Қабылданып жатқан шаралар туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.
Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 19 мыңнан астам тұтынушылық өтініштер қаралды. Өтініштерге сәйкес 287 әкімшілік іс қозғалған.
«Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесі қазақстандық тұтынушылардың өз құқықтарын білмейтінін және қашан әрі кіммен байланысуға болатыны туралы жеткіліксіз хабардар екенін көрсетеді», — деп хабарлады Тимур Сүлейменов.
Ұлттық экономика министрі электронды сауданың серпінді дамып келе жатқан салаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың өте төменгі деңгейі байқалатынын атап өтті.
«Электрондық сауда саласында тауарларды электрондық сатумен айналысатын субъектілерді тіркеу тетігін енгізуді және тұтынушылардың құқықтарын жүйелі түрде бұзатын сайттарға сот шешімімен тыйым салуды ұсынамыз», — деді министр Тимур Сүлейменов.
Ұлттық тұтынушылар лигасының ұсынысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға құзырет беруді ұсынады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өнімдерді қауіпсіздік талаптарымен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, министрлік халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, гигиеналық нормативтер және техникалық регламенттер саласында нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұзуды анықтауға және оның алдын алуға бағытталған бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Камералық бақылау аясында 52 мыңнан астам тауар позициясы шартты шығарылды деп әкелінген сыртқы экономикалық қызметтің 50 жосықсыз қатысушысы анықталды, ал декларацияланған және сертификаталғаны бар болғаны – 146. Осы СЭҚ-ке қатысушылар әкімшілік жауапкершілкке тартылды, материалдар сотқа берілді», — деді министр Елжан Біртанов.
Салыстырмалы талдау еліміздің ішкі нарығында айланыстағы барлық сәйкес келмейтін өнімдердің неғұрлым үлкен пайызы импорт өнімдерінің үлесіне тиесілі екенін көрсетті — 67,3%, отандық өндірушілер өнімі — 32,7%-ды құрады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың сақталуын бақылау тетігін қайта қарауды тапсырды — «бақылаушыларды тексеру» қағидасын жою керек.
Бақытжан Сағынтаев тұтынушылардың құқықтары олардың жеткіліксіз ақпараттануы себебінен бұзылатынын атап өтті. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігіне халықтың адам өмірі мен денсаулығына қойылатын қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдер туралы хабардар болуын қамтамасыз ету тапсырылды.