Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік күні «Qazaqstan» телеарнасы көрермендерге қандай тележобалар ұсынады?  

1108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық Коммуникациялар Қызметінде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының арнайы дайындаған тележобаларының таныстырылымы өтті. Шараның басты мақсаты - телевизиялық бағдарламалар арқылы еліміздің ең бір қасиетті мерекесі Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын арттыру және қазақстандықтарды соңғы жылдары еліміздің жеткен жетістіктерімен кеңінен таныстыру.

Тәуелсіздік күні «Qazaqstan» телеарнасы көрермендерге қандай тележобалар ұсынады?  

Біріншіден, «Qazaqstan» Ұлттық арнасында, 16 желтоқсан күні сағат 11:05-те тікелей эфирде Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен әлемдік саяси аренадағы орны және экономикалық жетістіктеріне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты арнайы жобасы көрсетіледі. Халықты жаңа индустриалды жобалармен таныстырып, маңыздылығын жеткізу мақсатында «Qazaqstan today» жобасының аясында «Igraphic»  дизайн-бюросымен бірігіп әзірленген бейнероликтер топтамасы мен Тәуелсіздік күніне арналған инфографика ұсынылады.

Екіншіден, 15 желтоқсан күні сағат 17:30-да еліміздің егемен ел болғалы бағындырған белестері жайлы түсірілген «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері» туындысы көрерменге жол тартады. Ал, 17 желтоқсан күні сағат 15:10-да Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды сипаттайтын «Нұрлы жол» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, мерекелік күндері Ұлттық арна төрінен тарихи деректі фильмдер де орын алады. 17 желтоқсан күні 12:40-та көрермендер Азаттық жолында қазақ халқының күресін суреттейтін «Алаш алыптары» туындысын тамашалайды.

Үшіншіден, «Qazaqstan»  Ұлттық телеарнасының тапсырысымен дайындалған, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы қызмет құрылымдарының жанкешті еңбегін сипаттайтын «Текетірес» атты 4 бөлімнен тұратын телевизиялық көркем телехикая ұсынылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің 25 жылдығына орай арнайы түсірілген туынды 18-19 желтоқсан күндері сағат 13:15-те 2 бөлімнен қатар көрсетілетін болады.

Төртіншіден, осындай айтулы күндері Ұлттық арнаның мега-жобаларының ақтық бөлімдері жоспарланған. Ұлттық арна көрермендерінде 16 желтоқсан 21:30-да "Silk Way Star" жобасының финалын және 17 желтоқсан 20:55-те "Мен Қазақпын" халықаралық музыкалық жобасының гала-концертін тамашалап, жоба жеңімпаздарымен танысу мүмкіндігі туады.

Сонымен қатар, мерекелік күндері спорт сүйер қауымға тамаша тосын сый дайындауда. Ұлттық күрес жанкүйерлері үшін арнайы «Еуразия Барысы - 2017» халықаралық турнирінің тікелей көрсетілімі 16 желтоқсанда 13:00-де басталады.

Арнайы телевизиялық жобалар аймақтық телеарналарда да жоспарланған.