Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы жарық көрген «Жылдар мен ойлар» атты туындысында: «Қазақтар талай рет қырылып қалуға шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» дегеніндей, өткен ғасыр басында Алаш азаматтары азаттық аңсары жолында тағы да атқа қонған еді.
Қазақтың көрнекті демократ қаламгері, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын, Кешегі қара күнде болмап па еді, Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым, Солардан басқа кеше кім бар еді, Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» деп жырлағандай, ұлт көсемі Әлихан, ұлт ұстазы Ахмет, ұлт жанашыры Міржақыптар бастаған ұлт қайраткерлері: Алаш жолы, Алаш идеясы, Алаш мұраты үшін ғазиз бастарын бәйгеге тікті.
Алаш жолы – күрескерлік
Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ тарихында ұлт зиялыларының азаттық жолындағы жанпида күрескерлігімен ерекшеленді. 1917 жылы ақпан айында патшалық билік құлап, Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Осы оқиғадан кейін Ресей отарында болған жұрттар еркіндік үшін күрес жүргізді. Соның бірі – қазақтар.
Бұл тұста қазақ зиялылары күллі Орта Азия аумағына көшбасшылық жасайтындай деңгейге көтерілген еді. Мысалы аз ғана уақыт өмір сүрген Уақытша үкімет Торғай облысына Әлихан Бөкейхановты, Жетісу облысына Мұхамеджан Тынышпаевты, Түркістан губерниясына Мұстафа Шоқайды басшылыққа тағайындады.
Осы бір бұлғақ жылдары, яғни Ресей билігі Уақытша үкімет пен большевиктердің қолына алма-кезек өтіп, құйқылжып тұрған заманда қазақ зиялылары автономды Қазақ мемлекетін құруға ұмтылды. Осы жолда қандай қиындыққа тап болса да қажымай еңбек етті. Мұндай мүмкіндік ғасырда бір туатынын бағамдай алды. Сөйтіп Алаш қайраткерлері әуелі, қазақ құрылтайын өткізу қажет деген шешімге келіп, 1917 жылдың шілде және желтоқсан айларында екі рет Орынбор қаласында Жалпықазақ жиынын өткізді.
Әсіресе, 5-12 желтоқсан аралығында өткен екінші жиында ұлттық мүдде тұрғысынан құрылған «Алаш» партиясының міндеттерін, Қазақ автономиясы және оның үкіметін қалыптастыру мәселелерін өте ұқыптылықпен қарастырып, автономия құрамына кіретін өңірлер нақтыланып: «Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш», Ұлт кеңесі (үкімет) «Алашорда» деп аталсын. Алашорданың уақытша орны – Семей қаласы болсын» деген шешім қабылдап, жаңа үкімет төрағасына Әлихан Бөкейхановты бекітеді.
Жоғарыда айтылғандай «Алашорданың уақытша орны – Семей қаласы» болуына байланысты облыстық қазақ комитетінің шешімімен қаланың «Заречная слободка» атты аумағы «Алаш қаласы» деп аталды да, 1918 жылдың ортасынан бастап ресми іске кіріскен Алашорда ұлт кеңесі 1920 жылдың 9 наурызында Казревком «Алашорда» буржуазиялық үкіметін жою туралы бұйрық шығарғанға дейін іс-қызметін жүргізеді.
Өткен аптада Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Семей қаласына арнайы барған сапарымызда Алаш тарихына қатысты алғаш рет ашылған «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей экспозициясынан жоғарыдағы тарихи сәт туралы «Сарыарқа» газетінде: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазылған мәтіннен азаттық аңсары жолындағы алаштықтардың күрескерлік үнін естігендей күй кештік.
Семейлік зиялы қауым өкілдерімен кездескенімізде олардың ең көп еске алатын дүниесі «Әлиханның Семейге келуі». Алаштанушы, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов пен өлкетанушы Құсмила Нұрқасымдардың айтуына қарағанда Орынборда 1917 жылғы 21-26 шілдеде өткен Жалпықазақтың бірінші съезінен кейін Әлихан Бөкейханов елдегі саяси күштердің ара салмағын пайымдай келе болашақта Сібір Республикасына автономиялық негізінде қосылу бағытын ұстанды, дейді. Сондықтан да Ә.Бөкейханов осы мәселені Сібір автономистерімен мәмілесу үшін 1917 жылы 5 қазанда Томскіге келіп, Сібір областниктерінің съезіне қатысқан. Осы сапарында бірден Орынборға қайтпай, қазанның 21-күні Семейге келеді.
