Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Биыл Алматыда тұмау 23 пайызға азайды

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда ЖРВИ мен тұмауды алдын алу мәселелеріне арналған баспасөз мәжілісі өтіп, бұл іс-шараны өткізуге қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. 

Биыл Алматыда тұмау 23 пайызға азайды

Журналистермен өткен жиында қалалық Денсаулық сақтау басқармасы дәрілік, материалдық-техникалық қамсыздандыру және мониторинг бөлімінің басшысы Жанар Боранбаева, жұқпалы және паразиттік ауруларға эпидемиологиялық қадағалау жасау бөлімінің бас маманы Владимир Юсупов,
Ижекенов атындағы Қалалық клиникалық жұқпалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары мен Тамара Утаганова мен Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Эльвира Ибрагимова қатысып, көтерілген мәселеге қатысты сауалдарға түсініктеме берді.

Спикерлер бір ауыздан қазір Алматы қаласында ЖРВИ және тұмаумен байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр деді. Өткен жылмен салыстығанда тұмау 23 пайызға азайған. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден желтоқсан айына дейін Алматыда тұрақты жылы ауа-райы сақталды. Екіншіден, алдын ала сақтық шаралары мен абайсызда тұмауратып қалғандардың көпшілікпен байланысы шектелуі де өз нәтижесін беріп отыр.

Сол сияқты көрсетілген кезең ішінде тұмауға жатпайтын басқа да вирустарды жұқтырған 65 адам тексерілген. Олардың арасында 4 аденовирус, 3 РС вирус, 10 бокавирус, 6 риновирус анықталды.

Спикерлер атап өткендей, тұмауды алдын алудың ең тиімді жолы – егу. Өйткені вакцина салу тұмаудың өршіп кетуі мүмкін маусымында оның түрлерінен сақтануға көмектеседі.

Жыл сайын Алматыда тұмауға қарсы вакцина жоғары қауіп тобына жататын азаматтардың барлығына салынады.

Биыл вирус жұқтыурға бейім топқа жататын азаматтарға вакцина салу мақсатында «Гриппол плюс» (Ресей) вакцинасының 100 мың дозасы жергілікті бюджет қаржысына сатып алынды. Үстіміздегі жылдың 13 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес,  193199 қала тұрғынына немесе жалпы халықтың 11,1 пайызына  тұмауға қарсы вакцина жасалған. Олардың ішінде жоғарғы қауіп тобына жататын 100 мың адамға (5,7%) жергілікті бюджет есебінен, 80079 адамға (4,6%) жұмыс беруші есебінен, 13120 адамға (0,7%) ақылы негізде вакцина жасалды.

Вакцина алуы тиіс халық контингенті ішінде: 14 жасқа дейінгі балалар саны – 38145 (егілген азаматтардың жалпы санының 19,7%-ы), медициналық қызметкерлер – 21546 адам (немесе 11,2%), жүктіліктің екінші және үшінші кезеңіндегі әйелдер – 7811 (немесе 4,1%). Вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелмеген.

Жекеменшік медициналық орталықтарда тұмауға қарсы Қазақстан Республикасы аумағында рұқсат етілген вакциналар қолданылды.  

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