Оның ішінде ежелден шекаралас жатқан елдермен мемлекеттік шекараларымызды заңды түрде және халықаралық құжаттар негізінде бекітіп алғанымыз – ерекше жетістік. Осы жақында ғана Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекараны белгілеу туралы шартқа және мемлекеттік шекара режімі туралы келісімге қол қойды. Бұлар Қазақстан дипломатиясының аса үлкен жеңісі.
Тәуелсіз елдің ең басты белгісі – заңды түрде белгіленген өз территориясының болуы. Өйткені өткен замандарда, тіпті қазіргі уақыттың өзінде де шекаралас елдердің арасында жер үшін қарулы қақтығыстар, қанды шайқастар болғаны белгілі. Осыны әуел бастан ескерген Елбасымыз 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғаннан кейінгі Бас Ассамблеяның 47-сессиясында сөйлеген сөзінде қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың зардаптары зор болуы ықтималдығын айтқан еді. «Шекаралар жөніндегі мәселе – кез келген сәтте жарылуы мүмкін оқ-дәрі қоймасы сияқты екенін түсіну қиын емес. Ал оның жалыны әдетте отпен ойнаушыны ғана емес, оған мүлде қатысы жоқтарды да шарпиды», деп атап өткен еді сонда Қазақстан Президенті.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң Мемлекет басшысы Қазақстан дипломатиялық қызметінің алдына стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызды міндет – шектес мемлекеттердің барлығымен шекаралық шептерді анықтап, құжаттау міндетін қойды. «Бұл жұмыстарды Нұрсұлтан Әбішұлының өзі басқарды. Әрбір деталға мән беріп, жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде табандылық танытты, әр мәселе бойынша біздің шекарамызды сенімді түрде негіздеп отырды», – деп жазады Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәуір тудырған Елбасы» деген мақаласында. Осылайша Қазақстан ең алдымен Қытаймен, содан кейін көршілес мемлекеттер – Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресеймен мемлекеттік шекара мәселесін реттеуді қолға алды.
Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағанға дейін Қытаймен келіссөздерді КСРО-ның ҚХР-мен шекаралас одақтас республикалары өкілдерінің қатысуымен құрылған кеңестік үкіметтік делегация жүргізіп келген еді. Ал 1992 жылы КСРО үкіметтік делегациясының орнына ҚХР-мен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің бірлескен делегациясы құрылды.
Келіссөздер процесінің негізінде Ресей империясы мен Қытай арасында ХІХ ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар алынды. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның жергілікті жерде шекаралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап әрі егжей-тегжейлі сипаттап берген халықаралық шарттар жасалды. Олар – Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан мен Қытай арасындағы 1994 жылғы 26 сәуірдегі келісім; Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1997 жылғы 24 қыркүйектегі қосымша келісім және Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1998 жылғы 4 шілдедегі қосымша келісім.
Жалпы, Қазақстан-Қытай шекарасының айқындалу тарихы ұзақ, кемінде үш ғасырды қамтиды. Ал құжат бойынша ресімделе басталуының өзі бір жарым ғасырдан асыпты. Ол кезде Қазақ жері Ресей империясының құрамында болғаны белгілі. Сол кезеңдерде Ресей мен Қытай арасындағы шекара заңды тұрғыдан құжатталған екен. Оның өзі Ресей мен Цин империясының Орталық Азиядағы геосаяси мүдделеріне байланысты болса керек... Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Ресей мен Қытай арасындағы аумақтық шекараға қатысты келіссөздер 1862 жылы Шәуешекте басталған. Оның қорытындысы туралы хаттамаға 1864 жылы қол қойылыпты. Осы құжат бойынша қазақтар аумақтық шектеу бекітілген кезде олардың көшіп барған жерлері қай елдің аумағында қалса, сол елдің адамдары саналатын болып белгіленген.
Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараның дау-дамайсыз реттелуін айтқанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылдың қазанында Қытайға алғаш рет жасаған ресми сапарының ерекше маңызды болғанын атап өтуіміз қажет. ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзин Цзэминь Қазақстан Президентінің шекараны заңдық негізде қағазға түсіру жөніндегі ұсынысына бірден қолдау білдірді. Сондай-ақ ол келіссөз барысында Қытай Қазақстанға территориялық талаптар қоймайтынын, шекара мәселелерін келіссөздер жолымен, тең құқықтылық қағидаты бойынша өзара мәмілеге келу негізінде шешуге болатынын мәлімдеген еді. Қытаймен мемлекеттік шекараны демаркациялау процесін Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының үкіметтерінен құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен демаркациялық комиссиясы жүзеге асырды. Демаркациялық жұмыстар 1996 жылдың шілдесінен бастап 2001 жылғы желтоқсанға дейін жүргізілді. Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 1783 шақырымды құрайды. Шекара сызығы 688 шекаралық белгілермен белгіленген.
