– Айгүл Стаханқызы, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше-елдердің стандарттарына көшуі туралы тапсырма бар. Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігі ЭЫДҰ-ның аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін бағалау өлшемдерінің бірі болып табылады. Аграрлық несие корпорациясының рөлі мен берілген көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берсеңіз?
– Қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдету – әсіресе ол ауылдық бизнеске қатысты болған жағдайда, Қазақстандағы жеке секторды дамытудың негізгі шарты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2001 жылдан бастап бәсекеге қабілетті ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыратын қолжетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. 2017 жылдың 26 желтоқсанына дейін корпорация 6868 агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін 143,4 млрд теңгеге қаржыландырды. Айта кету керек, осыдан бір жыл бұрын 5000 ауылшаруашылық тауар өндірушісін қаржыландырудың жалпы сомасы 113 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 27%-ға төмен.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі қаржыландыруға қол жеткізу бойынша ЭЫДҰ саясаты жөніндегі негізгі ұсыныс кредиттік серіктестіктер жүйесін дамыту болып табылады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі кредиттік серіктестіктер институты дамудың оң динамикасын көрсетіп отыр. 2001 жылдан бастап Қазақстанда шамамен 16 мың ауылшаруашылық тауар өндірушісін біріктірген 193 кредиттік серіктестік құрылды. Кредиттік серіктестіктердің аумақтық қамтуы бүгінде 93%-ды құрайды. Орташа алғанда, 1 кредиттік серіктестікке агроөнеркәсіп кешенінің 2800 субъектісі тиесілі. Ал ауылдық жерлердің банктік қызметтермен географиялық қамтылуы шектеулі. Яғни елімізде бір миллион тұрғынға 130 банк бөлімшесінен келеді. Бұл дегеніміз 7892 адамға 1 бөлімше жұмыс істейді деген сөз. Несиелік серіктестіктер пайда болған 16 жыл ішінде фермерлерге 241 миллиард теңгенің 40 мың несиесі берілген. Егер 2001 жылы орташа қарыз сомасы 5 миллион теңгені құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 11 миллион теңгені құрады.
– 2017 жылы басты агрошараларды өткізуге бөлінген бюджеттік кредит сомасы 60 млрд теңгені құрады. Оның 40 млрд теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы берді. Кредиттерді алу үшін пайыздық мөлшерлемелер оңтайландырылды ма немесе қандай да бір ерекше шарттар енгізілді ме? 2017 жылғы несиелендіру қорытындысы қандай?
– Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 1811 өтініш келіп түсті. Өтінімдер бойынша жалпы сома 75 млрд теңгені құрады. Бөлінген 60 млрд теңге сомасындағы жеңілдетілген қаражат толығымен игерілді. Бюджеттік қаражаттан бөлек, көктемгі егіс жұмыстары басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде корпорацияның өз қаражаты есебінен де қаржыландырылды. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 2009 жылдың басынан бері корпорация фермерлерді 175 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырды. Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін несие ставкалары біршама төмендетілді. Корпорацияның тікелей қарыз алушылары үшін пайыздық мөлшерлеме 2%-ға (ЖТСМ - 2%-дан бастап) дейін төмендетілді. Бұрын ол 5% болатын. Егер қарыз екінші деңгейлі банк арқылы алынса – 5% (ЖТСМ - 5%-дан бастап), ал несиелік серіктестіктер немесе микроқаржы ұйымдары арқылы – 6%-дан (ЖТСМ - 6%-дан бастап) жоғары болмайды.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ базасында, Германияның ауыл шаруашылығын және ауылдық аймақтарын дамыту бойынша қаржы саласындағы ең табысты институттарының бірі – «Rentenbank» ауылшаруашылық банкінің үлгісімен қаржылық институттарды қорландыру тетігін іске асыру көзделген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлерге кредит беру үшін екінші деңгейлі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдары мен лизингтік компанияларды қорландырмақ. Ал АӨК субъектілерін тікелей несиелеуді азайту үшін қандай шараларды қолға аласыздар?
– 2017 жылғы маусым айында корпорация және «Rentenbank» ынтымақтастық және қаржылық тәуекелдерді басқарудағы тәжірибелерімен алмасу жөнінде уағдаласты. Әлемдік жетекші рейтингтік агенттіктер – Moody ‘s Investors Service, Standard & Poor ‘s, Fitch Ratings-тердің бағалауы бойынша «Rentenbank» ең жоғары (ААА) ұзақ мерзімді рейтингіне ие болған. Бұл көрсеткіш Германия Федеративтік Республикасының бүкіл мемлекеттік рейтингіне сәйкес келеді. Негізі қаланған сәттен бастап «Rentenbank» бюджеттік қаржыландырудан жоспарлы түрде бірте-бірте алшақтай бастады. 20 жыл өткен соң халықаралық капитал нарығынан ақша тарта отырып мемлекеттік қаржыдан толығымен тәуелсіз болды. Бүгін «Rentenbank» тікелей кредит берумен айналыспайды. Ол қаржы институттарын қорландырып, сол арқылы агроөнеркәсіптік кешенге кредит беру нарығындағы бәсекелестікті ынталандыра түсті. Германияның бюджетінен тәуелсіз бола отырып, банк АӨК саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкес қаржыландыруды жүзеге асырады.
