02 Ақпан, 2010

ОНЖЫЛДЫҚТА ОЙДАҒЫМЫЗ ОРЫНДАЛАДЫ!

1461 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртарап­тан­дыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамта­масыз етілетін болады. Еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табы­лады.

(Қазақстан халқына Жолдауынан)

ЕЛДІҢ ҚАМЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ Халқым күткен Елбасының Жолдауын, Елбасымыз күткен Елдің қолдауын, Бізге керек түсіністік, парасат – Бәрі осы бүгін айтар толғауым. Елбасының ойлайтыны – Ел қамы, Зиялы елді тебіренту толғамы, Қазақ деген елге керек әрдайым Ерен бірлік, ынтымақтың болғаны. Перзентімен тербетілер жер бесік, Бұл заманда күрес керек бел шешіп, Елбасының Жолдауында жыл сайын, Бір жаңалық көтереді еңсесін. Тәуелсіздік! Сақтау үшін не керек, Ана тілін ақтау үшін не керек, Туған елі қалай-қайтіп ел болар, Туған жері қалай-қайтіп көгерет?! Бар қасиет, барлық шындық бар мұнда, Сайын дала, асқар тауым, шалғын да, Бәрін айтып тебіренді Елбасы, Тура айтып Туған Елі алдында! Жалғыз Отан! Қазақ деген жұрт барда, Жүрегімен ұғынатын ұлт барда, Жаны ауырып, ақтарылып жүрекпен, Ел алдында шындық өзі шықты алға! Қазақ едік түскен сансыз азапқа, Еңсердік те жеттік бүгін ғажапқа, Есігінен сығалатпас Еуропа Төрін өзі сыйлады ғой Қазаққа! Өз қолында Елдің Ел боп орнауы, Өз қолында тілдің тіл боп толғауы, Халқымызды ойға салар тағы да, Елдің қамы – Елбасының Жолдауы!.. Шөмішбай САРИЕВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ОН ЖЫЛДЫҢ ОЙЛЫ БЕЛЕСІ Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Ақмола облыстық мәслихатының депутаты . Дөңгеленген дүние шартарабының күні-түні тынымсыз соққан жүрек лүпіліне құлақ түріп көріңіз. Адам баласы ендігі арада өзін-өзі сақтап қалудың амалын ойластыра бастағандай. Бүгінгі адамзатты ауа райының жылынып бара жатқан­дығы да, мәңгі мұздақтардың еруі де, табиғаттың түрлі катаклизмдері де, түрлі көзқарастар мен пікірлердің келіспеушілігінен болып жатқан қақтығыстар да ойландырып, сақтан­дыра­ды. Ойланбасқа амалың да жоқ сияқты. Өйткені, жер бетін мекендеп отырған барша халықтың ортақ тағдыры бар. Ол – өмір сүру тағдыры! Сол өмір сүрудің қазіргі жағдайы бүгін және ертең, болашақта не істеу керек деген мәселені қайыра-қайыра алға тартатыны да бар. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы бізді осы бір ойларға жетелегені анық. Өйткені, Елбасы өзінің туған халқынан өзінің ойын да, ниетін де жасырып қалған жоқ. Дүние жүзі экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыстың әлі де басыла қоймағандығын айта келіп, Елбасы өз халқын таяудағы он жылдың белесіне ой жүгіртіп, көз тігуге шақырды. Бұл күндері Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстанның әлем алдындағы абыройы аспандап тұрғандығы тағы да ақиқат. Алайда, сол абыройдың көкжиегін одан әрі кеңейтіп, біз өз тәуелсіздігіміздің 19 жылғы кезеңінде қол жеткізген барлық табыстарымызды онан әрі баянды етуге мүдделіміз. Экономиканың дамуы жағынан Қазақстан әлемнің ешбір мемлекетінен кем түсіп жатпағандығы тағы да бар. Осыны айта келіп, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімін арттыру және еңбек өнімділігін жақсарту мәселесін алға тартты. Бұл орайда Жолдауда болашақтың экономикасына Президентіміз айрықша тоқталып өтті. Әсіресе, ұлттық инновациялық жүйенің жаңа бағытпен даму қажеттігі көңілге үлкен сенім ұялатады. Астана қаласында үш жаңа ғылыми орталық құрылып, олар осы заманғы ғылымның жетістіктерін онан әрі дамыту ісімен шұғылданатын болады. Сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі ғылыми технологиялық дамудың салааралық жоспарын әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмасы біздің мемлекетіміздің болашағын ойлағандықтың бір белгісі екені анық. Сауатты сауда саясаты экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін көздеп отыр. Шетелдік инвестициялар тарту арқылы Қазақстанның индустриялды мемлекетке айналуын қамтамасыз ету ұлттық стратегияның негізгі әрі маңызды бір бағыты болып қала береді. Елбасы өзінің Жолдауында адам елдің басты байлығы екендігін айта келіп, биылғы Жолдауында да білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау жүйелерін онан әрі жетілдірудің жаңа міндеттерін алға тартты. