«Кешегі Ататүрік, Бабыр, одан ары Білге қаған түгел түркінің түпкі тарихын тасқа қашап жазған. Беріде үзіліп қалған осы ұлағатты дәстүрді Елбасымыз қайта жаңғыртып отыр. Бүгін біздің қолымызға Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы тиді. Бұл кітап азаттықтың ақ таңындағы жас мемлекеттің алғашқы демін, әрбір қадамын, еңсесін тіктеп, құлашын қалай жазғанын нақты дәйектермен жинақтағандықтан, оны тәуелсіздік тарихының атласы, жаңа шежіреміздің бояу-болмысы түгел қамтылған тұтас картинасы деуге болады», деді Дархан Қыдырәлі.
Тарих уақыттың ұзақтығымен емес, маңызды оқиғалармен де өлшенетінін айтқан газет басшысы кітаптың мазмұнына тоқталды.
«Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуы хронологиялық және жүйелі түрде қамтылған бұл іргелі еңбекте тәуелсіздік жылдарын жаңғырудың үш толқынына балаған Нұрсұлтан Әбішұлы ел тарихын кезең-кезеңге бөліп, әрбір саланы жеке-дара қарастырады. Жүз жылға бергісіз ширек ғасыр Тәуелсіздік дәуірінің бастауы болды. Бұл кезең кітапта «Ұлы дәуір» деп аталады. Осы дәуірде жаңа тұрпатты мемлекеттің, жаңа қоғамның барлық саласы өз тарихының алғашқы парағын ашып, жетістіктерге толы жылнамасы жазыла бастады», деді Д.Қыдырәлі.
Елімізде ең көп талқыланатын тақырыптың бірі қазақ тілі екенін, мемлекеттік тілдің мәселесі тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері Елбасының назарынан тыс қалмағанын айтып сөзін сабақтаған Дархан Қыдырәлі жаңа кітапта да тіл саясатының тетіктері «Қазақ тілі – қазақ ұлтының мәдени тұтастығының басты қайнар көзі. Ғасырлар бойы солай болған, болашақта да солай бола береді» деп жазылғанын атап өтті.
«Кітапта мыңдаған оқиғалар айтылып, көптеген тұлғалардың аттары аталады. Бұл бізге тәуелсіздік дәуірінде әрбір детальдің маңызды екенін білдірумен қатар, автордың замандастарына деген құрметін де сездіреді. Қоғам өмірінің дамуында маңызы зор бұқаралық ақпарат құралдары жайында да көптеген жайттарға қанығамыз. Мәселен, «2017 жылы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жаңғыртылды, жетекші газеттер өз келбеттерін өзгертіп, жаңа даму жолына түсті», деп баға береді ол.
Газет басшысы кітапта түркі интеграциясына қатысты да көптеген мәселелердің көтерілгенін, соның ішінде Түркі академиясының қалай құрылғаны жазылғаны туралы айтты.
«Ең бастысы, автор атап көрсеткендей, бұл кітап тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етер жасампаздар қатарының көбеюіне септеседі деп сенеміз. Сондықтан, дәйекті деректермен өрілген «Тәуелсіздік дәуірі» – Қазақ Елінің тарихына үңілетін зерттеушілер мен өткенімізді зерделейтін әрбір оқырманның ұдайы жүгінетін кітабы болады деп ойлаймыз. Себебі бұл – жасампаз жылдардың жиынтық жылнамасы! Бұл – Мәңгілік елдің темірқазығына айналған тұтас дәуірдің шежіресі! Бұл – Азаттық архитекторы алған абыройлы асудың айнымас айғағы! Тәуелсіздік мерекесі баршаға құтты болсын!», деп аяқтады өз сөзін Дархан Қыдырәлі.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»