Осыған орай, Қазақстан агробизнесін несиелеуші корпорация үшін «Rentenbank»-тің көпжылдық тәжірибесі өте пайдалы болды. Жаңа Даму стратегиясына сәйкес Аграрлық несие корпорациясы 2026 жылға дейін қарыз алушыларды тікелей қаржыландырудан алшақтап, ең төменгі деңгейге дейін азайтпақ. Таяу жылдары корпорация фермерлерге кредит беру үшін екінші деңгейлі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдары мен лизингтік компанияларды қорландырып, жоспарлы түрде АӨК субъектілерін тікелей несиелеуді төмендетпек ниетте. 2016 жылы қаржы институттары арқылы қорландыру 49%-ды құрады, бұл ағымдағы жылдың көрсеткішінен 13%-ға төмен. Кредиттік серіктестіктер желісі бо-
йынша корпорация шаруаларды 48,2 млрд теңгеге, екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы 31,1 млрд. теңгеге қаржыландырды. Ал микроқаржы ұйымдары арқылы – 6,7 млрд теңге, лизингтік компаниялар арқылы 799 млн теңге сомасында қаржыландырды. Жоғарыда айтып өткендей, корпорация кредиттік серіктестіктерді 16 жылдан бері қаржыландырып келеді. Ауылдық қаржылық инфрақұрылымды дамытудың бірнеше негізгі артықшылықтары бар.
Біріншіден, аумақтық қамту, себебі қаржы институттары тікелей ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Екіншіден, ауылдық кредит беру нарығында бәсекелестікті дамыту. Кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер және лизингтік компаниялар бәсекелестерінен гөрі тиімдірек жағдайда болғандықтан пайыздық мөлшерлемелерін төмендете бастайды. Клиенттер үшін күрес ауылда несиелендіру саласында нарықтық қатынастарды қалыптастыруға әкеледі.
Тікелей қаржыландырудың азаюына жекеменшік қаржы компанияларының бұл нарықты бағындыра алу-алмауы да әсер етеді. Бастысы олар тек көлем мәселесінде ғана емес, АӨК-ті дамытуға мемлекет белгілеген басымдықтар шеңберінде де дайын болуы тиіс.
Бүгінгі күні «Яссы» (ОҚО) және «Целиноград» (Ақмола облысы) кредиттік серіктестіктері «АА» рейтингіне ие. Бұл кредиттік желі мөлшерін шектеп, түпкі қарыз алушылардың дербес қаржыландыруға лимит қоюды қарастырады.
– Несие алу үшін АӨК субъектілерінің жіберген құжаттарын онлайн-режімде қабылдайтын және өңдейтін автоматтандырылған жүйе туралы айтып берсеңіз?
– Өздеріңізге белгілі, «Қазагро» холдингі еліміздің ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін кредит ресурстарының қолжетімділігін кеңейту жөніндегі саясатын жүргізіп келеді. Мысалы, біздің еншілес компаниялардың кредиттік өнімдер легі кеңеюде. Ауылдағы бизнесті қаржыландыру үшін микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді қорландыру жүзеге асырылуда. Екінші деңгейлі банктерді аграрлық секторға тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылып отыр. Осы бағытта холдингтің несиелік өтінімдерді жинау және өңдеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуі өте орынды. Бұл жүйенің ерекшелігі неде? Қарыз алушы мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, несие ұсынатын холдинг компанияларының кеңселеріне бармай-ақ, уақытын және қаржылық шығындарын едәуір қысқартады. Яғни несие немесе лизинг алу үшін өтінімді онлайн режімде бере алады. Сонымен қатар фермер жаңа технология ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзінің «Жеке кабинетінде» отырып-ақ өтінімнің қаралуын қадағалауға, кері байланыс жасауға мүмкіндік алады. Енгізіліп жатқан жүйе «ҚазАгро» компаниялар тобы бойынша көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен ыңғайлы процесті ғана ұсынып қоймайды, сондай-ақ бюрократиялық процедураларды, сыбайлас жемқорлық факторларын азайтады.
