Торқалы той демекші, торқаның заты мата болса, сол торқа бүгінде біздің емес, өзгенің экономикасына қызмет етуде. Сапасы әртүрлі тең-тең мата Еренқабырғадан асып елімізге жеткенде, қазақтың пайдасына асып, өзінде жоқтың орнын толтырып, бір жыртықты жамаса жақсы ғой. Бірақ көбінде сол матаның мақсаты 2 метр, 3 метр болып жыртылып жиын-той, астарда пакеттерге салынып, одан кейін қоржын шоуларда таласып-тармасып алып, қайтадан пакеттерге салынып, айналымға түсіп аралап жүру. Не ол маталардан тігілетін киім жоқ, не бір өзгедей пәлендей пайдаға да аспайды. Яғни маталардың бітірері – айналымда жүру.
Өткенде қазақтың ақын қызы Оңайгүл Тұржан әлеуметтік желідегі парақшасында «Кім жазғанын білмеймін, кім де болса ең бір тамаша идеяны қозғаған екен, яғни Қытайды қаржыландыруды қою керек деген әңгіме, ендігі жерде осыдан қорытынды шығарса, біздің қазақ талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Ең бастысы қалтасындағы қаржысын үнемдер еді», деп қазақстандықтарға арналған орыс тілінде жазылған бір хаттың мәтінін беріпті. Сол жазбада алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Маңғыстау облысында құдалық пен тойларда киюге келмейтін ерлер жейдесін, қажетке жарамайтын тең-тең мата, самаурыннан жасалған әшекей, алтын мен арзымайтын небір нәрселерден сый беру тоқтатылады. Біздің еліміз әлемдік кеңістікте көшбасшы болуға ұмтылады. Бір-бірімізді қолдайық, қытай мануфактурасының таралуына жол бермейік. Мырзалар, көздеріңізді ашып, ойларыңызды оятыңыздар, біз IT-технологиялар жетілген ілгері заманда өмір сүрудеміз. Барлық облыс бізге қосылып, қолдау көрсетіңіздер. Елге зияннан басқа пайдасы жоқ дәстүрмен мүмкін осылай қоштасармыз. Тіпті дарақылығымызды біліп алған қытайлықтар сапасыз тауарларын осындай жиындар үшін көптеп шығару үстінде. Қазақтардың қорабының ішін ашып қарамай-ақ, өзге бір тойға апаратынын есептеп, арқасы жоқ, тек түймелері салынатын алдыңғы жағы ғана бар жарты жейделер шығарып, алдауға дейін баруда. Өзгенің экономикасына қаражат салып, өз әл-ауқатымызды төмендетпейікші, одан да ол ақшаны жас отбасының аяғынан тұрып кетуіне жұмсайық» деген хатты бөлісіпті.
Бір өтірігі жоқ, ып-рас дүние. Осы жолдарды оқып отырған қыз-келіншектер, айтыңызшы, үйіңізде қанша метр мата жатыр, қанша жейденің қорабын ашып, ішін қарадыңыз? Осы кезеңге дейін қанша метр матаны әрі апарып, бері алып келіп әуре-сарсаңға түсіп жүрсіз? Мейлі, жүрерсіз-ау, бірақ осынымыздың өзі өзге елдің, басқа жұрттардың экономикасына жұмыс істейтіні турасында ойланып көрдік пе?
Биыл жаз Түркияға демалысқа барғанда да қазақтың тойларына керекті дейтін мың түрлі, қырқы жиылып қыр аспайтын түрлі ұсақ-түйектің, қоржынның түр-түрінің толып тұрғанын көрдім. Сатып тұрған түрік менің айналып қалғанымды көріп, «Абла, той өткізесіз бе, менде қазақтың тойына керектің бәрі бар», деп жылмаң қағады. Журналистік әуестігіме басып, «Сонда мұны түріктер үшін емес, қазақтар үшін ғана сатасыз ба?» деймін. «Иә, әрине, қазақтар үшін, түріктердің той өткізу дәстүрі басқа. Бізде сіздердегідей аста-төк дастарқан да жайылмайды, текке керегі жоқ дүниелер де ешкімге сыйға тартылмайды, біз тойларда жиналып, билеп көңіл көтеріп қайтамыз», дейді.
Әрине, әр халықтың өз дәстүрі, өз мәдениеті бар, ол оның ұлттық ерекшелігі де, алайда дәл сол жерде мен өзіміздің той дегенде есіміз шығып кететін дарақы мінезімізді қорғап шыға алмадым. Тек қазақ дастарқанды тойда ғана емес, басқа уақытта да қонағына жаяды. Бар дәмдісін мейманына сақтайды, ол қазақ баласына бабадан мирас болған сыйластықты қадірлей білудің, қонақжайлылық, меймандостықты сақтаудың үлгісі, соның жоғалмай келе жатқаны. Бұрынғы қазақ көшкен жұртының ошағында қоламтасына ас көміп қалдырып, кім екені белгісіз жолаушының өзіне дәм татырған деп жауап бердім. Қазақы қалыпқа таңданған түрікке халқымыздың өте меймандос екендігін айтып, басын шайқатып кетсем де, қазаққа керек емес зат сатып, одан пайда тауып отырған өзге жұрттың барлығына сол жолы жаным ауырған болатын.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»