Қатысушылар «Жас журналист», «Үздік студент», «Жас ғалым», «Жас әскери қызметкер», «Үздік жас отбасы», «Жас дәрігер», «Жас өнерпаз», «Жас мемлекеттік қызметкер», «Жас ұстаз», «Жас кәсіпкер», «Үздік ауыл шаруашылық маманы», «Жас спортшы», «Жас батыр» сынды 17 номинация бойынша марапатталды. Қуаныштысы, Сулейман Демирель атындағы университеттің аға оқытушысы Ермек Тоқтаров «Үздік жас ғалым» атанып, арнайы дипломмен қаржылай сертификатқа ие болды.
Бұл көшбасшылар жеке тұлға ретінде және кәсіби жетістіктерімен өзгелерге үлгі боларлықтай біздің заманның жаңа батырлары. Бұлардың марапатқа лайық еңбектері ел ертеңі үшін биік белестерді бағындыруға жол ашатын нақты тірек, - деп атап өтті облыс әкімі сыйлықтарды табыстай отырып.
Айта кеткен жөн, Ермек Тоқтаровтың өзі қарапайымдылық танытып, елімізде бұдан да биік дәрежеге ие талантты жастар көп деген пікірде. Жас ғалым өзіне табысталған марапатты – таңдаған саласы бойынша табанды еңбекті әрі қарай жалғастыру үшін артылған үлкен сенім деп түсінеді.
Ермек Тоқтаров Павлодар қаласының тумасы, қарапайым отбасынан шыққан. Айтуынша, білімге деген құштарлығы 40 жыл мектепте тәлім берген нағашы әжесінен дарыған қасиет. Жас ғалым 2016 жылы «Қазақстандықтардың ұлттық сәйкестігін трансформациялаудағы ғаламтордың ролі» тақырыбында диссертациясын қорғаған. Ғалымның айтуынша, зерттеу мен әлеуметтік-философиялық талдау барысында отандық ғылым мен шетелдік ғылымда әлі күнге дейін шешімін таппаған көптеген тың дүниелер табылған. Өзінің ғылыми жұмысында Ермек заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен виртуалдық шынайылық ұлттық сәйкестікті қалай қалыптастырады деген сұрақтарды зерттеген. Оның пікірінше, елімізде виртуалды қарым-қатынас жаңадан қалыптасып, коммуникативтік тәжірибе виртуалды түрге көшуде. Айта кеткен жөн, Ермектің 2013 жылы басталған ғылыми жұмысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жарық көрген ұлттық бірегейлікті сақтау идеясымен сәйкес келіп, бүгінгі күн тәртібінде кеңінен талқыға салынған өзекті сұрақтардың бірі болып табылады.
- Жалпы, кеңес дәуірінен кейінгі кеңістікте ұлттық саясатттың сұрақтары ерекше маңызды болып, ұлттық даму кезеңінен өтіп, өз бетінеше мемлекет құрып келе жатқан елдерге ғана емес, сонымен қоса Орталық Азия елдеріндегі жағдайды бақылап отырған халықаралық қауымдастықтың да ерекше назарында, - деп түйіндейді Ермек Токтаров.
Жас ғалым аталмыш тақырыпты саясаттанушы, дінтанушы, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы әріптестерінің қатысуымен өткен түрлі кәсіби алаңдарда көтеріп, бірқатар жағымды пікірлерге ие болған. Ермектің айтуынша, Қазақстанның жас ғалымдары ғылыми салада дами алатын зор мүмкіндікке ие.
- Шын мәнінде шетелдік мақалаларды оқи отырып, қандай да бір бірегей жаңалықтарды көрмеймін, негізінде олар қарапайым зерттеулер ғана. Ондай ғылыми жұмыстарды біздің ғалымдар да жасап жүр. Егер де біз бұған көбірек көңіл аударып, оны ағылшын тілінде жазатын болсақ, біздің ғылыми еңбектеріміз шетелдік ғалымдардың жұмысынан артық болмаса, еш кем емес. Бізде әлемдік деңгейде тың жаңалықтар ашатын көптеген таланттар бар. СДУ-да бұл үшін жан-жақты жағдай жасалған және оқу орнының басшылығы көрсетіп отырған қолдауына зор алғысымды білдіремін, - дейді Тоқтаров.
Бүгінгі таңда Ермек Тоқтаров ең жас философия ғылымдарының докторы, Phd маманы, 19 ғылыми мақаланың авторы (оның 6 - шетелдік, 13 – отандық). Ғалым алдағы уақытта бірегей ғылыми зерттеулер жүргізіп, шетелдік жоғары рейтингтегі баспраларға еңбектерін жариялап, сонымен қоса ғылыми саланың менеджментін игеруді көздеп отыр. Білім ордамызда ғалым құқық және әлеуметтік ғалымдар факультетінде философияның және саясаттанудың жалпы курстарынан сабақ береді. Оның пікірінше ғалымға біріншіден дәріс беру, білген-түйгенін жадында сақтауға, жаңа мүмкіндіктер ашып, әрі жастарға ғылымның соңғы жаңалықтарын жеткізуге зор мүмкіндік береді. СДУ студенттеріне және барлық қазақ жастарына Ермек Тоқтаров өз күштеріне сеніп, аянбай еңбек етіп, тек ғана алға ұмтылуды тілейді.
Сандаған жылдар бойы кемеңгерліктің тылсым жұмбағының шешіміне ғалымдардың бірнеше ұрпағы жауап іздеуде. Біреулері тұқым ерекшелігімен байланыстырса, екіншілері дарындылық біліммен келеді дейді. Ал өзгелері болса «кемеңгер болып туылады» деген ұстанымда. Ал біз қазіргі заманның кемеңгерлері ортамызда деп зор мақтанышпен айта аламыз, олар қоғамның дамуына үлес қосып, биік белестерді бағындырып, отандық ғылымды кеңінен насихаттап жүр.