Қазақстанның Қарулы Күштері мен басқа да ведомстволарын қажетті оптикалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық және сервистік қызмет көрсету мақсатын көздейтін кәсіпорында әуел бастан-ақ түнгі көру құралдарын – монокуляр мен бинокулярлар, жылулық шолу аспаптарын, күндізгі көру мен барлау құралдарын, жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіретін лазерлі нысана көрсеткіш портативті кешендер, қашықтан басқарылатын тұрақты жауынгерлік модульдер шығару, электронды платтарды құрастыру және ИК-линзалар өндіру қолға алынды. Зауыт сондай-ақ броньды техниканы электронды-оптикалық жүйелері жағынан, әуе кемелерін авионика жағынан жаңғырту ісін бақылауды да жүзеге асырады.
Осындай жобаның жүзеге асырылуын өмірдің өзі талап етті. Өйткені Қарулы Күштерді жарақтануындағы техниканың басым бөлігі негізінен ескірген үлгілер болып келді. Сондықтан көп ұзамай-ақ жер бетіндегі және әуедегі құрыш қалқан платформаларды жаңғырту мен жаңарту аса көкейкесті мәселе болары, уақыт өткен сайын танктер, бронетранспортерлер, тікұшақтар жүйелеріне күтім жасау қиынға соғары анық еді. Оның үстіне, заман талабына сәйкес ескі атыс платформаларын басқару мен шолуды түгелдей цифрлы жүйеге көшіру міндеттілікке айналды. Қазіргі күні кәсіпорын осы олқылықтардың орнын толтыруда.
Компания 2011 жылдың желтоқсанында «Астана – жаңа қала» АЭА-ның қатысушысы ретінде тіркеліп, осы реттегі бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер мен инвестициялық преференияларға ие болды.
Жаңа тұрпатты зауыттың құрылысына екі жылдай уақыт кетіп, ол 2013 жылдың желтоқсанында екі елдің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің қатысуымен ресми түрде ашылды. Содан тоғыз күн өткенде кәсіпорынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, бар жағдайын көзбен көріп, мұқият танысып, Қазақстанда дәл осындай жоғары технологиялы өндіріс құрылуының маңыздылығын атап көрсетті.
Бір айта кететін жайт, уағдаластық аясында түркиялық әріптес «Аселсан» компаниясы зауыттың құрылып, аяғынан тік тұрып кетуі үшін қажетті техникалық құжаттамаларды, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешені өнімдерінің құрамдас бөлігі болып табылатын электронды-оптикалық құралдар, электронды платтар мен линзалар өндірісі үшін материалдар мен технологиялық жабдықтар берді. Сондай-ақ қазақстандық қызметкер мамандарды «Аселсан» компаниясының, ЕО мен АҚШ дайындаушы зауыттарының өндірістік қуаттарында тағылымдама тәжірибелерден өткізді.
Екі мемлекет басшыларының шешімімен ашылған зауыттың бүгін таңдағы хал-жайы көңіл қуантарлықтай. Бұл жай ғана түнгі көру құралдарын шығаратын кәсіпорын емес. «KAE» бұрын Қазақстан аумағында баламасы болып көрмеген, электронды-оптикалық өнімдер өндіретін дара компания. Сондықтан оны инновациялық кәсіпорын ретінде сеніммен атауға болады. Өзі жұмыс істеп келе жатқан төрт жылда 15-тен астам жаңа өнім шығаруға қол жеткізіп отыр. Бұл жағдай кәсіпорын бүгіннің өзінде өндіріс технологиясының толыққанды трансфертін жүзеге асырғанын, мамандарды кәсіпке әбден баулып үйреткенін, сондай-ақ осы номенклатурадағы өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, орнатып қана қоймай, оларды жоғары дәрежеде толықтай игеріп, меңгергенін білдіреді.
Өндіріс аумағында бүгін таңда 100-ге тарта адам еңбек етуде. Олардың 15-сі шетелдік техникалық жоғары оқу орындарында, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып білім алғандар. Сондай-ақ мұнда Қазақстан Үкіметі қолға алған дуалды оқыту тәжірибесін игеру нәтижесінде республиканың кәсіби колледждерінен келіп жұмыс істеп әрі оқып жатқан жастар да бар.
Сонымен қатар кәсіпорында Назарбаев Университетінің 15 студенті, Түркияның, Қытайдың, Ресейдің техникалық университеттерінде оқып жатқан қазақстандық студент жастардың өндірістік тағылымдамадан өтуі де жолға қойылып отыр. Мұның сыртында кәсіпорынның 25-тен астам қызметкері Түркияда, Венгрияда, Сингапурда, Малайзияда, Ресейде, Голландияда өндіріске қажетті мамандықтар бойынша білім-біліктерін жетілдіріп, тиісті сертификаттар алып келді.
Электронды-оптикалық құралдарды жинап құрастыру Қазақ елі үшін жаңа сала болғандықтан түркиялық серіктес «Аселсан» Еуропаның, Американың стандарттарына сай жаңа технология әкелгенін тілге тиек етсек орынды болар. Осы орайда зауытқа 50-ден астам қымбат тұратын бірегей жабдықтар әкелініп орнатылды, оларда жұмыс істейтін мамандар үйретілді. «KAE» компаниясында әлемдік тәжірибе ықпалымен өндіріс мәдениетіне қатты көңіл бөлінуде.
Компанияда жақсы үрдістердің кең қанат жаюын Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов өз назарында ұстауда.
Компания келешекте өз еліміздің аясында ғана қалып қоймай, кең өрістерге шығуды көздейді. Себебі көптеген шетелдік кәсіпорындар зауыттың кейбір өнімдеріне қазірдің өзінде қызығушылық танытуда. Солардың ішінде 5 кәсіпорынмен ИК-линзаларды сату жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Елбасы кәсіпорынға алғаш келген кезде компания басшылары екі нәрсе сұрапты: «Біріншісі, бізге сеніңіз, екіншісі, сол сенімді ақтау үшін бізге мүмкіндік беріңіз» деген екен. Мемлекет басшысы сонда осы екі өтінішті қабыл алыпты. Содан бері өткен төрт жыл «Қазақстан Аселсан инжиниринг» компаниясы ұжымының сол мәртебелі сенімді ақтап келе жатқанын айғақтап отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»