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін азайту, өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, ел халқының санын 2020 жылы 10 пайызға өсіру үшін мемлекеттің барлық қажетті жағдайларды жасайтындығы көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен бірге, құқықтық реформаны жетілдіру мәселесі жұртшылықты елең еткізді. Өйткені, адамның құқын қорғау мәселесінде әлі де жүйені жетілдірудің көптеген өзекті мәселелері бар екен­дігі рас. Әсіресе, еліміздің заңдарын ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажеттігін Елбасы ерекше атап көрсетті. Сөйтіп, жаңа құқық қорғау жүйесі жасалатындығы әрбір қазақстандықтардың көңілінен шыққандығы тағы да анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған халқын алдағы он жылдың белесіне жетелейді. Он жылдың міндеттері де айқын! Он жылдың бағдарламасы және де ненің қашан қалай жасалатындығы тағы да анық. Елбасының биылғы Жолдауын он жылдың ойлы белесі деуге әбден болады. Әсіресе, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау он жылдың белгіленіп отырған міндеттерін жүзеге асырудың алғышарты болып табылады. Тәуелсіздігіміздің он тоғыз жылғы тарихында ел бірлігінің, ел ты­ныш­тығының қасиеті мен маңыздылығына әрқайсы­мыздың көзіміз жеткендей болса керек. “Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың”, – деген қазақы қағидаға сүйенер болсақ, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы Қазақстанды мекендеп отырған әрбір ұлт пен ұлыстардың бүгінгідей алаңсыз әрі бақуатты өмір сүруінің алғышарты, алтын өзегі екендігі дау тудырмайтын мәселе. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев табысқа жетудің төрт қағидатын бас­шы­лыққа алудың міндетін алға тартты. Елбасының айтып отырған осы бір төрт қағидаты елім деп соққан әр жү­рек­ті дір еткізгендігі де анық. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз бен Тәуелсіз Қазақстан екендігін айтқан Елбасының осы бір ауыз сөзіне әр қазақ баласы және де әрбір қазақ­стан­дық жүгінуге міндетті ғой деп ойлаймын. Біз­дің өз тіршілігімізде Отанымыздан басқа қымбат не нәрсе болуы керек?! Отаннан асқан байлық, Отаннан асқан дәулет, Отаннан асқан бақыт жоқ екендігін ұғына білгеніміз абзал. Ендеше, бәріміз болып өз Отанымызды, сол Отанымыздың тәуелсіздігін сақтау ісіне қызмет етуге тиістіміз. Ендігі арада Отанымыздың абыройын түсірер­лік­тей, тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатындай бос әңгімелер мен негізсіз әрекеттерге жол бермеуге міндеттіміз. Бұл ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызымыз бен қарызымыз болуы керек. Тіршілік үшін жанталасып жатқан әлем көшінен қалып қоймаудың жайын ойлаған Елбасының алға тартып отырған ойлы он жылының міндеттерін орындауды әрқайсымыз өз Отанымыздың алдындағы өтеуге тиісті азаматтық парызымыздай қабылданғаны жөн. Отан үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін біздің бәріміз де жауаптымыз! Көкшетау. БҰЛ ЖОЛДАУ – ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЫ Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары. Бүгінгі таңда Адамзатты алаңдатып отырған жәйттер аз емес. Соның бірі ретінде әлемдік қар­жы дағдарысының әрбір мемлекетке, бар­лық адам баласына әсер етуін айтар едім. Осын­дай күрделі кезеңде халықты рухтандыра­тын, келешекке деген үлкен сенімін орнықтыра­тын Президент Жолдауының орны да, рөлі де ерекше. Елге арналған осы Жолдаудың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” деп аталуында да терең мән, үлкен салмақ жатыр. Яғни, бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің 2020 жылға дейінгі даму кезеңін жан-жақты қамтитын стратегиялық жоспары. Елбасы Жолдауы жария етілді, басты ба­ғыт­тар мен мақсаттар айқындалды, ендігі міндет – Мемлекет басшысы жүктеген осы тапсырмаларды орындау. Он жылдық мерзімді қамтитын маңыз­ды құжаттың міндеттерін жүзеге асыру Үкіметтің, Парламенттің ал­дын­да тұрған жауапты да ауқымды істердің негізі болмақ. Қабылдайтын заңдарымыздың да, халық болып жұмыла көтеретін жүгіміздің де арқауы – осы Жолдау. Әлемдік қаржы дағдарысы есігі­міз­ді қаққанда “Ертеңіміз қалай болады?” деп қобалжымаған адам жоқ. Мемлекет бас­шы­ла­ры, ғалымдар, экономистер өз жолдарын ұсын­ды. Бір ел қиындықтан қиналмай шығып жат­са, енді бір елдер дұрыс таңдау жасай алмай, қабылдаған бағдарламалары өз деңгейінде іске аспай, қаржы дағдарысына тереңдей