті ұғымдардың қадір-қасиетін тіпті сезіне түседі екенсің. Бұдан кейін тарих тоғыстырған қи­лы тағдырлы адамдардың Қазақ­станда бақытты өмір сүріп жат­қанын қалай ғана мақтан етпеске! Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.