Көршілес мемлекеттер – Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясымен арадағы шекараны межелеуді тану қағидаттарына құқықтық құжаттар ретінде 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясы, 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қағидаттарын сақтау туралы декларация, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын сақтау туралы декларация, басқа да екіжақты құжаттар, сондай-ақ одақтық және республикалық деңгейдегі жоғарғы кеңестердің заң актілері алынды. Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ мәселе, ондағы кейбір учаскелердегі іс жүзінде орныққан шекара сызықтары қолда бар құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмейтіндігі еді. Мұндай жағдайда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, аумақтарды теңдей бөлісті және алмасты.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі үкіметтік комиссиясының құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдерін кіргізе отырып, тиісті үкіметтік делегацияларды жасақтап отырды. Сарапшы ретінде әртүрлі мекемелердің мамандары тартылды, геодезистер, картографтар, жерге орналастырушылар мен гидрологтардан жұмыс топтары құрылды. Сондай-ақ Орталық мемлекеттік мұрағаттағы, министрліктер мен ведомстволардағы, арнайы мекемелердегі құқықтық база мен онда бар материалдар түпкілікті зерттеліп, әрбір мемлекетпен келіссөздер жүргізудің қағидаттары мен әдістемесі жасалды. Делегацияның мүшелері, сонымен қатар жұмыс топтарының өкілдері қажет кезде жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен және басшылармен кездесіп отырды. Халыққа ақпарат беру мақсатында келіссөздер процесі барысында баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар берілді. Қажет болған жағдайда жергілікті жерлерге далалық сапарлар ұйымдастырылып, шекара белдеуін әуеден және ғарыштан суретке түсірулер және басқа да іс-шаралар жүзеге асырылды.
Таратып айтар болсақ, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Анықталған күрделі учаскелер мен тараптардың ұсыныстары өзара сыйластық және тең құқылық қағидаттарының негізінде жергілікті халықтың мүдделері ескеріле отырып шешілді. Делимитациялау процесін екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – шекараның бүкіл ұзындығының 96 пайызын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шартты дайындау. Екінші кезең – бірлескен шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шартты әзірлеу. Бұл шарттар 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді. Мемлекеттік шекараны демаркациялау 2003 жылы, ал далалық жұмыстар 2004 жылдың сәуірінде басталды. Тараптар шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінен аяқтады.
Қазақстан мен Түрікмен мемлекеттік шекарасына келсек, 2001 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында Қазақстан мен Түрікменстанның Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа Мемлекет басшылары қол қойған болатын. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы келіссөздер сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті. Тараптар 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгерту туралы ешбір ұсыныс білдірмеді. Шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды, шекаралық белгілерді орнатуға 2005 жылы кірісті. Тараптар шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінде аяқтады. Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзындығы 468,3 шақырымды құрайды.
Қазақстан Республикасы пен Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінде басталды. Келіссөздердің Астанада, Мәскеу мен Алматыда ғана емес, Қазақстанның шекарадағы жеті облысының орталықтарында, сондай-ақ Семей қаласында, Ресейдің шекаралық өңірлеріндегі тоғыз қаласында, сонымен қатар Санкт-Петербургте өткізілгені мәселені сол жерде қарастырып, саяси-экономикалық, заңдық, географиялық, тарихи-мәдени, ұлттық және басқа да қырынан нақты талдау жасауға жағдай жасады.
Қазақстан-Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялауға бес жарым жылдай уақыт кетті. Осы жылдарда келіссөздердің 50 раунды, оның ішінде делегациялардың 26 кеңейтілген отырысы, жұмыс топтарының 13 кездесуі өткен екен. Бұл екі мемлекеттің шекараларын ресімдеуде аса ауқымды жұмыстардың атқарылғанын білдіреді. Оның үстіне Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара болып табылады. Оның ұзындығы – 7591 шақырым. Ал Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекаралары туралы шартқа Мемлекет басшылары Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары барысында, яғни 2005 жылдың 18 қаңтарында қол қойды. «Ғасыр шарты» аталған осы құжатқа қол қоюмен Қазақстан өзінің құрлықтағы шекарасын бүкіл өн бойында құқықтық негізде ресімдеуді аяқтады. Шарт 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енді.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүкте бар. Үшжақты форматта қол қойылып, күшіне енген келісімдер мыналар – Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы төрт мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы келісім; Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім. Қазіргі кезде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің ауданы туралы шартқа қол қою жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Ал Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 13383 шақырымға созылып жатыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»