түскен­діктен, тұрғындарының наразылығына ұшырап отырғаны да мәлім. Сол тұста Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев барлық жауапкершілікті өзіне алып, елдің бірінші кезекте атқаратын істерін көреген­дік­пен айқындап берді. Күрделі кезеңде, әлемдік қар­жы дағдарысы экономикамызға қауіп төн­діріп тұрған сәтте Елбасының ұстанған саясаты даңғыл жол болды. Біз сол жолмен жүрдік, Мемлекет басшысының сара жолы дұрыс бағыт болып шықты. Осыдан келіп шығатын ой – жыл басында жария етілген осы Жолдауда көзделген мақсаттардың дұрыс екендігіне және оның орындалатынына біздің сеніміміз мол! Қаржы дағдарысына қатысты қазір әлемде әрқалай пікірсайыстар жүріп жатыр, болжамдар айтылуда. Біздің Президентіміз осы Жол­дау­ында “Қазақстан қандай бағытта дамуы керек? Тұрақтылыққа қол жеткізудің жолдары қандай? Әлеуметтік саланы қалай қолдау қажет? Әлем­дік қоғамдастық алдында мемлекетіміздің беде­лін қалай арттыру керек?” деген секілді халық­тың көкейінде жүрген мәселелердің бәріне жауап берді. Елді дамытудың тек бір жыл емес, он жыл бойы қандай бағытта жүруі керектігі жөнінде жан-жақты тоқталды. Бұл Жолдау Қазақстанның ішкі және сырт­қы саясаты туралы болды. Бірақ сараптап қара­сақ, Елбасы сөзінің әрбір түйінінде әлеуметтік бағытқа терең мән беру жөніндегі негіз бар. Ел тұрғындарының тұрмысын жақсарту басты мәселе ретінде қойылды. Экономиканың дамуы әрі қарай да Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын болады. Биылғы сәуірдің 1-інен бастап бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы мен жоғары оқу орындары студенттерінің шәкір­т­ақы­сы 25 пайызға өсетін болды. Бұл жаңа­лық­ты халқымыз қуана қабыл алды. Елбасы мұн­дай қадамға өткен жылғы  ел экономикасының рецессиядан өтіп, тығырықтан шығуының айқын белгісі екенін, өсімінің оң динамика көрсеткендіктен барып отырғанымызды айтты. Соғыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында қарастырылған игіліктер республикалық және жергілікті бюджеттерде аз емес. Соған қосымша Елбасының осы жолғы айтқаны – ел қаражатынан біржолғы көмек ретінде 65 мың теңге төленетін болды. Бұл бүгін­гі салтанат құрып тұрған бейбіт өмірді қам­тамасыз еткен, оқ пен от кешіп жүріп, қаны­мен, жанымен Отанды қорғаған ардақты ардагерлерімізге Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жасалған мемлекеттік қамқорлық деп білемін. Бұдан бөлек Елбасы өз сөзінде соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға, соғыс ардагерлерінің зайыптарына, соғыста қаза болған майдангерлердің жұбайларына, соғыс мүгедектерінің қосақтарына, соғыс жылдары тылда еңбек еткендерге де материалдық қол­дау­лар көрсетілетінін жеткізді. Ұлы Отан соғы­сына қатысушылар мен мүгедектеріне жеңіл­дікпен жол жүру үшін 383 млн. теңге бөлініп отырғанын жария етті. Біз мұны, әрине, аға ұрпақ өкілдеріне деген ерекше құрмет деп түсінеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің инвестициялық әлеуетін арттыру туралы арнайы тоқталды. Бұл жерде 160-тан астам жобаны жүзеге асыру жөнінде әңгіме қозғалып отыр. Ол елдің ІЖӨ-нің 40 пайызынан астамын құрайтынын, таяу үш жылда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайтынын мәлім етті. Ел тұрғындарының 46 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар Жер-ананың байлығы арқылы күн көріп, бала-шағасын асырап, қоғамның дамуына, халқымыздың ұлттық қадір-қасиеті сақталуына үлес қосып отыр. Алайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен жағдайда қалып келеді. Еліміздің ІЖӨ-нің 6,1 пайызын ғана құрайды. Мұндай көрсеткіш көлемінің ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуға мүмкіндігі жете ме? Мәселе осында болып тұр. Елбасы өз сөзінде 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін айтты. Сол арқылы ауылда тұратын халықтың өмірлік деңгейін көтере аламыз. Ауыл мен оның тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін ауыл шаруашылығы тауарлары­ның сапасын арттыру, жаңа құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларды енгізу, әлемдік тә­жірибені пайдалану міндеті алға қойылып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда өнімділікті үсте­ме­леу үшін топырақтың құнарлылығын арт­тыру, экологиялық жағдайды жақсарту өте маңызды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін арттыру, ұқсата біліп сапалы өңдеу