Қазақ зиялыларының алпысыншы жылғы толқыны бастаған сол үрдіс ұдайы жас ұрпақтан қолдау тауып, әр сәт сайын жаңа қадамдар жасап отырды. Одан әрі Ахмет Жұбанов «Ғасыр пернелері», «Замана бұлбұлдары» деп ән мен күйдің мол қазынасына бастау салып кетсе, кейінірек бұл сала Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» деген іргелі еңбегімен жалғасын тауыпты.
Еңбек жолын журналист, жазушы болып бастаған Ақселеу Сланұлының ғұмыр жолы күреске, қайраткерлікке толы. Ғылыми тарихта көп айтыла бермейтін «Қазақтың ауызша тарихы» кітабының өзі – қазақ болмысының айшықты өрнегіндей. Ақселеу Сейдімбектің жазу өнерінен бөлек, зергерлік бұйымдарды да өзі жасауы ең алдымен ұлтын тану, өзін тану, сол арқылы қазақ болмысын жұртқа насихаттау еді. Өз қолымен жасаған домбырасы, қамшысы, таяғы, шақшасы бүгін жәдігерге айналған. Әр қазақтың демесек те, жалпы ұлт бойынан өшпеуге тиіс ата өнердің бірі – осы. Үнемі ұлтқа қажет дейтін тақырыптың төңірегінен табылып, ұдайы жас ұрпаққа керек деген танымдық дүниелерді жазған, сол арқылы қазақ болмысының іздеушісіне айналған Ақселеу Сейдімбектің дүниеге келгеніне биыл 75 жыл. Марқұмды еске алу үшін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Университет жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылығы және этносаралық қатынастар орталығы» ұйымдастырған шараға шетелден ғалымдар, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты. Халықаралық конференция Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың алғы сөзімен ашылып, жиынға ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы модераторлық жасады. Пленарлық мәжілісте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Салғара «Ақселеу – ұлттық тұлға», Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылығы және этносаралық қатынастар орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Сыздықов «Ортағасырлық қарлық түркілерінің қазақ шежіресімен байланысы», ҰҒА академигі Х. Әбжанов «Сакралды география: мәні, құрылымы, келешегі», филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Ыбыраев «Қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеушісі», филология ғылымдарының докторы Б.Рахымов «Селеулі дала перзенті» тақырыбында баяндамалар жасады. Конференция барысында А.Сейдімбек туралы деректі фильм көрсетіліп, ғалым туралы кітаптардың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Халықаралық шара «Еуразияның ауызша тарих дәстүрі (шежіре)» және «Әдебиеттану, тілі білімі және журналистиканы зерттеу мәселелері» тақырыбында екі секция бойынша өз жұмысын жалғастырды.
Ақселеу Сланұлының ел бірлігін сақтау, мемлекет тәуелсіздігін нығайту, ұлт руханиятын ұлықтау тақырыбына жазған тағылымды еңбектері өз алдына бір төбе. Отызға жуық көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған Ақселеу Сейдімбектің ардақты есімі – қазақ жүрегінде.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»