Үкімет • 26 Желтоқсан, 2017

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымының барысы, «Экспо-2017» көрмесінде көрсетілген технологияларды енгізу жайы, сондай-ақ «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар бірқатар заңнама жобалары талқыланды.

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Жылу беру маусымы туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Энергетика министрінің айтуынша, қазақстандық тұтынушылар электр және жылу қуатымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Орталық және жергілікті атқарушы органдар 5 қазанда өткен Үкімет отырысында айтылған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар жүргізген.

«Электр стансаларында биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 энергетикалық блок, 57 қазандық, 35 турбина, сондай-ақ 24 мың шақырым электр желісі жөнделді», деді Қ.Бозымбаев. Жалпы алғанда, отандық электр стансаларының отын қоймаларында 4,3 млн тоннадан астам көмір және 111 мың тонна мазут жиналған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Орталық жылумен қамту аумақтарының қазандықтарында көмір қоры 792,4 мың тоннаны, мазут – 108 мың тоннаны құрайды.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек көмір тасымалдаудың жайын мәлімдеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда көмір тасымалдауға арналған ашық вагон паркі 50 мыңнан астам бірлікті құрайтынын, жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері 43,5 млн тоннадан астам көмір тасымалданғанын, бұл жоспардың 98 пайызын құрайтынын атап өтті.

«Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер, жүк алушылар мен тасымалдаушы арасында ішкі республикалық тасымалда жүк жөнелту бойынша тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Жазғы уақытта көмір тасымалдау көлемінің тең бөлінуі қамтамасыз етілді», деді министр.

Жылыту маусымы өңірлерде де штаттық режимде жүріп жатыр. Қазіргі жағдай туралы облыс әкімдері мен Алматы, Астана қалаларының әкімдері қосымша баяндады. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жылу беру маусымының өту барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Экспо-2017» көрмесінде көрсетілген технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.

Қ.Бозымбаев айтып өткендей, Энергетика министрлігінің сараптамалық жұмыс тобы төрт бағыт бойынша «Экспо» көрмесінің шетелдік павильондарында көрсетілген 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеді.

Бұл тізім ұлттық және жекеменшік компанияларға, сондай-ақ әкімдіктерге технологияларды қарастыру және іріктеу үшін жіберілді. Бұдан өзге, барынша ақпараттандыру мақсатында технологиялар тізімі байланыс ақпараттарымен қоса Энергетика министрлігінің сайтында жарияланды.

«Әкімдіктер қазіргі уақытта енгізу үшін 40 технологияны іріктеп алды, оның төртеуі 2018 жылы енгізіледі. Ұлттық компаниялар енгізу мақсатында 15 технологияны іріктеп алды, оның екеуі 2018 жылы енгізіледі», деп атап өтті министр. Энергетика министрінің айтуынша, технологиялар тізімі әлі нақтыланады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз кезегінде «Экспо-2017» халықаралық көрмесі қазақстандық ғылымда, технологиялар трансферті мен білім беруді дамытуда жаңа идеялардың туындауына қуатты серпін бергенін атап өтті.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыстардың әкімдіктеріне жаңа технологияларды енгізу кезеңіне көшу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанда «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Атап өткендей, Smart City тұжырымдамасы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – еліміздің бес ірі қаласында – Smart Astana, Smart Karagandy, Smart Ontystuk, Smart Almaty, Smart Aktobe секілді Smart City-ді дамыту», деді Д.Абаев. Аталған жобалардың басты орындаушылары – өңірлер әкімдіктері.

Министр мемлекеттік бағдарлама аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті. Онда интернет заттар, жасанды зерде және т. б. секілді алдыңғы қатарлы технологияларды қолданатын жобалардың тізімі келтірілген. Сондай-ақ, құжат Smart City технологияларын енгізудің негізгі қағидаларын, тәсілдерін, мақсаттарын, басымдықтары мен міндеттерін анықтайды.

«Жобалар мемлекет-жекеменшік әріптестік, ақпараттандырудың сервистік моделі, бюджеттік қаржыландыру және жеке инвестициялар шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар жобаларды бенчмаркингті пайдалану, яғни үздік әлемдік және отандық тәжірибеге бағдарлау арқылы жүзеге асыру жоспарланған»,  деді Д.Абаев.

Жиында бұдан ары Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Smart City жобаларын енгізудің аймақтық тәжірибесі мен іске асырылу  барысы туралы айтып берді.

Ал отырыстың күн тәртібіндегі келесі мәселе – заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және 2018 жылға арналған жоспарының жобасы туралы Әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Министр Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарымен 28 заң жобасын әзірлеу көзделгенін, жыл бойы енгізілген түзетулерді ескере отырып,  22 заң жобасын әзірлеу жоспарланғанын жеткізді. Мәселені қарау қорытындысы бойынша заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары бірауыздан бекітілді. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев валютаны реттеу және валютаны бақылау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырды. Нәтижесінде ұсынылған заң жобасы қабылданды, енді  Парламент қарауына жіберіледі.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»