Осы арада сәби Төлегенді тербеткен бесік, болашақ үлкен жүректі ақынның іңгәлап туған топырағы, уызынан жарыған тегі туралы бір ауыз айтпасқа әддіміз жоқ. Қаһарлы 42-нің желтоқсанында, майдандағы Қажыбай әкесінен «қара қағаз» келген қаралы күндерде туған бейкүнә нәрестеге Отан үшін төлеуін төлеп қойған азалы шаңырақ азан шақыртқызып атын «Төлеген» деп қойыпты. Шерлі жесір ананың әлдиі, атасы Сыздықтың әлпеші құйылған көкірек. Ал бұл Сыздық атамыз тегінде де тегін адам емес.
Атақты ақын, Сейфуллиндердің соңынан ерген, Сәбеңдермен сыйласқан, Мұхаңдарға еркелей білген, ашаршылық туралы «Әлі қарттың әңгімесі» деген налалы дастан тудырған Жақан Сыздықовтың әкесі. Соғыстың алдында «Қарағаш» колхозының төрағасы болған інісі Қажыбайдың ақындығы Жақаннан да мықты болар еді, әттең оқымай қалды ғой деп ауылдың көзкөрген қариялары бертінге дейін айтып отырар еді. Бұл екеуінің інісі белгілі әдебиетші, кәсіби аудармашы, Брестің бір қорғаушысы болған, тоқсан жасап өмірден өткен Қажымұрат Сыздықов ақсақал еді. Бір әулет, бір арман, бір тілек. Қазақтың осы ағайынды нар жігіттерінің, атасы Сыздықтың аманатын арқалау ақыр соңында Төлегеннің маңдайына жазылыпты-ау.
ҚазПИ-де алпысыншы жылдары оқып жүрген дәуренінде бала Төлегенді аға Төлеген, аяулы Төлеген Айбергенов ізіне көп ерткен екен. Жақсы көріпті. Өнерін. Өлеңін. Серілігін. Және жүрегін. Бала Төлеген домбыра тартады, ән салады. Бірде аға Төлеген қоярда-қоймай қолынан сүйреп кәдімгі «қасиетті қазына жыр, байтақ ән» Ғарекеңнің, Ғарифолла Құрманғалиевтің өзінің алдына алып барады. Тегінде, консерваторияға ауыстырмақ ойы бар. «Осы інімнен әнші шығады, Ғареке, тыңдап байқаңызшы» деп қиылады. Төлегендей саңлақ інісінің бетінен қағатын Ғарекең қайда! Тыңдайды. Әнін тыңдап болған соң өлеңін оқытады. Сосын бір дем ойланып отырып: «Төлешжан, баланы бекер қинама. Одан да өлеңін жазсын» депті. Содан бергі жарты ғасырдан астам уақытта Төлеген өлеңін үзбей жазып келеді. Өлеңіне прозасы мен драматургиясы қосылды, қаламынан дастан-поэмалар жосылды, шағын әңгімелері шырайлы хикаяттар мен шалқар романдарға ұласты. Көсемсөзі мен ақмылтық журналистігі және бар. Әрине, ән-күйімен де ажырасқан жоқ. Ақын әнсіз болушы ма еді. Шындап кетсе, Шәмшінің айтатынындай, «домашний әншілерден» әлдеқайда биігірек қалықтайды-ау. Төлегеннің өзін көрмей-білмей жатып Алтынбек Қоразбаев оның өлеңіне ынтық болып, «Әгугай, домбыра-ай» әнін өмірге келтіруінен де ақын табиғатының күйлі, сырлы, сазды астарларын сезінеміз.