Электронды форматтағы несие өтінімін беру процесі үш қадамнан тұрады: клиент «ҚазАгро» ұлттық холдингінің интернет-порталында мақсаты мен бағдарламасын таңдайды. Сосын құқықтары белгіленген құжаттарды тіркейді, таңдаған кредит беру шарттарын тексереді де жібереді. Содан кейін жинақталған электронды несие өтінімі тиісті еншілес ұйымға түседі. Қарыз алушы кредиттік өтінімінің қалай қаралып жатқанын және нәтижелерін білу үшін холдингтің порталына кіріп, «Жеке кабинетінде» бақылай алады. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда кредиттік менеджер клиентке «онлайн-режімде» хабарлама жібереді. Тұтынушы кредиттік өтінімін құжаттармен толықтыра алады. Электронды жүйені енгізу «Қазагро» мамандарына құжаттарды электронды үлгіде алуға, жобаларды қарау мерзімін азайтуға, шаруалардың «бір терезе» принципі бойынша қызмет көрсетуге көшуге, яғни оны автоматтандыруға мүмкіндік береді. Несиелік өтінімдерді жинау және өңдеу жүйесін пайдалануға ыңғайлы болуы үшін фермерлерге көмек ретінде холдинг әдістеме-нұсқаулық дайындады. Оны «Қазагро» интернет-порталынан көруге және өзіңізге жүктеп алуыңызға болады.
– Айгүл Стаханқызы, кезінде корпорация ауылдық кәсіпкерлерге өндірістің қаржы секторына өтіп, сауатты менеджерлер болуына көмектескен драйвер рөлін атқарды. 2000-шы жылдардың басындағы және қазіргі фермерлердің айырмашылығы бар ма? Олармен жұмыс істеу барысында компанияда қиындықтар туындаған жоқ па?
– Кезінде, бұдан 17 жыл бұрын фермерлер жаңа қаржы құралдарымен алғаш танысты. Алайда оны пайдалана отырып өз бизнесін айтарлықтай жақсарту оңай болған жоқ. Проблема қаржылық сауаттылықта ғана емес, сондай-ақ терминологиялық біліктілікте де болды. Бүгінгі фермерлердің көпшілігі – бизнес-жоспар жасауға қабілетті, тәуекелдерді есептеу, кредит беруші компаниялардың неғұрлым қолайлы шарттарын таңдай білетін сауатты менеджерлер. Бүгінде шаруалар еліміздің нарығын зерттейді, жаңалықтарды қадағалайды, көрмелерге, форумдарға қатысады. Онда өзара және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасады. Біз қазақстандық фермерлердің белсенділігін көріп отырмыз. Бұл бізді қуантады.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін республиканың барлық облыстарында ғылыми-практикалық семинарлар өткізіп жүрген «Атамекен» ҰКП-ның Агробіліктілік орталығының жұмыс істегеніне екі жыл болды. Корпорация халықаралық серіктес-институттармен, «Атамекен» ҰКП, қауымдастықтар және басқа да салалық ұйымдармен ынтымақтасып, өзінің базасында Біліктілік орталығын құруды жоспарлап отыр. Жаңадан бастаған фермерлер үшін несие ресімдеу кезіндегі негізгі проблема – кепіл мүліктің болмауы немесе бағалау құнының төмен болуы. Бірақ корпорацияда және кредиттік серіктестіктерде шаруашылық ғимараттар, жер, ауылшаруашылық техникасы және т. б. дүниелер кепіл ретінде қабылданады. Ал кредиттік өтінімдерді қарау мерзімдеріне келетін болсақ, бұл жерде түсіндіріп кететін нәрсе, Аграрлық несие корпорациясы – екінші деңгейлі банктер сияқты қаржы институты. Кез келген банк кредит берместен бұрын қарыз алушының несиелік тарихын, қаржылық әл-ауқатын тексереді. Өйткені кредиттік тәуекелдер деген түсінік бар. Кейде қайтарымсыз несиелер, қаржыны мақсатсыз пайдаланулар болады.
Бұрын ауылда жұмыс істеудің қадірі, беделі жоқ болып саналатын. Бүгінде басқаша үрдіс байқалады. Қала тұрғындары мегаполистерді тастап, ауылда бизнес ашуға кетіп жатыр. Білімді жас азаматтардың көп салымдарды талап етпейтін ауыл бизнесіне жаңа идеялармен барып жатқаны қуантады. 2017 жылы ауыл шаруашылығындағы жаңа кәсіпорындардың саны артып, мыңнан асты. Жаңадан ашылған компаниялардың көптігінен агроөнеркәсіп кешені саласы үздіктердің қатарында. Бұл адамдардың ауылдық жерлерде бизнес ашуға құлшынысының жарқын үлгісі. Ауыл шаруашылығына несие беру жүйесі шыққан жылдардан бастап қалыптасқан корпорацияның басты жұмыс қағидасы – фермерлермен әрқашан тікелей, ашық байланыста болу, түсінісу. Ең алдымен, оларға Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын көтеру үшін барынша жайлы, ыңғайлы жағдай жасау.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»