өзекті мәселе болып отыр. Өңделген кезде ауыл шаруашылығы өнімінің бастапқыдағы бағасы екі-үш есе өседі. Диқандардың маңдай терін төгіп өсірген өнімін тиімді жолмен өткізу, сату жүйесін жолға қойсақ, ұтарымыз көп. Осы бағытта жасалатын қыруар істер тұр. Елбасы осының барлығын бір сөзбен айтып түсіндірді. Екіншіден, Президент азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Елді сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрғында­ры­мыз­дың толық сұранысын өтеу қажет. Үшін­ші­ден, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шет­елге шығарудың пәрменін арттыру мін­деті қойылды. Осындай бір жүйе қалыптасқан болса, өткен жылғыдай, яғни мол өнім берген ас­тық­ты қайда өткізері­міз­ді білмей, әуре-сар­саңға түсетіндей жағ­дай болмас еді. Қандай өнім өндірсек те, өзімізді қамтып, өңдеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, артық өнімді экспортқа шығаруға дайын болуымыз керек. Келесі бір мәселе – шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамыту. Елбасы өз Жолдауында Үкі­мет­ке 2011 жылы кәсіпкерлердің қызметпен ай­налысуына рұқсат берілетін құжаттарды жүр­гізуге байланысты операциялық шығындарды 30 пайызға, ал 2015 жылы тағы да 30 пайызға қыс­қартуды тапсырды. Осының барлығы ша­ғын кәсіпкерліктің шын мәнінде дамуына жол ашады. Елбасы аталған саланы дамыту үшін бір­қа­тар елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескере отырып, индустрия­лық парктер құру қажеттігі жайлы пайымды ой айтты. Қызметін жаңа бастағысы келген кә­сіпкер үшін жер алуға, қажетті коммуника­ция­лық жүйелерге, жол тартуға, электр желісіне қо­сылуға көп уақыты кетеді. Сондықтан индус­триялық парктер коммуникациялық жүйемен қамтылуы керек. Шығыс Қазақстан облысында қызметте жүргенімде біз бұл мәселені, яғни бизнесті да­мыту аймағын құрып, жұмыс істеу тәжірибесін қолға алған едік. Өкінішке қарай, қаржы дағ­да­рысына байланысты ол бастама тоқтап қал­ды. Қазір индустриялық парктер құруға мүм­кіндік бар. Еліміздің барлық өңірінде сол ай­мақ­тың ерекшеліктеріне орай жүзеге асырылуы тиіс деп есептеймін. Егер 2006 жылғы халыққа арнаған Жол­дауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену керектігі айтылса, бұл жолы 2020 жылға дейін Қазақстан ең қолайлы биз­нес­ті дамытуға барлық жағдайды жасаған 50 ел­дің қатарына енуі керек екенін жария етті. Ол үшін осы саланың дамуына жол ашу, мемлекет тарапынан қолдау көрсету, қаржылық жүйенің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, заң­дар­ды реттеп, сенімді құқықтық ортаны қалып­тас­тыру қажет екені айтылып, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Елбасы білім беру саласында атқарылуға тиісті бірінші кезектегі мәселелерді ашып берді. Яғни, мектепке дейінгі балдырғандарды толық қамту үшін елімізде тұңғыш рет “Балапан” бағ­дарламасы қабылданбақ. Осы арнайы бағдарла­маны Үкіметтің әкімдермен бірге дайындап, үс­тіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асыруы жөнінде тапсырма берілді. Кәсіптік-техникалық білім беру саласы ел экономикасынық сұраныстарына сәйкес мамандарды тәрбиелеп шығаруы қажет. Өткен жылы наурыздың 27-сінде осыған орай Мәжі­лісте “Қазақстан Республикасындағы техника­лық және кәсіптік білім берудің Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы” парламенттік тыңдау болып өтті. Көтерілген мәселе төңіре­гінде депутаттық корпустың ұсыныстары Үкіметке жолданды. Өкінішке қарай, елімізде жұмыссыздық бар, сонымен қатар, мамандарды қажет етіп отырған жұмыс орындары да бар екені анық. Орта буындағы қажетті мамандар­ды даярлау  – өзекті мәселенің бірі. Президент осы жәйттерді ашып айтты. Біз енді осыған баса назар аударуымыз керек. Еліміздің жоғары оқу орындары әлемдік университеттердің деңгейіне жетуі тиіс екені өте орынды айтылды. Және де білім мен ғы­лым саласын жаңа заман талаптарына сай рет­теу үшін биылғы жылдың бірінші тоқсанында-ақ Парламентке заң жобасын ұсыну жөнінде Үкіметтің алдына міндеттеме қойылды. Қазір Мәжіліс қабырғасында “Білім ту­ралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” жаңа заң жобасы қаралып жа­тыр. Жолдауға орай жаңа толықтырулар ен­гі­зіліп, заман талабына жауап беретін заң болып шығуы керек. Білім мен ғылымды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Сондықтан ғылым са­ла­сын өркендетуге, оның заңдық негізін ны­ғайтуға баса мән берілуі қажет деп есептеймін. Елбасы индустриялық-инновациялық бағдар­ла­ма төңірегінде келелі ойлар айтып, бұл салаға жаңа көзқарас керек екенін ескертті. Бағдарла­ма­ны дайындаған кезде басты ұстанған қағида – бұл құжаттың бұрынғы қабылданған нұс­қа­ла­рына сәйкес болмайтыны анықталды. Өйт­кені, әлемдік қаржы дағдарысы экономиканы құруды, тіпті ойлау, мақсат қою жүйеміздің өзін өзгерту қажеттігін дәлелдеп берді. Қаржы дағдарысы ипотекадан басталды десек те, көптеген елдердің қаржы, банк жүйесіндегі орын алған қателіктердің те салдарын есептен шығаруға болмайды. Осыны ескерсек, біздің елге индустриялық-инновациялық бағдарлама жасау оңайға соққан жоқ. Келешек уақытта қандай қаржы жүйесін құруымыз керек, оның қан­дай тәсілдері тиімді болады? Соның бар­лы­ғын сараптап, кешенді бағдарламаны жүзеге асы­ра білсек, еліміздің тұрақты дамуына қол жеткіземіз. Өйткені, біздің елде әр түрлі қаржылық секірістерге төтеп бере алатын жүйе болуы қажет. Алдымыздағы міндеттердің бірі қаржы, эко­номика жүйелерінде мемлекеттік реттеу мен нарық заңдылықтарының ара салмағын табуы­мыз керек. Кезінде Жапония нарық эконо­ми­касына көшкенде осы мәселені шешіп алуға баса мән берді. Әлемдік тәжірибе бар, соны жаңа заманға лайықты түрде іске асыра білуіміз керек. Жуырда ел Президенті банк жетекшіле­ріне тек өздеріне қатысты қызметпен айналы­суы тиіс екенін айтты. Яғни, қаржыға қатысы бар деп банктерге сақтандыру, сол сияқты бас­қа салалардың қызметімен айналыспауы тиіс және қосалқы құрылымдары болмауы керек еке­нін ескертті. Жалпы, әрбір құрылым өзіне тән іспен айналысса, нәтиже жоғары деңгейде болмақ. Соңғы кездері табиғи монополияларды реттеуге қатысты мәселе біздің қоғамда жиі көте­ріліп жүр. Өйткені, бұл – бүкіл халыққа тікелей қатысты сала. Бүгінгі таңда тарифтерді рет­теуде Үкімет тікелей қатысып, бағаның ырық­сыз өсіп кетуіне жол бермеуі керек. Мы­салы, қазіргі уақытта Үкімет жанармайдың бағасын реттеуге кірісті. Сол секілді тарифтерді бір жүйеге келтіруді қолға алды. Осы орайда бағаларды, тарифтерді реттеу мәселесіне де байыппен қараған жөн. Алынған шешімдер бизнестің аяғына тұсау болмауы керек. Сондықтан шешілуге тиісті мәселелер жетерлік. Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаны салааралық баланс жасау керек­тігін айтты. Бұл құжат индикативті жоспар­ларды жасауға негіз болады, инвестицияның бағыттарын белгілейді. Мемлекетте іске асатын жобалар, шығарылатын өнімдер көлемі өзімізге жеткілікті және экспортқа шығаруға мүмкіндік барда ғана қолға алынуы керек. Бұған қатысты да тәжірибе бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кеңес Одағының ғалымдары осындай тәжірибені ұсынғанмен, ол кезінде дұрыс пайдаланылмады. Қазір индустриялық-инновациялық бағдар­ламаны іске асыруға ел болып көп күш-жігер жұм­сауымыз керек. Белгілі бір мекемелер неме­се жауапты адамдар орындайды деп қарап отыруға болмайды. Бәріміз осы мақсатта жұмылуымыз қажет. Бұл істе “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген халықтық қағиданы басшы­лыққа алған дұрыс. Елдің әлем алдындағы абыройын арттыруға қатысты Мемлекет басшысы сындарлы ой­лары­мен бөлісті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы  әлем халықтарының өркендеуі  мен қауіпсіздігін  дамытуға бағытталатынын айтты. Ел алдында үлкен жауапкершілік тұрғанына баса тоқталып өтті. Қазақстандағы ынтымақ, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жайлы терең толғанды. Қай ел де жеке-дара өмір сүрмейтіні белгілі. Қазақстан да әлемнің көптеген елдерімен ын­ты­мақтастық байланыс орнатты. Соның ішінде тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынасты өркендету мақсатында Қазақстан, Ресей және Беларусь бір Кедендік одаққа бірігіп отыр. Бұл қадам да Елбасының көрегендік саясаты екені анық. Біз шетел өнімдері басып кетеді деген үрейден аулақ болуымыз керек. Өйткені, бар­лық елге де бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары, бағасы қымбат емес, алған өніміне лайықты тауар­лар қажет. Ал басқа елдердің тауарлары­мен сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге түсу біздің елдің тауар өндірушілерін жаңаша жұмыс істеуге, былайша айтқанда, өсіп-жетілуіне бағыттайды. Бірақ алғашқы кезде өсіп келе жатқан кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қорғау