Бір кездері Алматыдан, одан кейінгі Астанадан Арқаның кербез сұлу Көкшетауына ат ізін салар азаматтар «Көкшеде ат басын тірер кім бар еді?» дегенде «Көкшетауда Төлеген бар ғой!» деген жауап алар еді. Аяулы Ғафаң – Ғафу Қайырбеков, Кәкең – Кәкімбек Салықов, Сәкең – Сәкен Жүнісов, Ақаң – Ақселеу Сейдімбек, тағы басқа әз ағалар Көкшеге келген сайын «Төлешжаным» деп Төлегенді іздеп табар еді. Көкшенің сыры мен жырына, пейіліне жырғап қанығар еді. Іші терең, көкірегі көмбелі зерен Төкеңді Көкшенің бүгінгі Ақанындай, Біржанындай көрер еді. Көкшетауда болған кездерінде қастарында қашан да Төкеңнің болғанын қалар еді. Бүгінгі Ілия Жақанов, Кәдірбек Сегізбайұлы, Қажығали Мұхамбетқалиев, Иран-Ғайып, Ұлықбектер де солай. Ертеректе Көкшетаудың обком партиясы ауылға қадірменді үлкен кісілер ат ізін салғанда Көкшенің елі-жұртын, Бурабай мен Зеренді, Айыртау-Сырымбетін аралатып қыдырту үшін қастарына әрдайым жолбасшы қылып қосып беретіні де есімізде. Бірде егін орағы кезінде елге атақты ақын Әбу Сәрсенбаев ақсақал арнайы келе қалды. Төкең қашанғыдай облыстық газетте. Үш күн қатарынан Әбеңді үш ауданға апарды. Күнде кештетіп қайтып әр сапардан новеллаға бергісіз төгілтіп толғамды мақала жазып, таңертең редакцияға қалдырып кетеді. Ертеңіне таңертең ол мақала жарқырап шығып тұрады. Үш күні бойы солай. Сол эсселерді Әбу ақынның Көкше сапарының гимні сияқты қабылдап едім. Және Төкеңнің ерен еңбеккерлігіне таң қалып қызыққанмын сонда. Сол аптада ағамыз, сірә көз шырымын алмаса, ұйықтамаған болар.
Тағы бірде Көкшетауға ұлт арыстарымен үзеңгілес жүрген, Лениннің алдында Қазақ автономиясының Ресеймен шекарасы туралы байыпты баяндама жасаған, қазақ тілінде тұңғыш рет математиканың ұлы оқулығын жазған Алаштың ардақтысы Әлімхан Ермековтің жолы түсті. Ол кезде біздей бозөкпелер Қарағандыда тұратын Әлекеңнің мұндай қадір-қасиетінен мүлдем бейхабармыз. Міне, осы кісінің қасына кезінде Шолоховқа Нобель сыйлығын алғанын сүйіншілеген обкомның зиялы хатшысы Бейсен Жұмағалиев атқосшылыққа біздің Төкеңді қосады. Қадірлі мейманға ел мен жердің әңгімесін айта білетін адам керек қой. Ал оған Төлегеннен артық кімді табасың. Содан ағамыз үш-төрт күннен кейін оралды. Құдай салмасын, әсері көл-көсір. Алаш тарихының әңгімесіне бізді де қарық қылды.
Әлімхан Ермековтің де кім екенін білдік. Әлбетте, Төкеңнің арқасында.
Ахмет Байтұрсынов, Мағжан ақын туралы да алғаш Төкеңнен естіп білгенбіз. Қазақ грамматикасының арғы атасы Ахаң екендігін, Мағжанның: «Бар бәле анау қасқабастан шығып жатыр» деп айтқаны сияқты әңгімелерді құлағымызға құятын да осы ағамыз-ды. Сонда бұл, құдай-ау, кеңестің қызыл саясаты екпіндеп тұрған жетпісінші жылдардың бел ортасы. Студент кезінде Алматыда Жақан Сыздықов ақын атасының айналасында көбірек жүрген Төлеген көкірегі қазақы рух пен жігерге толы болатын. Әсіресе сексенінші жылдар ішіндегі ақындар айтысы, қазақтың ұлттық өнері, Біржан сал мен Ақан серілердің мерейтойларын өткізу, қазақ мектептерін ашу, алғашқы Абылайхан тойын өткізу, Көкшетау облысының Алматыдағы күндері – осылардың ешқайсысы, былайша айтқанда, қатардағы журналист Төлеген Қажыбаевтың қатысуынсыз орайына келмейтін, бәрінің басы-қасында бастаушы, нұсқаушы, жасқаушы болып Төлеген жүретін-ді. Көкшеде кеңес заманында қазақтың сөзін Төлеген айтатын-ды. Ақындық та, азаматтық та дауысы халық жүрегіне жол тапты, ел ішіндегі абырой-беделі жылдан-жылға зорая берді.
Тәуелсіздік ұлтжанды қаламгердің екінші тынысын ашты. Күрескерлігі, қайраткерлігі, қажымас еңбекқорлығы жығасын жықпады. Табиғатты бүлдірушілерге қарсы тұрып, қарлығашша шырылдап, Бурабайға араша түсті. Қазақтың тілі мен ділін қорғаудан жалыққан да, жалтарған да, жасқанған да жері жоқ. Осы ретте әкімқаралармен шарпысып, шайқасып, бетке айтып салатын кезі де жоқ емес. Көлтексіз, турашыл болмысы солай болғасын қайтсін. Сонысымен ұнамай да қалады. Дегенмен де нағыз ақсақалдың шын ниетті, елдіктің парасатты сөзін аңғаратын нарқасқа азаматтар, құдайға шүкір, бұл қазақта бар ғой. Ана жылы Ақмола облысының әкімі Қайрат Пернешұлы Қожамжаров әлдебір шаруамен Астанада жүрген Төкеңді шұғыл іздеп, тауып алды. Ертең Көкшетауға Елбасы келеді екен...
Облыс орталығының бас алаңы. Абылай хан ескерткішінің жаны. Нұрсұлтан Әбішұлы қаумалаған халық, кәрі-жаспен емен-жарқын дидарласуда. Сол арада қадірменді Президентке күллі Көкшетау-Ақмола халқының жарқын сәлемін, ақжарма тілегін, арман-мұңын тебіреністі өлең шумақтарымен Төлеген жеткізді. Ақын аузымен айтылған аталы сөзге Нұрағамыз да разы болғанын көзіміз көрді. Бүкіл Қазақ елі көрді. Сол толқулы сәттерді республиканың басты басылымдары түгел жариялады. Дүйім Көкшенің аманатын арқалаған Төлеген ақынның жыры сөйтіп Елбасы жүрегінен де орын алды. Елдің сөзін айтар ақсақалға, парасат иесіне, Көкшетаудағы алтын қазыққа айналды.
Ең алғаш әдебиет сүйгіш қауым қаламгер Қажыбаевтың 1977 жылы жарық көрген «Жол басы» жыр жинағын оқығанда терең ой қозғайтын, шымыр да ширақ жырлайтын, қалыптасқан жақсы ақынды ұшырастырып қуанған еді. Ал екінші кітабы прозалық шығармаларынан құралып, «Атыңнан айналайын» деп аталған-ды. Сондағы «Жаралы жылдар» повесінде, «Зауал» әңгімесінде табиғат көрінісін, адам мінезі мен жалпы болмысын, көңіл күйіндегі толқулы сәттерді бейнелі, қазақы ұғыммен, тіл өрнегін төге суреттейтіні қазақ әдебиетіне тағы бір тың үрдісті, кең тынысты жазушы келіп қосылғандығын білдірген-ді. Үміт алдамапты. Төлеген поэзияда да, прозада да салқар сарындарды, адам бойындағы өршіл рухты тербеді. Бұдан кейінгі «Құлан қырғыны» аңыз-хикаяты, «Ағыбай батырдың үш арманы» хикаясы, «Қорқаудың ақыры», «Қанкешу», «Аран» хикаяттары, «Күйік-ғұмыр», «Әупілдек зары» әңгімелері, «Жанымның жапырақтары», «Өмір, сені жырлаймын», «Сексен көл сылдыры», «Қарасай-дастан» жыр жинақтары осы ойымызды айқындай түседі. Ал «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Зауал», «Жындар биі» драмалары ширыққан жан толқуының шынайы сахналық көріністеріне айналды.
Төкең айхай жетпіс беске тақағанда айды аспанға шығарып, соңғы екі жылда «Қансоқта» және «Қанды қасап» атты екі роман жазып тастады. Бұларда ортақ кейіпкер арқылы даңғой елінің төңкеріске дейінгі тірлігі, төңкерістен кейін Сәкен Сейфуллиннің жер бөлісіне келуі, Сыздық болыстың елді ұйымдастырудағы ерен еңбегі, ел ішіндегі салпаққұлақ арызқойлар, Кенженің Колыма шахтасында опат болуы оқиғалары суреттеледі. Бұл қос томдық роман әлі күнге дейін әдебиет сыншыларынан әділ бағасын алып болмаған жазушы Төлеген Қажыбаевтың соңғы кездегі елеулі шығармашылық табысы екендігін қадап айтамыз.
Қаламгер 2011 жылы тәуелсіз елінің «Құрмет» орденімен марапатталыпты. Биыл «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді. Елу жылдан астам уақыт бойы қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шығып қызмет жасаған өр рухты, қаршығадай қайсар мінезді Төкең қол қусырып қарап отырудан әлі де аулақ. Талай жылдар бойы Жазушылар одағының өңірдегі бөлімшесіне басшылық еткені өз алдына, Көкшетаудағы тәуелсіз «Бұқпа!» газеті мен әдеби-мәдени «Жер шоқтығы» журналын сәтімен шығарып келеді. Жұрт бұл басылымдарды іздеп жүріп оқиды. Көкшенің алтын қазығындай ардақты азамат, ақын, жазушы Төлеген ағамызды да алыс-жақыннан жүрегімен іздеушілер жетерлік. Біз соған сүйінеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА