Білім • 08 Желтоқсан, 2017

Медициналық оқу орнына С.Асфендияров есімі қалай берілді?

1226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір құдайға шүкір, елім деген ерлердің есімдері тариxта қалатындай елеулі істер атқарылуда. Санжар Асфендияровтың есімі Қазақ ұлттық медициналық университетіне берілуі – соның бір көрінісі.

Медициналық оқу орнына С.Асфендияров есімі қалай берілді?

Аталған оқу орнының Санжар Асфен­дияровтың есімімен аталатынынан көпшілік xабардар болғанымен, бұл бастаманың қалай жүзеге асырылғанын екінің бірі біле бермейді. Сол себепті осы оқиғаға байла­нысты өзім куә болған екі жайтты баяндағым келеді.

Бірінші оқиға 1987 жылдың күз айларында болды. Мен ол кезде институттың 4-курсында оқитынмын. Студенттер кәсіпода­ғының төрағасы қызметін қоса атқара­тын­­дықтан, ғылыми кеңеске мүше едім. Үлкен жиын өтіп, оған барлық факультет декан­дары және кафедра меңгерушілері толық шақыртылды. Сол басқосуда оқу орны­ның ректоры Е.Белозеров бірнеше еңбек ардагерінен министрлікке С.Асфен­дияровтың есімін аталмыш оқу орнына беруін сұраған хаттың түскенін мәлімдеді. Ми­нистр­ліктегілер осы xатты талқылау үшін инс­титутқа жіберген. Талдау тоталитарлық жүйеде қалыптасқан үрдіске сай жүрді. «Оқу орнына есімі берілетіндей Асфендияровтың қандай еңбегі сіңді?» деген «суық» сұрауға стоматология факультетінің деканы Жәнібек Нәлібаев бұлтартпас дәлел айтып, ердің еңбегін тізіп шыққанмен, оған селт еткен еш­кім болмады. Ашық дауысқа салғанда да С.Асфендияров есімі берілмейтін болып шешілді.

Зырғып уақыт өтіп жатты. 1989 жылдың наурызы болатын. Бұл жолы талқылауды өткізу институттың үлкен ғылыми кеңесінің еншісіне тиді. Әлгі ректор министрліктің нұсқауымен С.Асфендияровтың есімі институтқа берілсін деген хабар келгенін баяндады. Ендігі шешім – мұғалімдер мен профессорлардың және студенттердің қолдауына тәуелді. 

Ол кезде өзін-өзі басқару жүйесі іске асып жатқан. Үлкен кеңеске 11 студент мүше болатын. Профессор, балалар дәрігер­лері факультетінің деканы болып жаңадан сайланған К.Ормантаевтың жиында талдау туралы әңгіменің керек емесін, «дауыс беру» әдісінің тіпті ерсі болатынын айтқаны көпшілікке сең бұзылғандай әсер еткенімен, келесі бір «саңлақты» күтейік дегендер де болды. Дегенмен әңгіме жақсылыққа бұрылды да, «жасырын дауыс» беру туралы шешім қабылданды. Қызық жағдай дауыстың шешімін хабарлаған шақта орын алды. Өйткені Асфендияровты жақтап дауыс бергендер екі-ақ адамға артық түсіпті. 29-ы қолдаған, 27-сі қарсы. Алғаш Денсаулық сақтау министрлігін басқарған, Алматы медициналық институтын ашуға орасан еңбегі сіңген тұлғаның есімі осындай әуре-сарсаңмен әзер еленген еді. 
 
Мұрат БЕРДАЛИЕВ, 
 «Жүйке аурулар интернат үйінің» директоры

Жамбыл облысы