және қолдау да қажет. Елбасы Жолдауына сәйкес Үкімет таяу күндері жедел қарқынмен жұмыс істеп, алдағы он жыл ішінде, сонымен қатар, бес жылдықтар арасында қандай маңызды істер атқарылуы керек екенін елеп-екшеп, нақты бағдарламалар дайындап, оны орындаудың жолдарын бекітеді деген сенімім бар. Өйткені, Президент Жолдауында айқындалған бағдарлардың орындалуы да қатаң бақылауда болатыны осы жолы ерекше айтылды. Бұл елді дамытудағы нақты істердің жүзеге асуына алып келетін бірден-бір жол екені анық. Үкімет жыл сайын елдің даму жоспарын, үш жылдық республикалық бюджет жоспарын дайындап, Парламентке ұсынады. Ендігі жерде үш жылдық бюджет жоспарлары осы он жыл кезеңді қамтитын Елбасы Жолдауының негізінде дайындалатын болады. Қоғамды алға бастыратын оң өзерістер жасау үшін Парламент алдына да жаңа міндеттер қойылды. Өткен жылы дағдарысқа қарсы іс-шараларды атқаруға негіз болатын заңдар қабылданды. Енді дағдарыстан кейінгі уақытта ел дамуы үшін керек заңдарды қабылдау мін­деті тұр. Ол үшін депутаттық корпус елге қажет­ті, қоғамға тез кірігіп, жұмыс істеп кететін маңызды заңдарды сапалы да дер кезінде қа­был­дауы қажет. Оның ішінде елімізде ин­дустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асуына қолдау жасайтын заңдар болмақ. Мемлекеттік басқару, бюджет жүйесі, қаржы секторын реттеу, банктер туралы заңдарға өз­ге­рістер енгізу, акционерлік қоғамдар туралы, энергия үнемдеу, ауыл шаруашылығының жүйе­сіне қатысты және басқа да заңнамалық акті­лерді қабылдау – депутаттар міндеті. Үкімет таяу уақытта жаңа Жолдауға сәйкес заң жобаларын ұсынады деген ойдамыз. Парла­мент­шілер Қазақстанның келешегін айқын­дай­тын заңдардың өмірге келуіне атсалысатыны анық. Елбасы өзінің Жолдауында еліміздегі билік партиясына қаратып, біз бүкіл қоғамды, пар­тияның барлық мүшелерін алдағы онжылдық міндеттерін түсіндіру мен іске асыруға жұмыл­дырып, іс жүзінде бұл жұмысқа жетекшілік ететін және оны өзінің бағдарламасы жасайтын “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт артамыз, деді. Сөйтіп, өзі Төрағасы болып табылатын саяси құрылымға сенім білдірді. Біз де осы сенім үдесінен шығу жолында қолы­мыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Мемлекет басшысы жаңа онжылдықта біз­ге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық  стандарт­та­ры­на сәйкес келетін жаңа құ­қық қорғау жүйесі қажет екенін ерекше атап өтті. Осы орайда Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, құқық қорғау ор­гандарына құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша жүйелік жұмысқа шұғыл кірісуді тапсырды. Осыған байланысты құқық қор­ғау жүйелерін реформалау жөніндегі заңдар жо­балары Парламентке жақын арада енгізілуі қажет. Ең бастысы, Қазақстанның алдында ел эко­но­микасының тұрақты дамуына қол жеткізу мақ­саты тұр. Экономикасын бір қалыпты сақтаған елдің халқы да сенімді болады. Өркениетке қол жеткізген елдер секілді Қазақстан да тұрақ­ты­лы­ғы қалыптасқан мемлекетке айналуы тиіс. Бұл Жолдау жаңа кезеңнің бастауы болды. Өткенді сараптап, бүгінгі жетістігімізді бағалап, алдағы ел болып атқаратын келелі істерге көз шолып отырмыз. Елбасы Жолдауынан түйген ойымыз осындай. ӨРКЕНДІ ІСТЕР — ӨҢІРЛІК ДАМУ БАСТАУЫ Нұржан ӘШІМБЕТОВ, Петропавл қаласының әкімі. Елбасы Н.Назарбаевтың биыл­ғы Жолдауын Петропавл қаласы­ның тұрғындары да қанағат сезім­мен қарсы алып, өз қолдауларын білдіруде. Мен шаһардың  шағын аудандарында өтіп жатқан есепті кездесулерімді осынау тарихи құ­жат­тан бастап, жиынға қатысушы­лардың үлкен қызығушылықпен үн қосуының куәсі болып жүрмін. Мұхиттың арғы жағынан бас­тал­ған қаржы дағдарысы кезінде көбіміздің тұйыққа тірелгендей күй кешкеніміз рас. Әлеуеті күшті деген мемлекеттердің экономикасы тұра­лап қалған сәтте біз есімізді тез жи­дық. Жасампаздыққа жұмыла кірісіп, экономикамыз серпінді дами түсті. Мұның бәрі тұңғыш Пре­зидентіміздің жаһандық қиын­дықты алдын ала болжап, нақты шаралар қолдана білуінің арқасы. Осылайша, жаңа онжылдығымызда да еңсеміз көтеріліп, әл-ауқатымыз, тұрмыс-тіршілігіміз жақсарды. Жеткен жетістіктерімізді әлем жұрты мойындады. БҰҰ-ның өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақ­станды адам әлеуетінің жоғары деңгейлі елдер қатарына жатқызуы — соның айқын дәлелі. Қазақстанның алдағы мүм­кін­діктері, алға қойып отырған асу­ла­ры бұдан да зор. Оны Елбасы өз Жолдауында жан-жақты айтып берді. 