Аталмыш оқиғаның басы-қасында болған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Сарыарқа» газетінің 1917 жылдың 30 қазан күнгі №18 санында «Әлиханның Семейге келуі» атты жазбасын жариялаған. Осы мақалада: «Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрды... Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді.
Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді» деп жазып, Әлекеңді құттықтаушылар қатарында өзі де болып, жастар атынан: «Көш бастаған еріміз, Қуанышта еліңіз, Көкіректен бүгін кеткендей, Сізді көріп шеріміз... Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!», деп жыр толғағаны белгілі.
Алаш идеясы – ұлттық ояну
Осылай ғасыр басында пайда болған Алаш қозғалысы қысқа уақыт ішінде қазақ қоғамына «Оян, қазақ!» идеясын әкелді. Бұл мақсат ара да бір ғасыр өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты концептуалды бағдарламасына ұласуы, ұлт руханиятын жаңғыртудың жүз жылдан кейінгі тарихи сабақтастығы екені даусыз.
Өйткені, алаштықтардың ұлттық идеясы ақын С.Торайғыровтың: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз!» деген ұранды жырына ұласып жатса, бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Мәңгілік ел» идеясы жоғарыдағы алаштықтар мақсатымен рухани үндестік табуда.
Сол сияқты алаш идеясының классикалық құжаты – «Алаш» партиясының бағдарламасы. Бағдарламада: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі бәрі-бәрі қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан көрініс тапқан.
Осы орайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында алаш идеясы жайлы: «ХХ ғасырдың басында қазақ ұлттық идеясын қалыптастыру міндетін ұлттық элита өзіне алды. Өз уақытында «Алаш» партиясының басшылары алға жылжытқан көптеген ережелер өзінің мағынасын қазірге дейін сақтап келеді. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым болды» деп пайымдаса, алаштанушы, ғалым М.Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты зерттеу еңбегінде Алаш идеясы біріншіден, ұлттық демократиялық мемлекет құруды, екіншіден, жердің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуін, үшіншіден, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуін, төртіншіден, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі өзге ұлттардан қарағанда үстем болуын, бесіншіден, ұлттық дәстүрге негізделген Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құруды ұстанды депті.
Осылайша, ұлттық идеяның кемел бағытын кемеңгерлікпен түзген алаштықтар мемлекет құрудың жаңа белесін ашып, яғни ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік танытып, елдің болашақ бағыт-бағдарын айқындай білуі – Алаш аманатының бізге тарих болып жеткен құндылығы. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғына қарай жүргізілген сталиндік зұлмат, хрущевтік «жылымық», брежневтік тоқырау тұсында да Алаш идеясы қазақ даласын елес болып шарлады.
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік идея негізгі құндылық. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды.
Алаш мұраты – елшілдік
Алаштықтардың басты мұраты – елшілдік, яғни жеке тәуелсіз мемлекет құру және оның байтақ астанасын пайда болдыру еді. Тіптен бұл мақсат жолында Әлихан Бөкейхановтың жеке ой-пайымы да болғанын аңғарамыз. Алаш көсемі өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген өзекжарды сөзі бар.
Мына бір үндестікке назар аударыңыз: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» атты кітабында өткен ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары – «Алаш» партиясы көсемдері де саяси орталықты әуелден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа (Сарыарқаға) көшіріп әкелуге күш салды, дейді. Елбасы айтқандай, ХХ ғасыр басында тәуелсіздікті мақсат тұтқан алаштың ел астанасын таңдаудағы мұраты – қазіргі тәуелсіз Қазақ елінің ғасыр аяғындағы астана таңдауымен үндесіп жатқаны, мемлекет мүддесінің үзілмей жалғасқан асыл арқауы екені шындық.
Сонымен қатар Алаш қайраткерлері қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деуі, жоғарыдағы алашшылдардың бір ғасырдан кейін іске асқан арман-аңсары екенін бағамдай аламыз.
Сөзімізді түйіндер болсақ, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұтас ұлттық, елдік ұстынға айналған «Мәңгілік ел» идеясы, сонымен қатар Елбасының рухани жаңғыру мақаласында айтылған бағыттарды, 100 жыл бұрынғы алаштықтардың жолы, идеясы, мұратының заман талабына сай жаңғырған, жаңаша көзқараспен пайымдалған тарихи жалғасы деп түсінген дұрыс.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Астана – Семей – Астана
Суреттерді түсірген
Раушан НҰҒМАНБЕК