ЭКСПО-2017 • 29 Желтоқсан, 2017

Жылдың айтулы оқиғасы - шоқтығы биік, ауқымы алып ЭКСПО-2017

645 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарих қойнауына кіргелі тұрған 2017 жыл егемен еліміздің ширек ғасырдан асқан шерулі шежіресінде соны соқпақтармен сомдалған сындарлы оқиғалар қалдырғаны анық. Соның ішіндегі шоқтығы биік, ауқымы алып ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. 

Жылдың айтулы оқиғасы - шоқтығы биік, ауқымы алып ЭКСПО-2017

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Барыс бейнелі болашағына батыл қадам бас­қан тәуелсіз Қазақстанның жыл ішіндегі басқа же­тіс­­тіктерін былай қойғанда, төрт құбыласы түгел да­мыған елдердің де қолынан келе бермейтін жа­һандық шараны зор табыспен, Халықаралық көр­мелер бюросының Бас хатшысының берген бағасы бойынша, «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткізуі еліміздің әлемдік аренадағы абыройын тағы бір асқақтатып, берік бірлігі мен қуатты әлеуетін паш етті. 

Бүкіләлемдік көрмелер бюросының қос ға­сыр­­лық шежіресінде Орталық Азияда, тіпті ТМД мем­лекеттерінің ішінде алғаш рет тәуелсіз Қазақ­стан­ның бас қаласы – ару Астанада өткізілген ЭКСПО-2017 көр­месінің тарихы әлі талай-талай таразыланып, мәні мен маңызы жаһандық мінберлерде түйінделері хақ. Бүгін біз елдіктің ерен жетістігіне айналған жаһандық көрменің салтанатты жабылуынан кейінгі кезеңдегі алғашқы жемістерін тілге тиек етуді жөн көрдік. 

Дуалы ауыз сарапшылардың пайымдауынша, «Болашақтың энергиясы» атты бүкіладамзаттық жалпы ұранмен өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жаһандық энергетиканың жаңа модель­дерін жасауға тың серпін берді. Әсіресе бүкіл планетаның жаңғырмалы энергия көздерін ашу мақсатындағы ізденістері барынша жанданды. Мәселен биылғы күзде Аустралияда күн энергиясы панельдерін өндіріске енгізу қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейде дамыды. Тек 2017 жылдың қараша айында ғана бұл елде тұрғын үйлердің және бизнес ғимараттардың шатырына жалпы қуаты 120 МВт болатын шағын күн стансалары орнатылыпты. 

Жақында Еуропада «Microsoft» корпорация­сының қатысуымен жаңғырмалы қуат көздерін дамыту бағытындағы ірі келісімге қол қойылды. Атақты Vattenfall корпорациясы қуаты 180 МВт болатын жел электр стансалары өндірген электр энергиясын 10 жыл бойы тұрақты түрде сатып алатын болды. Engineering News агенттігінің мәлім­деуінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша кәрі құрлықта жел энергетикасын дамыту бірнеше есе артқан көрінеді. Оңтүстік Африкада өткен әлемдік конференцияда жаһандық жел энергетикасы кеңесінің (GWEC) басшысы Стив Савье 2017 жылдың соңында дүние жүзіндегі жел электр стансаларының қуаты 530-540 ГВт-ға дейін өсетінін мәлімдеді. Бұл жаңғырмалы электр қуатын өндіру саласындағы соңғы жылдары қол жеткізілген зор жетістік болып табылады. 

Қазіргі кезде Қазақстанда ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесінде алғаш рет та­ныстырылған технологияларды өндіріске енгізу мақ­сатындағы кешенді жұмыстар қолға алынуда. Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаевтың айту­ынша, жаңғырмалы қуат көзін өндіру, энергия үнем­деу, «ақылды жүйелер» құрылысы, тұрмыстық қал­дық­тарды реттеу, су көздерін тазалау, ауа сапасын бақылау бағыттарында ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған 105 жаңа технологияны өндіріске енгізу жұмысы басталмақ. Мәселен Қарағанды облысында осы мақсаттағы 31 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Жақын арада Финляндия зауытының жабдықтары бойынша қатты тұрмыстық заттарды қайта өңдейтін жаңа зауыт құрылысы салынбақ. Жалпы, Қарағанды өңірінде 2020 жылға таман «жасыл» энергетика саласындағы алты жаңа жоба пайдалануға берілмек. Осының нәтижесінде жаңғырмалы қуат көздерінің көлемі 261 МВт-ға жететін болады. 

Алматы облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жұмысы 30 пайызға арттырылатын болады. Осының нәтижесінде өңірдегі күл-қоқыс орындары 354-тен 16-ға дейін қысқарады. Ақмола облысының «Родина» ЖШС-да орнатылған жел энергиясын өндіру қондырғыларының қуатын 45 МВт-ға дейін арттыру көзделіп отыр. «Степногор-Водаканал» МКК ауыз суды тазарту қондырғыларын жаңғырту мақсатында ЭКСПО-2017 көрмесінде қойылған озық технологияларды пайдалануға бетбұрыс жасады. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің жетістіктерін жаппай өндіріске енгізу жұмысы Елбасының елімізді «жасыл экономика» бағытына көшіру жөніндегі бастамасымен үндеседі. Көрмеден кейін елімізде бұл өзекті мәселе бойынша түбегейлі бетбұрыс басталды. Бұл ретте Елбасы «ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жал­пы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық дең­гейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенім­ді­мін», деп атап көрсетті. 

Жаһандық көрме қазақстандық ғылым саласында креативті идеялар мен жаңа ізденістер әкелді. Оған ЭКСПО-2017 көрмесіндегі еліміздің ұлттық павильоны – «Нұр Әлемде» паш етілген ғылыми жобалар нақты дәлел бола алады. Мұнда ел энергетикасының ертеңін айқындайтын отызға тарта озық технологиялық жаңалық көрініс тапты. Қазақстандық өнертапқыштар мен ғалымдардың жаңғырмалы қуат көздері арқылы электр энергиясын өндіруді арттыру мақсатындағы бірқатар тың жобалары қазірдің өзінде іс жүзіне асырылуда. Міне, елдіктің ерен жетістігіне айналған ЭКСПО-2017 көрмесінің жыл ішінде жаһандық және қазақстандық энергетика өндірісін дамытуға тигізген алғашқы табыстары осындай. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»