2020 жылға дейінгі даму  стратегиясын белгілегенде дұрыс шешімдер қабылдаудың маңызы зор екенін ерекше атап көрсетті. Жолдауда жаңалықтар көп-ақ. Солардың ішінде  өңірлік даму ре­формаларын ұсыну арқылы әрта­рап­тандыруға қол жеткізу міндеті күн тәртібіне ерекше қойылып отырғанын атап өткен жөн. Соған орай, мәселен, солтүстікте аграр­лық индустрияға басымдық беру, АӨК-ні дамыту айрықша маңызды. ӘКК-ні жергілікті атқарушы ор­ган­дар қарамағына беру іс жүзінде бизнесті өркендетуге ықпал етері даусыз. Бүгінде экономиканы әртарап­тан­дырмай болмайды. Бұл – өмір талабы. Онсыз іс алға баспайды. Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына енудің тура жолы – осы. Президент ел дамуының жаңа мүмкіндіктері индустриялық дамуда жатқанын айта келіп, оның негізгі үш бағытын айқындап берді. Негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсетінін қадап айтты. Шынында да солай. Президенттің бұл тапсырмалары Петропавлдағы  ауыр өнеркәсіп саласын өркен­де­туді қамтамасыз етуге кең мүм­кін­діктер берері сөзсіз. Былтыр бұл ба­ғыттағы кәсіпорындар 13,2 мил­лиард теңгенің өнімдерін шығарды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп. “ЗИКСТО” АҚ  өткен жылы 230 вагон құрастырса, биыл­ғы межесі – 400. “Мұнаймаш” зауытында  өндіріс көлемі 1,3 есе өсіп, 1,5 миллиард теңгені құрады. Міне, істің көзін тапқандар осы заманғы технологияларды өндіріске енгізе отырып, еңбек өнімділігін арттыра білді. Жасыратыны жоқ, бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлі де артта қалып келеді. Қазақстанда бір қызметкер жылына 17 мың доллардың өнімін өндірсе, дамыған елдерде  5 еседен асып түседі екен. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырма­сы­мен Үкіметтің жедел индустрия­лық-инновациялық дамудың мем­ле­кеттік бағдарламасын жасауы  алда атқарылатын іс-қимыл жос­парымыздың қаншалықты маңыз­ды екенін аңғартса керек. Жолдауда қамтылған мәселелер жетіп артылады. Әрқайсысы жеке әңгіме тақырыбы десе де болады. Мен кейбіріне ғана тоқталып өттім. Ең бастысы, кемел болашағы­мыздың жарқын беттерін айқындап берген Жолдау солтүстікқазақ­стан­дықтардың да ерен еңбек құлшынысын тудырып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы. ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУГЕ САЛМАҚТЫ КӨЗҚАРАС Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша “Нұр Отан” ХДП осы шараларды талқылау үшін “Елбасы Жолдауы: жаңа тапсырмалар мен басымдықтар” тақырыбында семинар-жиналыс өткізді. 1 ақпан күні Астана қаласында партияның аймақтық филиалдары төрағаларының идеология мәселе­ле­рі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен “Елбасы Жолдауы: жаңа тапсырмалар мен басым­дық­тар” тақырыбында республикалық идеологиялық семинар-жиналыс  өтті. Осы іс-шара аймақтарда аса са­па­лы және тереңдетілген түсіндірме жұмысын ұйымдастыру үшін Елба­сы Жолдауы шыққаннан кейін бір­ден өткізілді. Онда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зар­баевтың 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” тақырыбындағы Қазақ­стан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру жөнінде пар­тия­ның ақпараттық-насихаттық әре­ке­тінің негізгі бағыттары талқыланды. Түсіндірме жұмысының ұйымдас­ты­рылуындағы негізгі әдістемелік қадамдар жөнінде сөз қозғалып, бастауыш партия ұйымдарымен жұ­мыс істеудің негізгі бағыттары құрылатын болды. Семинар-жиналыс партия хат­шысы  Е.Қариннің төрағалық етуі­мен өтті. Ол өз сөзінде “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Елбасының Жол­дауына стратегиялық сипат бере­тіндігін атап өтті. Ол бұрынғыдай даму, игілік, әл-ауқат құндылықтар базасына сүйенеді. Сонымен бірге, партия хатшысы халық арасында Жолдауды түсіндіру қадамын өз­герту керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Оның пікірінше, мақсатты топтардың арасында қарапайым түсіндіруден “кетіп”, терең талқылауларға ден қою қажет”. “Егемен-ақпарат”. ӨЗГЕРІСТІ КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЛАРЫ Ержан КЕЗБАЕВ, “Матай” шаруа қожалығының басшысы. Егемен еліміздің ертеңіне деген сенімділік сезімін бойымызға ұялатып келе жатқан Елбасы­мыз­дың Қазақстан халқына Жолдауын жыл сайын асыға күтетініміз рас. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы жолдауларында тәуелсіз мемлекетіміздің бола­шақ­тағы экономикалық-әлеуметтік дамуының, саяси тұрақтылығының тұғырын бекітуге бағытталған іс-жоспары айқындалады. Ал бұл – әр қазақстандық үшін өте маңыз­ды. Жолдауларда айқындалған ба­ғыттар мен атқарылмақ жұмыс­тар­дың мерзімінде жүзеге асып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсара түскенін дәлелдеп жату артық. Жолдауда қамтылған іс-ша­ралардың салмақтылығын осыдан аңғаруға болады. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын теле­ди­дардан көріп, ел Президентінің сөзі мен ісі сабақтас өрілетініне тәнті бол­дым. Онда алдағы онжыл­дық­та елі­міздің қандай биіктерді қалай бағындыратыны жан-жақты баян­далды. Қоғамдық өмірдің әр саласы бойынша басым бағыттарды жүзеге асыру жолдарын айқындаған бұл құжат еліміздің дағдарысты еңсеріп, еркін дамуға қадам басқанын дә­лел­дей түсті. Өткен жылы жүзеге асырылған “Жол картасы” бағ­дар­ламасының қайтарымды болғанын естідік, ел ертеңіне негізделген жаңа бағдарламалардың да оң өз­герістерге жеткізетініне   сенім­ді­міз. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту бағы­тында алға қойылып отырған мін­деттер ауқымды. Десек те, қазіргідей Үкіметтің қолдау жағ­дайында жасалып жатқан шаруалар оны жү­зеге асырудың негізі қа­лан­ғанын аңғартады. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік стандартқа сай өңдейтін кәсіп­орын­дар қатары жыл сайын көбейіп ке­леді. Сондай-ақ, өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етудің сәтті қадамдары жасалуда. Ірі қалалар маңында азық-түлік белдеуін жасау соның бір үлгісі ғана. Мен бас­қаратын шаруа қожа­лы­ғында асыл тұқымды қырдың қы­зыл сиыры, қой, жылқы  өсі­рі­леді, егін саламыз. Шаруамыз жа­ман емес. Соңғы жылдары Үкімет  саланы дамытуға қар­жылай жеңіл­діктер жасап отыр. Мұндай қол­дау­дың алда жалға­сатынын естіп, қа­нат­танып қалдық. Елбасымыз ұстанған сара сая­саттың арқасында ауылдық жердің ажары кіріп, шаруа адамының тұр­мысы түзеле бастағаны да шындық. Елбасы айтқандай, қай салада да әркім елдікті түсініп өмір сүрсе, ер­теңіміз бұдан да жарқын бола­ты­ны­на сенім мол. Жолдаудағы жоба-жоспарлар, ой-түйіндер түсінген адамға осыны аңғартады. Ақтөбе облысы. БАСТЫ БАЙЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ДЕСЕК... Дәметкен ИБРАЕВА, жоғары санатты дәрігер, “Құрмет” орденінің иегері. Еліміз егемендікке қол созған беттен бастап, тәуелсіз жас мемлекетімізде әлеуметтік мәселе­лерге, соның ішінде халқымыз айтқандай, басты байлық – денсаулық деген қағидаға орай меди­ци­наны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айғағындай, Семейде егемендіктің елең- алаң шағының өзінде консультациялық диагнос­тикалық орталық ашылды. Іле осы орталыққа Жапония сияқты дамыған елдерден медицинаның озық құрал-жабдықтары келе бастады. Соның нәтижесінде қазірде орталық  осы өңірдегі бірден-бір іргелі емдеу мекемесі болып табылады. Ал мұндай орталықтың Семей атом полигоны­нан зардап шеккен аймаққа қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті. Менің де аталған орта­лықта жұмыс істей бастағаныма жиырма жылға жуықтап қалды. Мұның алдында елде қызмет етіп келдік. Жалпы, медицина саласында еңбек ете бастағаныма жарты ғасырға жуықтап қалды. Өткен жылғы тәуелсіздік мерекесінде тәуелсіз мем­лекеттің “Құрмет” орденімен марапатталдым. Мұны мен мақтан үшін емес, егемен елде меди­цина саласы қызметкерлеріне жасалып жатқан қамқорлық, құрметтің бір мысалы ретінде тілге тиек етіп отырмын. Одан әрі жалғастырып айтсам, жалақымыз жыл сайын өсе түсіп келеді. Ал мұны өз басым жалпы қазақстандықтарға жасалып отырған қамқорлық деп түсінемін. Өйт­кені, біз алаңсыз еңбек етсек, денсаулық сақтау саласы да ілгерілей түседі. Елбасы соның бір айғағындай, қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында елімізде медицина саласын барынша дамыта отырып, ел халқының орта жасын таяу жылдарда 72-ге дейін жеткізу міндетін алға қойды. “Бізде жер де, жер байлығы да жеткілікті. Тек халық саны аз. Әлемдегі іргелі елге айналу үшін көбеюіміз керек”, деді Мемлекет басшысы. Соның бәрі үшінші байлыққа, яғни халықтың денсаулығына байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Адам жанының арашашысы деп аталатын біз, дәрігерлер қауымы сол үшін күресетін боламыз. Семей.