Жақсы жаңалықты оқытушылар мен ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысында оқу орнының ректоры Алтынбек Нухұлы хабарлады. Жаңа мәртебесін алу құрметіне арналған қуанышты күнге педагогика саласының ардагерлері шақырылды.
- Біздің оқу орны үшін бұл ұзақ күткен және баға жетпес марапат. Бұл мәртебе енді үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Алдағы уақытта магистратура және докторантураның бірнеше мамандықтарын ашамыз, - дейді университет ректоры.
Болашақта университет өңірден шыққан ақын Сәбит Дөнентаев, ұлы қайраткер Мұса Шорманов, Қаныш Сәтбаевтың ағасы Әбікей Сәтбаев сияқты ғұламалардың бірінің есімімен аталуы да мүмкін. Университет алдында қазақ жерінің ағартушылары Мұса Шорманов пен Әбікей Сәтбаевқа бюст орнатылған.
Облыс орталығындағы педагогикалық институт (ППИ) 1962 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Осы жылдар ішінде жүздеген маман педагогтарды дайындап келеді. Еліміздің бәсекеге қабілетті болашақ мамандарды даярлауға енді университет мәртебесін алуы да мүмкіндік береді.
Қазір оқу орнында 4500- студент білім алуда. Биыл 1700 студент оқуға қабылданып, оның ішінде 700-і грант алды. Еліміздегі «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылуда.Сондай-ақ, университет құрамынан колледж ашу да жоспарлануда. Алтынбек Нұхұлының айтуынша, «Мектепке дейінгі және орта білім беру мәселесіне» арналған барлық облыс директорларының қатысуымен өтетін алғашқы аймақтық педагогикалық форум наурыз айында өтеді.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар